Қазақ киноиндустрия­сында рөлі ар­қылы «балалық кезеңнің нос­тальгиясы» ретінде көптің жадында ерекше сақталатын таланттар болады.
Мерей Мақажан, актриса: Nickelodeon өнімін көріп өстім
234
оқылды

Соның бірі – Мерей Мақажан. Жастайынан сан түрлі кинотуындыларда басты рөлдерімен көзге түсіп, өнер әлемінде бағы жанған ару көрерменнің көзайымына айналып үл­герді. Таяуда Мереймен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мерей, кино әлеміне алғаш қадам бас­қаныңызға он үш жылдан асық уақыт өтіпті. Отандық киноиндустрияда бала кезінен бастап бағы мен бабы қатар шапқан талантты актри­салардың бірі өзіңізсіз. Әңгімемізді ең алдымен шығармашылық тынысыңыздан бастасақ.

– Биыл жаз айларында екі телехикаяға түстім. Қазір екі телехикаяның да түсірілімі өз мәресіне жетті. Туындыны осы жылы күз, қыс айларында «Алматы» және «Астана» телеар­наларынан эфирге беру жоспарланған. Ал алда келе жатқан өзге де жобалар әзірге құпия болып қалсын.

– Кешегі бала Мерей мен бүгінде бір емес, бірнеше фильм мен телехикаяда бой көрсеткен танымал актрисаның арасында нендей айыр­машылық бар? 

– Иә, расында, бала Мерей мен қазіргі Ме­­рейдің арасында айырмашылық көп деп айтар едім. Кино әлеміне енді ғана қадам бас­қан Мерей әлі көпті көрмеген, айнала­­сындағы адамдарды толық танып, білмейтін, өзінің кіш­­­­­кентай әлемінде жүрген жан еді. Қазір ара­­­дан он үш жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт ара­­­­­лығында өмірде де, өнер жолында да жаңа адамдарды кезіктірдім, жаңа тәжірибе жина­дым. Есейген сайын осынау өзгерістің барлы­ғы ішкі жан дүниеме әсер етті. Сон­дықтан бү­­­­­гін­гі Мерейдің ішкі әлемі өзгерген болар, бәлкім. 

– Таяуда «Хабар» арнасынан ұсынылған «Қара жәшік» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдағаныңыздан хабардармыз. Аталған телехикаяның кастингінен қалай өттіңіз? Ре­жис­сер басты рөлді сомдайтын актрисаның бо­йынан қандай қасиеттерді талап етті?

– Жаз айларында «Қара жәшік» телехи­кая­­сының режиссері Әсет Жұмақанмен «Ар­ман қала» телехикаясының түсірілім алаңында бірге жұмыс істедік. Ол бұл телехикаяның кас­­­­­тингінде режиссер қызметін атқарды. Тү­сір­і­лім уақытында режиссер мені кезекті жоба­­сының кейіпкері ретінде көргісі келген екен. «Арман қала» телехикаясын түсіру бары­сында ол маған мектеп оқушыларына қатысты телехикая түсіргелі отырғанын және басты рөлде мені көргісі келетінін айтып ұсыныс білдірді. «Қара жәшік» телехикаясы бүгінгінің өзекті мәселесін қозғайды. «Арман қала» негі­зінен комедия жанрына құрылса, керісінше, «Қара жәшік» ауыр тақырыпты арқау еткен. Телехикаядағы кейіпкерлердің рөлі де өзгеше. Сонымен, жазда түсірілім аяқталған соң «Қара жәшіктің» кастингінде бағымды сынап көру үшін видео түсіруге көштім. Әрине, бұл еш қиындықсыз өтетін кастинг болған жоқ. Мұн­да менен өзге қаншама қыз болды. Кастинг аяқталғаннан кейін продюсер мен режиссер егер телехикая мазмұны маған ұнаса, сондай-ақ тақырыптың өзектілігі қызықтырса, онда телехикаяның түсірілім алаңында күтетінін айтты. Расында, «Қара жәшіктің» көтерген тақырыбы маған ұнады. Себебі мұндай күрделі туындыларды Қазақстанда бұрын-соңды көр­ген емеспін. Қазір кезінде көптің шуын ту­­ғызған «Синий кит» сынды балалардың сана­сын улайтын ойындар пайда болып жатыр. Сондықтан бұл қоғамдық маңызы зор әрі ба­ла­­лар мен жасөспірімдер үшін өте қажет тақы­рып деп ойлаймын. Мен телехикаяда рөлімді сомдауға ойланбастан келісімімді бердім. Бірақ алғашында анам мен әкем түсірілімге қатысуыма қарсы болды. Себебі телехикая қыркүйек айында түсірілді. Ал ата-анам маған мекептегі сабақтан қалмауымды, тапсыр­­маларды жіберіп алмауымды жиі ескертетін.

