Бүгінде әлем елдері қосымша энергия көздерін табу жолында жан салуда. Еліміз де бұл бағытта ауқымды жобаларды қолға алған. Жамбылдық жас дарын Қанат Тәжіхан қалқымалы күн электр стансасын жасап шықты.
Жасыл қуаттың жаңа арнасы
252
оқылды

Қанат Алтынханұлы бүгінде Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыны­бында тәлім алуда. Жастайынан жаңашылдыққа жаны құмар өскен Қанат робототехника, технология, IT, автоматтандыру, жасанды интел­лект және инженерия сала­сы­на айрықша қызығушылық танытып, оқу-білуге құмартқан.

– 2021 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехника үйрмесіне қатысып келемін. 7-сыныпта әуелі өзімнің шеберлігімді арттырудан баста­дым. Ал 9-сыныпта өз жобамды қолға алдым. Сондай күндердің бірінде Қырғызстан мемлекетімен шекараласатын Жамбылдағы бір ауылдың электр энергиясын көр­ші елден алатыны, олардың жа­рықтың ақысын төлеу кезінде қиналатындығы және жарық жиі өшіп қалатындығы туралы мәсе­ле­ні құлағым шалып қалды. Жағ­дай­ға үңілсем, ол жаққа электр энергиясы желісін жүргізу тиім­ділігі төмен болғандықтан, ешкім түйткілдің түйінін тарқата алмап­ты. Содан аталған елді мекен тұрғындарын Қырғыз елінің қуат көзіне тәуелділіктен арылту мақ­сатында «Қалқымалы күн станса­сы» жобасын қолға алдым, – дейді Қанат Алтынханұлы.

Өнертапқыш өреннің айтуын­ша, ол жобасын жандандырмас бұрын Жуалы ауданындағы Burnoye Solar күн электр стансасына ат ізін салып, кемшін тұстарын зерделеп алған екен. 

– Зерделеу барысында күн панельдері күн көзіне дұрыс қара­май­тындығын, күн әрқашан қоз­ға­лыста болатындықтан панель­дердің бетін сүртіп, салқындатып тұру қажеттігін, ал шаң-тозаңның кесірінен оның тиімділігі 25-30 па­йызға төмендейтінін анықта­дым. Аталған күн стансасының қасында су қоймасы орналасқан­дықтан тұман пайда болып, була­натынын да көрдім. Содан әуелі күннің қозғалу барысын шешу мақсатында күнді бақылау жүйе­сін, тазалау және салқындату мә­се­лесін назарға алып, автоматтан­дырылған тазалағыш құрал жаса­дым. Сондай-ақ көп энергия өн­ді­ру үшін күн панельдерін судың үстіне қойса, олар судан күн сәулелерін шағылыстыру арқылы артық энергия өндіретініне көз жетті. Панельдер судың бетіне қойыл­ғандықтан әрі күн әрқашан өзінің траекториясын ауыстырған­дықтан, біз тиімді күн трекерін құрап шықтық. Бұған дейін әлем бойынша ешкім осы үш техно­логияны біріктіріп, қондырғы әзірлемеген. Осыдан кейін біз өзіміздің кішігірім макетімізді жасап, тестілеуден өткізіп, түрлі байқауда сынап көрдік, – дейді Қанат Тәжіхан.

Жас ғалымның тың жобасы The Future Solаr Power Plant деп аталады. Ол күн панелінің ерек­шелігі – арнайы қалқымалы платформа­ның көмегімен жердің емес, су­дың бетіне орнатылады. Су бетін­дегі стансаның тиімділігі сол – трекер арқылы өзін-өзі тазалап тұратын бағдарламалық жүйесі бар. Қуаттылығы – 6,5 киловатт. Құрылғы қарапайым күн панель­деріне қарағанда 95 пайызға көп электр энергиясын өндіре алады.  

Өнертапқыштың бұл жобасы жуырда Алматы облысындағы Түр­ген ауылында тәжірибеден өт­кен. Бұған Қанаттың ағасы Ми­наж Мұхамеджан қолғабыс еткен.

– Қанаттың ойлап тапқан жо­басы таңғалдыруда. Жоба былтыр «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2023» байқауында 3 миллион теңгелік грантты жеңіп алғанда күн па­нель­дерін қайда орналас­тыра­тынымыз­ды ойластырдық. Әуелі туған жері Тараз қаласына қоямыз ба деген ой болды. Бірақ қажетті құрал-жаб­дық­тардың 80 пайызы Алматы қа­ла­сынан табылғандық­тан, Ал­маты облысы Түрген ауы­лын­дағы өзім басқарып отырған «Минаж» шаруа қожалығының аумағына орналастыруды жөн көрдік. 

Мемлекеттен бөлінген грант­тың көлемі 3 миллион болса, жо­баның жалпы құны 4,5 миллионды құрады. Оған қажетті құрал-жаб­дықтар, тасымалдау және жұмыс­шы­лардың еңбекақысы кірді. Әзір­­ге бірінші сынағымыз сәтті өтіп отыр, – дейді Минаж Мұ­хамед­жан.

Қазір жас энергетик күн электр стансасының 4 түріне тәжірибе жасап жүр. Бұл бағытта стацио­нарлық, бір және екі осьті жүйені іске қосқан. Әрі қарай құрылғының тиімді әрі тоқтаусыз тоқ көзін өн­діретініне көз жеткізбек. Ол осы­лайша жасыл энергия алудың жан-жақты жолын жетілдіруді көздеуде.

