Қазақ тарихында күйшілер саны көп емес. Түптеп келгенде «міне» деп әр күйшілік мектептің бірнеше ғана көрнекті өкілін айта аламыз. Қалғаны қостаушылар.
Шертпе күйдің анасы – Аққыз
Фото: Мұрат Өтеп
3,237
оқылды

ХХ ғасырда Арқа даласында күйшілік өнер көп нәубет көрді. Көп өнерпаздар ашаршылықтан аман қалмады. Одан қалғандары репрессия қаһарына ұшырады. Қудаланды. Атылды. Жабылды. Ішінде қаншама күй майталманы кетті десеңізші. Сембек, Әбди, Ахметжан… бәрі де күйшілік өнердің марқасқалары еді. Артынан қалған мұрасын Әбікен Хасенов пен Аққыз күйші сынды аз ғана өнерпаздар жеткізді. Бүгінгі әңгіме осы Аққыз жайлы болмақ.

Аққыздың шын аты – Мүгілсім. Әкесінің аты – Ахмет. Уәли Бекенов «Күй табиғаты» еңбегінде мынадай дерек келтіреді: «Бұл кісінің шын аты – Мүгілсін. Бала кезінде  «Құбылтайдың Ахметінің Мүгілсіні» деп атайды екен.  Жаратылысынан сұлу болған Мүгілсін өсе келе өте дарынды домбырашы əрі əнші болып, жұрт назарын өзіне аудара береді. Ежелден өнерді құрмет тұтатын қазақ салты, ел ішіндегі той-думанды өнерлі қауымсыз өткізген бе? Міне, осындай жиын-тойлардағы өнер бəсекелері Мүгілсіннің дəрежесін өрлетіп, ел ішінде ендігі жерде халқы оны еркелетіп Аққыз атандырып жіберген екен» дейді. Сонымен қатар, Мүгілсімнің Аққыз атанып кеткенін оның жиені әрі мұрагері Болат Тәкішев: «...Əппақ ақшыл өңді, бойы сұңғыла келген сұлу, сымбатты Мүгілсімді жеңгелері, құрбы-құрдастары еркелетіп, «Аққыз» деп атап кеткен», – дейді.

Мүгілсім Ахметқызы 1897 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Тоқырауын өзенінің бойында Есалы деген жерде дүниеге келген екен. 1986 жылы осы ата мекенінен топырақ бұйырыпты. Ақселеу Сейдімбектің жазуынша, «Аққыздың əкесі Тобықты ішіндегі Ақсақ атасынан тарайтын Құбылтайдың Ахметі деген кісі Тоқырауын бойындағы мыңды айдаған дəулетті адам болыпты».

 

Бұл сурет жайлы Сұлтан Ыбырай мынадай пікір жазды: «Мынау бір ғаламат сурет. Бір дәуірдің күйшілері жиналған, Аққыз, Мағауия, Жақсылық (Шопыр). Күйшілер ғана емес, ақын-жазушылар да, Кеңшілік, Қойшығара мен Ақселеу ағалар… Сурет 1977 жылдың бірінші жартысында түсірілген болуы керек... Сурет Ақселеу ағамыздың мұрағатынан алынған».

Адам бәрін біліп туа салмайды. Біреуден үйреніп, басқадан жиреніп, әйтеуір жетіледі. Күйшілік те сол. Аққыз күйшінің қолына домбыра ұстатып, күй әліппесін тәмамдағаннан кейін Арқа даласына атағы жайылған Қыздарбек, Әшімтай сынды өнерпаздарға шәкірт атанады. Күйдің шерту құпиясын таниды. Өзі де күй шығарып, композиторлыққа бет бұрады.

Өнертанушы Жарқын Шәкәрім 1967 жылы жарияланған «Орталық Қазақстан» газетіндегі «Күйші Аққыз» атты мақала бар. Күйші апаның өз аузынан естіп жазып алдым деп, келесідей жазады: «1920 жылдың қайнаған шілдесі еді. Біздің ауылға жолаушылап келіп бір топ адам аттан түсе қалысты. «Ойын-сауық құрамыз, əнші-күйші келді» десіп қыз-бозбала біздің үйге жиналысты. Жолаушылардың ішінде марқұм Əбікен Хасенов те бар екен. Бұл менің оны бірінші көруім. Еңгезердей аққұба жігіт. Ол осы жолы жиырмаға жуық күй тартты. Көбі Тəттімбеттікі. Бұдан кейін домбыраны мен алдым. «Қолың өрмек тоқығандай жүріп тұр екен, тегі күйші боларсың» деп ақылын айтты Əбікен. Тəттімбеттің «Бестөре» күйін сонда үйрендім. Содан бастап үлкен жиенім Хамит жасап берген қара домбыраммен əуестеніп үйрене бердім, сырлас серігім болды».