– Телехикаяның сценарийімен алдын ала танысып алдыңыз ба? Осы тұста ата-анаңыздың тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ па?

– Иә, мамандар телехикая сценарийін маған алдын ала жіберді. Мен ең бірінші анама телехикая қайтыс болған қыздың өмірі туралы екенін айтып ескерттім. Бірақ анам алғашында қорықты. Содан бері ол қатты ойланып, «мүмкін тағы да ойланып көрерсің» деп мен үшін алаңдайтын. Өйткені кейбірінде мынадай теріс түсінік қалыптасқан: сен экранда қандай рөл сомдасаң, болашақта кейіпкердің оқиғасы өміріңде қайталанып келуі мүмкін. Тіпті анам телехикаяны экраннан қараған уақытта кейбір сахналарды көзін жұмып тамашалады. Дегенмен актрисалық өнер – менің мамандығым болғаннан кейін, мұндай ауыр сахналарға кәсіби маман ретінде қарауға тырысамын.

Отбасы тыныш болса, баланың әлемі де жарқын болады

– Жасөспірімнің бойындағы ауыр психо­логиялық «травмалардың» алдын алу, мектеп қа­­­­­­бырғасындағы оқушылардың тәрбиесі, қо­ғам­­дағы буллинг мәселелерін алға тартқан драма жанрын­дағы туындыдан өзіңіз қандай ой түй­­ді­ңіз? Бұл тақырып қоғамда қаншалықты өзекті?

– Телехикаядан түйгенім, қандай жағ­дай болмасын ата-ана мен бала ара­сындағы қа­рым-қатынастың жақсы болуы маңызды. Ата-ана мен бала бір-біріне ашық болғаны жөн. Өкініштісі, кейбір ата-аналар үйдегі ба­лаларының мәселелеріне көз жұ­мып қа­рай­ды немесе балалар ата-анасының өмі­рін­де қандай жағдай болып жатқанынан бей­хабар. Телехикая арқылы кез келген ата-ана баланың мәселесіне түсіністікпен қарауы қажет екенін ұғын­дым. Мәселен, телехикая­­дағы Айым мектептегі буллингті, өміріндегі жағ­дайларды анасына дер кезінде айтса, ал анасы қызын түсініп, қол­дау та­нытқанда жағдай басқаша болар ма еді?.. Әрине, анасы мен қызының ара­сында махаббат болды. Бірақ баланың ата-анасына деген сенімі бол­ған жоқ. Сон­дық­тан ата-ана баланың санасында қа­­лып­тасып қал­­ған «олар мені түсінбейді» деген түсініктен арылуға әсер етуі тиіс. От­­­­басы инсти­ту­тын­дағы тәрбиенің маңызы өте зор. Отан от­басынан басталады. Жанұяда барлығы тыныш болса, баланың ай­наласымен қарым-қатынасы да қалыпты болмақ. Де­генмен мәселенің барлы­ғын отбасындағы тәрбиеге ысырып қоюға бол­майды, одан бөлек күн­делікті араласатын ортаның қысымы да адамға әсер етпей қой­майды. 

– Телехикая қазіргі қоғамның ащы шын­­дығын кейіпкерлердің өмірі арқылы көрерменге жеткізген туынды. Түсірілім барысында өз өміріңізде болған жағдайларға ұқсас оқиғалар кездесті ме?

– Жеке өзім буллинг оқиғаларына ұшы­рап көрмедім. Алайда қыздардың ара­сындағы буллинг жағдайы таныс құр­бымның басынан өтті. Өмірімде мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген соң түсірілім барысында қыздармен төбелесетін сахнаның алдында құрбымнан кеңес сұрайтынмын. Сол сахнада рөлімді сом­­дау барысында неліктен қыздар мәселені ше­шу үшін жұдырық сілтеуге дейін барады деген сұрақ пайда болатын. Мәселенің байы­­бына бармай жұды­рық­тасудың не қажеті бар, неге сөзбен шешпеске?..