Қанаттың айтуынша, біз қол­данып жүрген күн панельдерінің қуаттылығы төмен және қанша энергия өндірсе, сонша энергия жұтады екен.

– Бүгінде жасыл энергия – ол ең таза әрі қауіпсіз энергия көзіне жа­тады. Біз әлі күнге дейін энер­гияны көмірден алып отырмыз.

Мен Қазақстандағы энергия тапшылығын жасыл энергияның көмегімен шешкім келеді. Оны дамыту арқасында біз атмосфераға парниктік газдың таралуын тоқ­татып, климаттың өзгеруін тежей­міз. Жаңартылған энергия қорша­ған ортаны ластамайды және сарқылмайды. Ал қазба отындар ерте ме, кеш пе таусылады. Сон­дықтан күн көзінен барынша көп энергия өндіріп, оны қолдану жол­дарын жақсартуға жан-жақты күш салуымыз қажет, – дейді жас ға­лым.

Қанаттың жобасы түрлі байқау­да топ жарып, өзінің тиімділігін мойындатып отыр. Мәселен, «Тұ­рақ­ты жол» ұлттық әлеуметтік эконауқаны республикалық сайы­сында жоба 2 миллион грантты жеңіп алса, Экология министр­лігінің тарапынан «Ең үздік эко­логиялық жоба» аталымына ие бол­ған. Бұдан бөлек, Ingenious project – 2022 халықаралық ғылы­ми жоба­лар байқауында І орынды иеленсе, Францияның Париж қала­сында ұйымдастырыл­ған The Big Progress халықаралық бай­қауын­да да топ жарған. Ал жас та­ланттың талабын көрген фран­цуз­­дар өз елдеріне шақырту да жі­бер­ген.

– Мен жобамды өз елімде жү­зе­ге асырғым келеді. Егер оған де­меуші тапсам, біз жасыл энер­гияны дамытып, толық баламалы энергия көзіне көшкен әлемдегі тұңғыш мемлекет атанар едік. Франция елінен шақырту түскен кезде бармаған себебім де сол. Мен еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешуге үлесімді қосқым келеді деп санап келеміз. Егер Жасыл энергия жо­баларына мем­лекет тарапынан шындап қолдау көрсетілсе, тола­йым табыстарға қол жеткізер едік, – дейді Қанат. 

Жоба авторының айтуынша, қалқымалы күн панельдерінің ар­тық­шылығы – құрылғыны орнату үшін арнайы жер дайындаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ оның ор­нын кез келген уақытта ауыстыра беруге болады. 

– Жуалы ауданындағы «Бурное Солар–1», «Бурное Солар–2» деп аталатын күн стансасының па­нель­дері өте көп. Шамамен 300-400 мыңдай. Оларды бүгінде ешкім тазаламайды. Көлемі өте үлкен болғандықтан оны тазалауға мүм­кіндік те жоқ шығар. Ал панель­дерге күтім жасалмаса, шаңның әсерінен күн сәулесін өндіру ықти­малдылығы төмендейді. Осы мә­селені шешу үшін жобама қо­сым­ша автономды тазалағыш құ­рал жасадым. Ол автоматты түрде таң­ғы 7.00-де және түскі 14.00-де па­нельге су сеуіп салқындатып, шаңын сүртіп отырады. Бұл энер­гия өнімділігін 25-30 пайызға дейін сақтауға жол ашады. Сондай-ақ оның қасына ақылды күн трекерін де орнаттым. Ол күніне 2-3 рет қана қосылып, өзіне ыңғайлы, күн сәулесі түскен жаққа қарай бұрылып, бағыт алып оты­рады. Бұл да электр өнімділігін 50 пайызға дейін арттырады. Нәтиже­сінде, қазіргі қолданыстағы күн электр стансасы 60 мың үйді элек­тр энергиясымен қамтамасыз ете алса, менің панелім 120 мың үйге электр қуатын таратуға қау­қарлы болып тұр. Жуалыдағы күн па­нелінің біреуін орнатуға шама­мен 121 мың теңге қажет болса, менің қалқымалы күн па­неліме 250 мың теңгедей қаражат керек. Егер жо­баға инвестор қаржы салса, небәрі екі жылда шығынын өтеп, табысқа кенеле бастайды. Мұның барлығы жо­бам­да толығымен есеп­телген, – дейді жас ғалым.

Тағы бір айта кетерлігі, Қанат­тың суға орнатқан панельдері су қоймаларын эвтрофикациядан, яғни булану мен балдырлардың өсіп кетуінен қорғайтын жүйеге де ие. Бір сөзбен айтқанда, қалқы­малы күн қондырғылары элект энергиясын өндіріп ғана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті де қам­тамасыз ете алады. 

Байқап тұрсаңыздар, талабы таудай жастың жобалары таңғал­дырады. Енді тек, бұл жобаларға жан бітіру үшін инвестор қажет. Егер еліміздің қалталы азаматтары осындай тың жобаларға қаржылай қолдау білдірсе, Қанаттай жас да­рындар Қазақстанның атын әлемге асқақтататына бек сенім­діміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы