Күдікті өз кінәсін мойындап, заттай дәлелдеме тәркіленді.
Астанада ер адам көршісінің үйіне ұрлыққа түскен
1,054
оқылды

Астанада көршісінің үйіне ұрлыққа түскен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Сарыарқа ауданы ПБ Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 28 жастағы шетел азаматы анықталды.

Тергеу барысында ер адамның елордада пәтер жалдап тұратыны белгілі болды. Таңертеңгілік уақытта ол көршісінің итін серуендетуге алып бара жатқанын және пәтерінің есігін жабуды ұмытып кеткенін байқайды.

Қолайлы сәтті пайдаланған қаскүнем үйге кіріп, сөреде тұрған Redmi Note 10 телефонын жасырын алып кеткен. Таңғы серуеннен келген жәбірленуші гаджетінің жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген. Аталған фактіге байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдікті өз кінәсін мойындап, заттай дәлелдеме тәркіленді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, үйдің есігін ашық және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.