– Сұхбаттарыңыздың бірінде өнерге келуіңізге әкеңіздің ықпалы бар екенін, яғни ең алғаш кастингке әкеңіз ертіп апарғанын айтып қалдыңыз. Актрисалық қабілет әулеттен дарыған өнер ме, әлде жеке қызығушылығыңыздың арқасында пайда болды ма? Осы ретте кино саласымен тұтас бір династия айналысты ма деген сауал туындайды.

– Менің әкем мен әпкем кино саласында өзін сынап көрген өнер адамдары. Актрисалық қабілет бойыма әкемнен дарыды. Анам мен ағам өнерге аса жақын жандар емес. Олар кадрдың сыртында жүргенді ұнатады. Қазір әпкем Жанель Мақажанның балалары да өнерге жақын болып өсіп келеді. Өнерге келуіме әкем мүлдем қарсылық танытқан емес. Бала кезімде ең алғашқы кастингіме де әкем ертіп апарған еді. Сол кезде әкем: «Кастинг ұнаса, актрисалық өнерді әрі қарай дамытып алып кетсең болады, егер ұнамаса, мен сені мәжбүрлемеймін. Өзің қалаған басқа салаға бар. Мен сені әркез қолдап жүремін», – деп айтқаны есімде. 

Тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер еткен әйел тұлғалар көп 

– Болашақта өзіңізді киноның қай жанрында байқап көргіңіз келеді? Арманыңыздағы рөл қандай? 

– Келешекте тарихи тұлғалардың рөлін сомдағым келеді. Расында тарихи фильмдердің атмосферасы өзгеше. Фильмнің көрерменге жеткізер ойы бір төбе, ал түсірілімге дайындық барысы, декорация мен грим жұмысының өзі тіптен ерекше. Достарым типажымның тарихи фильмдерге, соның ішінде қазақ қыздарының болмысына көбірек жақын келетінін айтады. Байқасаңыз, отандық киноиндустрияда әйел туралы фильмдер некен-саяқ. Алайда өткенімізге көз жүгіртіп қарасақ, тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер еткен әйел тұлғалар көп. Солардың бірі Хадиша Бөкеева, Шара Жиенқұлова және т.б атап өтуге болады. 

– Әрбір актердің тәжірибесінде бұрын-соңды сомдап көрмеген рөлге дайындық бары­сында өзіндік тактикасы болатыны рас. Кейбірі түсірілім басталар алдында рөлге ену үшін уа­қыт­ша үнсіздік алса, бірі достарымен жиі кезде­сіп, уақытын көңілді өткізгенді құп көреді. Ал сіздің рөлге дайындық процесіндегі ритуа­лыңыз қандай?

– Егер мен сомдайтын кезекті кейіпкер бұ­рын-соңды ойнап көрмеген рөлдердің бірі болса, кейіпкерді біршама уақыт зерттеймін. Мәселен, метрода жүрген уақытта кейіп­керіме ұқсас адамды жолықтыруым мүмкін. Тіпті, академияда оқып жүрген кездері ай­наламдағы адамдарды жан-жақты бақы­лаймын. Әртүрлі типаждағы адамдардың әрқайсысынан рөліме қажет қырларын алғым келеді. Кейде болмы­­сы, мінез-құлқы рөліме ұқсас жандарды бай­қа­сам, оларды жақсы түсіну үшін барынша тіл та­­бысуға тырысамын. Себебі бұл алдағы түсі­рілімде рөлімді ойда­ғыдай сомдап шығуға әсер етеді. Кейіпкердің жан дүниесіне кіру үшін, сол жанға ұқсас адамды өзім іздеймін. 

– Санжар мен Қайсар – балалық шағы­­­мыздың ностальгиясы. Тіпті, бұл теле­хи­каяны көрмеген бала кемде-кем. Осы ретте көптің қы­­­­зығушылығын тудыратын сауал­дың бірі «Санжар мен Қайсарда» ой­наған балалар қазір қайда? Бүгінге дейін бір-бі­ріңізбен жиі көрісіп тұрасыздар ма?

– Иә, телехикаяда ойнаған бала­лар­дың көбімен әлі күнге дейін бай­ла­нысты үзген емес­піз. Санжардың рөлін сомдаған Абылай Жұмабай қазір Өнер акаде­мия­сында білім алады. Кей күндері көрісіп тұрамыз. Сәлеміміз түзу. Қайсарды сом­даған Нұрдәулет Есбол­ғанов Астана қаласында тұрады. Телехикая аяқталғалы бері мен онымен әлі күнге дейін көріспедім. Де­генмен бір-бірімізбен онлайн байланысып, әңгі­мелесеміз. Бір қызығы, егі­зім Аиданың рөлін сомдаған Еркежан Байжан­мен жақында арамызда туыстық қарым-қаты­нас орнады. Еркежан Америкадағы оқуынан елге оралды. Қазір кино саласында режиссер, продюсер қызметін атқарып келеді. Санжар мен Қай­сар­дың анасының рөлін алып шыққан Баян ханыммен кинода, театрда көрісіп қал­сақ, өткен күндерді еске алып отырамыз. Теле­­­­­­хи­кая­дағы әріптестерім жаныма жақын жандар болған соң қауышқан сәтте балалық шақтың естен кетпес естеліктеріне беріліп кететінім рас... 

