БАҚ өкілі әріптесі Динара Сәтжанға сұхбат беріп, экс-күйеуінің аңдығанын айтты.
Дана Нұржігіт бұрынғы күйеуін үш жылға соттатып жібергенін айтты
Фото: видеодан алынды
392
оқылды

Танымал журналист Дана Нұржігіт екінші күйеуін не үшін соттатып жібергенін айтты,  – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

БАҚ өкілі әріптесі Динара Сәтжанға сұхбат беріп, экс-күйеуінің аңдығанын айтты.  

“2019 жыл мен 2022 жыл аралығында ғана некеде болдық. Бірақ ажырасқан соң да оның қитұрқы әрекеттері тоқтаған жоқ. Мені аңдуды шығарды. Күн демей, түн демей қоңырау шалатын. Бассейнде жүзіп жүріп басымды көтерсем, алдымда тұрады. Жұмыстан шықсам, көлігімнің жанында күтіп тұрды, дәрігерге жазылсам, сол жерде жүреді, тіпті осы жайттардың бәрінен соң денсаулығым нашарлап, процедурада жатқанымда, сол жерге кіріп келді. Көшеде кетіп бара жатсам, "кіммен сөйлесіп бара жатсың, біз туралы айтып жатсың ба?" деп қоңырау шалатын. Шыны керек, алаңдамай жүре алмайтын күйге жеттім, құдды біреу үнемі аңдып тұратындай көрінетін. Міне, 2022 жылдың екінші жартысы мен 2023 жылды осы күйде өткіздім. 2024 жылғы 13 маусымда сот үкімі күшіне енді”, – деді журналист. 

БАҚ өкілінің сөзінше, экс-жолдасымен болған келіспеушілік оның денсаулығына да әсер еткен. 

“Бұл жағдай мені сүйікті мамандығымнан да, денсаулығымнан да айырды. Эфирге шыға алмай қалдым, қатты күйзелдім, ренжідім. Денсаулығым мен моральдық және қаржылық шығындарымды қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт керек болды. Маған осы тақырыпта айту қиын. Бірақ толық баяндап беруді енді үйреніп жатырмын. Бар күшім тек осы процеске жұмсалған еді", – дейді Дана Нұржігіт.

Белгілі болғандай, журналист интим фото-видеоларды жариялағаны үшін бұрынғы күйеуін үш жылға соттатты. Айыпталушы тараптың кінәлі екені дәлелденіп Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша үкім шығарды.

Одан кейін медиа маманы жеке өміріне қатысты оқиғадан кейін заңға арнайы бап енгізуді талап етіп отыр. Ол туралы жеке парақшасында жазды. 

"Мен сталкингке, киберсталкинге қарсы күресті тоқтатпаймын. Қылмыстық кодексте арнайы бап болуын талап етемін! Кеше ғана ІІМ, сенатқа депутат болып барған Марат Шәдетханұлы Қожаев мырзаның назарына, Мәжіліс депутаттарының назарына! Бұл адам құқығы мәселесі. Қауіпсіздік мәселесі. Жеке мәліметтердің таралмауы, ал қолды болған жағдайда қылмыскердің шоқпарына айналмауы заңмен реттелеуі керек!", – деп жазды ақпарат саласының өкілі. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.