Жақында ғана Грекияда FIRST Global Challenge атты робототехникадан ең ірі чемпионат өтті. 190 елдің арасынан басты жүлдені жеңіп алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізген өзіміздің қара домалақ балалар.
Жобаларымыз экология мен энергетика саласында кеңінен қолданылып жүр – Асылбек Мұрзахметов
308
оқылды

Бұл – олардың үшінші жеңісі. Жеткіншектеріміз бұған дейін 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурдегі сайыста чемпион атанған. Ұшқыр ойлы әрі дарынды жас инженерлердің басын қосып, ауқымды додаға қатысуына себепкер болған USTEM FOUNDATION қорының негізін қалаушы Асылбек Мұрзахметовпен әңгімелесудің орайы келді.

Оның айтуынша, осы жолғы додада Grand Challenge Award номинациясы бойынша алтын медаль мен ойындардағы рекордтық ұпай санынан басқа, қазақстандық құраманың жүлде қоры жоғары төрешілер номинациясында екі күміс медальмен толықты. Бұдан басқа Әл-Хорезми атындағы Outstanding Supporter номинациясында күміс медальмен отандық USTEM FOUNDATION жас инженерлерге көрсеткен қолдауы үшін марапатталған.

– Әлемнің бірде-бір елі екі дүркін чемпион бола алмады, ал біздің балалар үшінші жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінді. Жоғары төрешілер номинациясы А.Эйнштейн атындағы FIRST Global International Excellence және үздік инженерлік әзірлемелер үшін Robots Skills Challenge марапатымен толықты. Сайыста роботтың ойын барысында көрсеткен өнімділігінен бөлек, роботтың дизайны мен түрлі көрсеткіштері жеке бағаланды. Балалар өз жұмысын құжаттайды, яғни роботты қалай құрастыру процесінің барлық этаптарын көрсетті,  – дейді ол.

Асылбек Мұрзахметов команда құрамы осы жылдарда қайталанбағанын айтты. «Еліміздің намысын қорғауға әр жарысқа үнемі жаңа ойыншы қосылып отырады. Олар сайыстың ұлттық кезеңінде іріктеледі» деді қордың негізін қалаушы.

Додаға қатысқан балалар – негізі Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептің оқушылары. 

– Біздің команданың құрамына Алматы қаласының ФМБ НЗМ-нің оқушылары: Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан. Жаттықтырушылары –  Нұрдәулет Досмағамбет пен Дулат Байтуленов. Біз тобымызға ғылымға, технологияларға, инженерия мен математикаға шын қызығатын, ынталы жастарды аламыз. Бізге маңыздысы – олардың командада жұмыс істей білуі, шығармашылық ойлауы және білімге құмарлығы. Ал робототехника мен бағдарламалау саласында белгілі бір тәжірибесі болса, артықшылық деп көреміз. Десе де, бастысы баланың жаңа нәрсені үйренуге деген құлшынысын құптаймыз, – дейді Асылбек Мұрзахметов.

USTEM FOUNDATION қорының басшысы жеңістің өзі емес, жеңіске апарар жол – балаларға көп нәрсе бергенін айтты. 

– Балалар роботтарын жетілдіру үшін бірнеше рет шашып, қайта жинады. Шілде айынан бастап күні-түні ізденді. Қаншама уақыты мен күшін жұмсады. Тынымсыз еңбектің арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ол оқушыға танымалдылық әкеліп, ісіне салмақ берсе, мемлекет үшін инженерлікке қызығатын жастардың саны артады. Сондықтан да халықаралық сайысқа қатысуға түрткі болған – еліміздегі робототехника саласын дамытуға деген ниет. Екіншіден, ғаламдық деңгейде білімімізді сынамақ болдық. Оған қоса, Қазақстанның жастарына STEM бағытында мүмкіндік өте көп. Қазір біз халықаралық аренада Қазақстанды жоғары деңгейде таныстыра алдық. Аз да болса еліміздің болашағына үлес қосқанымыз бізді шабыттандырады, – дейді Асылбек Мұрзахметов.

Қазақстанның құрамасы бұл сайысқа алғаш рет 2017 жылы қатысқан. Ол кезде Вашингтонда өтті. Командалар әлемнің 163 елінен қатысқан. "Біз үшін бәрі жаңа еді. Құрамда инженерлер, бағдарламашылар, механиктер де жас. Сол кезде жаңа роботтық жүйелерді әзірлеп, олардың жұмысын ойын түрінде көрсеттік. Жобамыз жаңашылдық пен техникалық күрделілік жағынан ерекшеленіп, үздіктер қатарына іліктік. Осыдан үлкен сабақ алдық.  Бұл – біздің келешек жеңістеріміздің іргетасы" деді.

Оның айтуынша, ендігі міндет – жас таланттарды тәрбиелеу.

 – Үш рет жеңіске жеткен соң, әрине, жауапкершілік артты. Әр жеңіс жаңа мақсаттар мен міндеттер қояды. Ендігі мақсатымыз  – жарыстарда жеңіске жету ғана емес, сонымен қатар елімізде STEM-білімді кеңінен тарату, робототехника мен инновацияларды дамыту. Біз болашақта Қазақстанда робототехника бойынша халықаралық деңгейдегі ғылыми орталықтар құру және жас таланттарды тәрбиелеуді мақсат етеміз. Біз жасаған кейбір жобалар әрі қарай қолдау тапты. Мысалы, экологиялық жобалар және энергетикалық тиімділікті арттыруға бағытталған жұмысымыз әртүрлі салаларда қолданылып жатыр. кейбір жобаларымыз елімізде STEM білімін ілгерілету бағдарламаларына қосылды. Қазір көптеген серіктестермен, мектептермен және университеттермен бірге жұмыс істейміз, – дейді Асылбек Мұрзахметов.