– Ал қазіргі отандық киноиндустрия, медиа саласында аудиторияға үздіксіз ұсынылып отыр­­ған балалар контентіне көңіліңіз тола ма?

– Өкінішке қарай, қазіргі қазақстандық киноиндустрияда балалар контентінің дең­гейі әлсіреп бара жатқандай көрінеді. Әрине, жыл өткен сайын елімізде балаларға арнал­ған мульт­­фильмдер саны ұлғайып, отандық ар­наларда жиі жарық көріп келеді. Бірақ теле­хикаялар тұрғысынан қарасақ, баяу қар­қын­мен өсіп келеміз. Әлі есімде, 13-14 жа­сым­да бізге балаларға, жасөс­пірмдерге ар­нал­ған теле­­хикаялар жетпейтін. Балалық шағымда Nickelodeon, Disney сынды ар­налар­дың ұсын­­ған өнімін көріп өстім. Өз елімізде балаларға арналған мұндай теле­хикаялар жоқтың қасы еді. Шынымды айт­сам, бұл көңілімді қалды­рады. Қазір оқыр­мандардың көбі жақсы түсі­нетін болар, мек­тептегі оқушы өміріне қа­­тыс­ты тақырып әрқашан өзекті. Сондықтан бала­лар мен жасөспірімдерге арнап түсі­рілетін телехи­каяларда мектеп қабырға­сын­дағы оқи­ғалар көбірек қозғалса екен деймін. 

Агата Кристидің жанкүйерімін

– Түсірілім алаңында біршама өнер иелерімен сахналас болдыңыз. Сол бір әріптестеріңіздің арасында «комфорт» болған сахналық серіктес ретінде кімдерді атар едіңіз? 

– Ойыма ең алғаш келген жан – Еркебұлан Дайыров. Осы уақытқа дейін Еркебұлан ағамен түсірілімдерде бірнеше рет әріптес ретінде жұмыс істедік. Ол кинода әрқашан менің әкемнің рөлін сомдайды. Сондықтан да болар, әлі күнге дейін арамызда әкесі мен қызының жылы қарым-қатынасы сақталып қалыпты. Еркебұлан ағамен жүздесіп қалсақ, ол мені «қызым» деп атайды. Жас актрисалар үшін кейбір жобаларда үлкендердің демеуін қажет ететін сәттер кездеседі. Мен қиын сахнаның алдында өз рөлімді қалай сомдап шығарымды білмесем немесе шаршасам Еркебұлан аға әрдайым қолдау көрсете біледі. Сондай-ақ эстрада мен кино әлемінде қатар жүрген Кәмшат Жолдыбаеваны жаныма жайлы жандардың бірі деп айта аламын.  

– Қандай жанрдағы кітаптарды жиі оқисыз? Отандық немесе шетелдік авторлардың арасында оқырманға ұсынар шығармаңыз бар ма?

– Маған ұнайтын жанрлардың бірі – детектив. Мен детектив жанрындағы туындыларымен оқырманның жүрегінен орын алған танымал жазушы Агата Кристидің жанкүйерімін. Дүкеннен кітап сатып алатын уақытта Агата Кристидің бір кітабын міндетті түрде аламын. Ағылшын жазушысының шығармаларын небәрі бір күннің ішінде оқып аяқтауға болады. Детектив жанрынан өзге классиканы ерекше жақсы көремін. Биыл жазғы демалыста қазақ классика әдебиетін оқыдым. Соның ішінде оқырмандарға Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» кітабын оқуға кеңес берер едім. Шығарма оқырманына өмірде жолықтырған адамдарды уақытында бағалай білу қажет екенін ұғындырады. Алайда кітапты оқып тәмәмдағаннан кейін санамда көп сауал қалды. Бұл сұрақтардың жауабын енді өзің іздейсің, түйін шығарасың. 

– Әңгімеңізге рақмет, Мерей! Өрлей беріңіз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