Қазір желіні ашып қалсаң, декретке миллионмен шығаратын коучтар көп.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, декреттен миллиондар алғысы келетіндер көбейген
Фото: istockphoto.com
1,389
оқылды

Бала туып баюға болады. Қазір желіні ашып қалсаң, декретке миллионмен шығаратын коучтар көп. Оларға аз-маз теңгесін ұстатсаң болды, нәрестеңді қолыңа ала сала ақшаның астында қаласың. «Дипломсыз заңгерлер» қыз-келіншектерге ана болып-ақ мықты табыс табуға болатынын үйретіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Иә, көзіңді аша сала шотыңдағы қомақты ақшаны көру кім-кімді де қуантары сөзсіз. Ол үшін жүкті әйел өзін жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. 5-10, тіпті 20 жеке кәсіп ашып, әрқайсысына ай сайын теңге салып отырады. Сол арқылы 12 айға жалған максималды табыс көрсетеді.

Алдыңыздан мұндай жарнаманың күніне кемінде біреуі шығады. Астына жазылған пікірлердің санында шек жоқ. Бәрі бірден миллионер болуды армандайды. Армандап қана қоймай, қол жеткізгендері де бар.

"7 ИП-мен шықтым. Ондай қатты проблема болмады. 1 айда 4 миллион алдым;

Мен жұмыс және бір ИП-мен шықтым. 28 тамызда тапсырдым, 5 қыркүйекте түсті. 2 миллион бірден алдым. Босанып, жауып тастадым ИП-ны", – деп келеді телеарна алған сауалнама жауаптары.

Енді мына деректі қараңыз. Соңғы екі жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендердің саны күрт артқан. Бәрінің не істеп, қандай іспен айналысып жатқаны белгісіз. Оның тең жартысы декреттегі миллион үшін уақытша тіркелген болуы әбден мүмкін. Әзірге оны салық органдары қадағалай алмай отыр. Осыдан жарты жыл бұрын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бірнеше өкілі бас көтеріп, оларды жазалауды талап еткен болатын. Бірақ мәселе сол күйі шешілмеді. Ешкім тексеріп, бас ауыртқан да жоқ. Бірақ заңгерлер бұл уақытша дейді. Мерзімі келе бәрінің беті ашылатынына сенімді.

"Құжаттардың барлығы ҚР құзырлы органдары, басқа мекемелермен тексеріледі. Азаматтар құжаттардың барлығын электронды түрде тапсырады. Содан кейін әлеуметтік қор, оған қоса салық органдары тексеріледі", – дейді заңгер Нұрлан Жаңабаев.

Қалай десек те бұл «Қолдан келсе, қонышынан бас» дегеннің кері сияқты. Өйткені мемлекет тарапынан жүкті не жаңа босанған әйелдерге берілетін жәрдемақы жоқ емес, бар. Жұмыс істемеген күннің өзінде аз-маз үлесіңді ала аласың.

"Бірінші, екінші, үшінші балаға 38 АЕК, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК-ті қамтиды. Одан соң бала туғаннан кейін жұмыс істемейтін аналарға республикалық бюджеттен бала күтіміне байланысты жәрдемақы қарастырылған. Ол бала 1,5 жасқа толғанға дейін тағайындалып, төленеді. Баланың туу ретіне қарай сараланған", – дейді ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Алтынжан Маясарова.

Бір сөзбен айтқанда, бұл – заңды белшеден басу. Қолынан келгендерін істесін дейін десең, оның бәрі статистикаға әсер етеді. Елімізде тіркелген жеке кәсіпкерлік саны бір жылда 8,5% өскен. Былтыр да аз болған жоқ. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Биыл шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий күшін жойды. Бұған қоса, жалпыға бірдей декларация бар. Демек, өтірік ақша алу үшін «бизнесмен» атанғандардың әрекеті әшкере болуы мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.