Әншінің 38 жыл отасқан күйеуі өзге ұлт өкілі болған.
Әнші Гүлнәр Сиқымбаева соңғы сұхбатында 38 жыл отасқан күйеуі туралы бар шындықты айтқан (видео)
Фото: "Мақсатына жеткендер" бағдарламасынан алынған кадр
5,107
оқылды

Әнші Гүлнәр Сиқымбаева соңғы сұхбатында алғаш рет күйеуі туралы айтқан, – деп жазды Aikyn.kz. 

Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі "Мақсатына жеткендер" бағдарламасында немересімен бірге сахнада ән айтуды армандайтынын жеткізген. Әншінің 38 жыл отасқан күйеуі өзге ұлт өкілі болған екен.

«Бірінші рет айтайын. Мұны айту маған оңай емес. Ащы болса да, бұл өзіме ауыр. Ол кісімен 38 жыл өмір сүрдім, 40 жылға екі-ақ жыл жетпеді. Ауыр дейтін себебім, жолдасым, балаларымның әкесі, өзімнің жарым басқа ұлттан болды, славян халқынан. Бірақ өзіме өте жайлы болды. Осы Алматыға туған. Ол кісімен "Гүлдер" ансамблінде танысқанбыз. Ол дыбыстық режиссер, жарық қоюшы еді. Тура концертте сахнаға шығар кезде аяқ киімімнің өкшесі түсіп қалады. Салмағым да оңай емес. Мен қалай шығамын? Енді қайттім? Сахна ондайды кешірмейді. Көрермендер отыр. Жаңағы жігіттің сынған аппаратты балғамен ұрып жатқанын көріп қалғанмын. Соған жүгіріп барып, "Жөндеп берші" деп айттым. Тағдыр шығар, неге жүгіргенімді білмеймін?! Ол балғасымен өкшені тарс-тарс қағып берді. Мені хабарлап жатыр, сахнаға дереу шығып, әнімді айттым. Зал деген толы, көрермен көп. Сондай қиындықтан алып шыққаннан кейін ол жігітті қалай бір кесе шайға шақырмаймын деп ойладым. Жалғыз ол емес, бір-екі бишіні де шақырдым. Ертеңіне 8 наурыз екен, ол маған бір тал гүл сыйлады. Концерттен кейін ол жігіт мені кафеге шақырды. Содан аралас-құралас болып кеттік. Тағдыр ғой енді, сол жігітке тұрмысқа шықтым. Қазақтың бір жігіті маған ол сияқты қараған емес. Кешке концерттен келгенде легенге су құйып, "Шаршадың ғой" деп аяғымды жуып беретін. Қамырымды илеп, манты мен бауырсағымды пісіріп отыратын. Ондай жігітті неге сыйламасқа? Тағдырым солай болар», - деді Гүлнәр Сиқымбаева сұхбат барысында.

Әншінің әкесі қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуына қарсы болып, тіпті 5 жылдай хабарласпай кеткен. 

«Мың да бір шүкір, ризамын өміріме. Өйткені кірпіш болып қаланып үлгердім. Әлі де ары қарай жүре тұрсам деп ойлаймын. Онша қартайып отырған түрім жоқ. Армандар әлі көп. Немерем қазір 3,5 жаста. Сол немереммен бірге сахнаға ән айтып шықсам деп армандаймын», - деп арманын айтқан. 

Әнші Гүлнәр Сиқымбаева бүгін өмірден өткені туралы жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.