Аққыз жайлы оқып отырып, қиын тағдырына көз жеткіздік. Әсіресе, кәмпеске уақытында кезінде «ел жақсысы» атанған әкесі репрессияға ұшырап, барынан айырылады. Өзі де «байтал түгіл бас қайғы» деп жан сауғалап кетеді. Күйлері де сол уақытта дүниеге келген. Жарқын Шәкәрімге алғашқы күйлерінің бірі жайлы былай айтыпты.

«Той десе қу бас домалайды емес пе, ойын-сауық десе мен де домбырамды арқалай жөнелетінмін. Мына, өзіміздің Қали, Манарбектер сияқты сылқылдаған əнші жігіттер мені қояр да қоймай, ойын-сауықтың ортасына əкелетін. Қыз күнімнен домбыраға əуестеніп, күйші атанып жүрдім. 1932 жылдың ауыр қысы келді. Жаңа түскен келін едім. Артымнан туған анамның қайтыс болғаны туралы хабар да келді. Ендігі жерде менің сүйенішім тек қана домбыра болды. Ойланып көп отырып, домбыра үні арқылы зар-мұңымды білдіретінмін. Осы тартқан «Жетім қыз» атты күйім сол бір жылдардың қалдырған ізі».

 

Жалпы, бір күйшілік дәстүрі демесеңіз, Арқа даласында күйшілердің шертісі бөлек болған. Бір-бірінен айырмашылығы баршылық. Мысалға Жанғали Жүзбайдың «Сарыарқаның үш қоңыры» мақаласындағы мына бір қысқа ойы сөзімізге дәлел. 

«Аққыз – сыршыл, Әбікен – ойшыл, Мағауия – сөзшең. Үшеуі біріге келгенде, Арқа күйшілік мектебінің барлық қыр-сырын ашып тастайды». 

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, Аққыз күйшінің қолынан күй тыңдаған әрі үйренгендер көп. ХХ ғасырдың екінші жартысында Арқа даласынан шыққан күйшілердің көпшілігі «Ақ әженің шәкіртімін» деп айтып отыратын. Әсіресе, Халық әртісі Мағауия Хамзиннің орны бөлек. Ол жайлы Аққыздың өзінің естелігі бар: «Балқаш, Қоңырат өңірлерінде болған тойларға бара жүріп, Хамзамен аралас болдым. Бұл кісі домбырашы еді.  Кішкентай сары баласы бар екен. Оған кішкентай домбыра жасап беріпті. Əлгі бала домбыраға өте үйір екен. «Апа, сіз маған домбыра үйретіңіз», – деді. Мен балаға домбыра үйреттім. Кейде маған еріп келіп, үйде жатып күй шертуді үйренеді. Қыстауында көршілес отырған кезімізде біздің үйде көп болды. Əкесі Хамза қайтыс болғаннан кейін ол бала бізден қашықтап, алыс жерлерге оқуға кетіп қалды. Бұл осы күні аты шығып жүрген Мағауия Хамзин болатын», – деп жазады Уәли Бекенов.

 

 

Бүгінде Аққыз күйшіге арнап күй мен жыр байқауы ұйымдастырылып жүр. Қос қолдап қолдаймыз. Десе де бір жайтқа тоқталып кетпесе болмас. Сондықтан осы Aikyn.kz арқылы ұйымдастырушыларға бір үндеуіміз бар. Аққыз күйші атындағы күй байқауына еш сөзіміз жоқ. Орынды. Ал жыр, яғни ақындар байқауы жайлы өз ойымыз бар.

Әрине, Мүгілсім күйші Ахметқызының өзі мен өнерін жырға қосуға болады. Десе де сол ұйымдастырушылық уақыт пен қаржылай шығынды басқа арнаға салса дейміз. Мысалға Әбікен, Аққыз, Мағауия күйлерін шертетін өнерпаздарды басқа аймаққа апарып, концерт пен шеберлік дәрістерді неге ұйымдастырмасқа?! Қалай десек те Аққыз ауылының өнерпаздары сол күйлерді Алтай мен Қаратау, Маңғыстау мен Атыраудағы домбырашылардан артық біледі. Бұл тек Арқа күйлеріне қатысты әңгіме емес. Кез келген күй мектебі өкілдері басқа өңірге барып, өнер алмасып отырса, тек ұтар едік.

Халық арасында «төкпе күйдің анасы – Дина, шертпе күйдің анасы – Аққыз» деген сөз бар. Кім, қашан алғаш қолданғанын білмейміз. Бірақ осы бір ауыз сөзбен-ақ жиырмаға жуық ән мен күй шығарған Аққыз күйшінің Арқа даласындағы абыройын көруге болады.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші, зерттеуші