Алдымызда қылышын сүйретіп алты ай қыс келеді. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп шығыстың төл перзенті Оралхан Бөкей ағамыз жазғандай, оған өте үлкен мұқият дайындық керек. Мұнда тек жылыту маусымына ғана емес, жол-көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, энергетика саласына да көңіл бөлу қажет. Соның ішінде ең бірінші кезекте әлеуметтік нысандар тұр.
Абай облысы қысқы маусымға дайын
138
оқылды

Шығыста күн ерте суитынына байланысты мұнда жылыту маусымына дайындық қыркүйек айының басынан басталып кеткені белгілі. Ал елді мекендерге жылу 1 қазаннан беріле бастады. Абай облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, бүгінде білім беру, денсаулық сақтау және өзге де әлеу­меттік нысандарға, сондай-ақ орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған түрғын үйлерге 100% жылу жеткізілген. Бюджеттік ұйымдардың 330 автономды қазандықтарына 20 мың тоннадан астам көмір жеткізілген. 52 денсаулық сақтау нысандарына көмір жеткізу келісімшарттары аяқталу сатысында. Сондай-ақ Аягөз ауданындағы «Аягөз жылу» МКҚК, ЖК «Дюсембаева», «Айгүл+К» ЖШС субсидиялауға бюджеттік өтінімдер берілді.

Барлық қоймаларда көмір қорын күн сайын толықтыру жалғасуда. Өңірде ол 27 аймақтық оператор және 8 теміржол учаскесі арқылы сатылады. Облыстың теміржол тұйықтарында 12,5 мың тонна көмір бар. Соның ішінде Семейде – 10 мың тонна, Курчатовта – 0,5 мың тонна, Аягөз ауданында – 1 мың тонна, Бородулиха және Жарма аудандарында – әрқайсысы 0,5 мың тоннадан. Ал облыстың жылу қазандықтарында 93 мың тонна көмір бар. Бұл жылдық қажеттіліктің 16 пайызын құрайды. Барлық жылу көздері 10 күндік қосымша көмір қорымен қамтамасыз етілген.

Жылу маусымына дайындық аясында 2024 жылы өңірде 37,9 шақырым жылу желілері мен 17 жылу көздерін салуды, қайта жаңғырту және жөндеуді қамтитын 28 жоба іске асырылуда. Жыл соңына қарай 29 шақырым желі мен 17 жылу көздеріндегі жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Бұл жылу желілерінің тозу деңгейін 64,2%-дан 59,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Абай облысында жылу беру маусымы қалыпты деңгейде өтуде. Жұмыстар облыс басшылығы мен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тұрақты бақылауында. Мәселен, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ауыл-аудандарға сапары кезінде инфрақұрылымдар жұмысына жиі назар аударады. Соның бірі – өткен айда Семей қаласындағы білім ошақтарының алдағы жылу маусымына дайындығын тексерді. 2024 жылға мектеп қазандықтары үшін көмірге жалпы сұраныс 14 348 тоннаны құрап отыр. Барлық білім мекемелеріне жеткізуге келісімшарт жасалды. Сондай-ақ 72 тонна сұйық отын жеткізу ұйымдастырылды. Аймақ басшысы №12 және №49 мектептердің жылу қазандықтарының жұмысымен танысты. №12 мектепке жақында екі жаңа қазандық орнатылған болса, №49 мектептің қазандығында вентильдері ауыстырылған. Бұдан бөлек, қазандықтардың кірпіш қабыр­ғасы жаңартылып, қазандықтарды қаптау жұмысы жүзеге асырылған. Бүгінде Семей қаласында жеке ғимараты бар ведомстволық бағынысты 88 мемлекеттік мекеменің 63 нысаны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғандарында көмір (20 нысан), дизельдік отын (2 нысан) және электрмен жылытуды (4 нысан) пайдаланатын автономды қазандықтар бар.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Димит­рий Гариков та қыркүйек айында жылыту маусымына дайындықты бақылау мақсатында ауыл-аудандарды аралады. Ол Семей қаласы, Жарма және Аягөз аудандарында болып, істеп тұрған және құрылысы жүріп жатқан нысандарды тексерді. Мәселен, Қарағайлы шағынауданындағы блок-модульді қазандығының құрылысын, «№5 мектеп-интернаты», «МЭН», «35 квартал», «Ветеринария институты», «РК-3», «ЖЭО-1» қазандықтарында, Шуақ кентінде, Аягөз қаласында болып, қазандықтар, жылу желілері мен құрылыс алаңдарындағы жұмыстардың барысын тексерген облыс әкімінің орынбасары мердігерлерге жұмыстарды дер кезінде, әрі сапалы аяқтау жөнінде тапсырмалар берді.

Абай облысында қысқа дайындық барысында қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылып отыр. Соның бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне улы газ датчигін орнату. 5 075 құрылғыны кезең-кезеңімен орнату жоспарланған болатын, бұл жұмыстар бүгінде мерзімінен бұрын аяқталды. Былтырғы жылмен салыстырғанда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар саны 36 пайызға азайды. Соған сәйкес биыл жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қосымша 3 453 улы газ датчигі сатып алынып, орнатылды. Түзетілген тізімдерге сәйкес биыл Бородулиха, Жарма, Ақсуат аудандарында қосымша 1 061 датчик орнату қажет. Сондай-ақ Семей қаласы мен Жаңасемей ауданында 1 685 датчик орнату жұмыстары жалғасуда.

Жалпы, 2022 жылдан бері облыста 8 528 улы газ датчигі орнатылған. Бұл ауқымды жұмыс әлеуметтік жағынан осал отбасылар тұратын 11 274 үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әсіресе, орнатылған датчиктердің дер кезінде әрекет етуінің арқасында Бесқарағай, Көкпекті және Бородулиха аудандарында 14 адамды, оның ішінде 9 баланы аман алып қалу мүмкін болғанын ерекше атап өткен жөн.

Ауыл шаруашылығында да қысқа дайындық жоспарлы түрде жүзеге асты. Ең бірінші кезекте, Абай облысы бойынша бидай жинау аяқталды. Жинау алаңы 239 мың гектар, 359 мың тоннадан астам бидай бастырылды. Орташа есеппен өнімділік 15,0 ц/ га құрады, бұл былтырғы жылғы деңгейден 4,3 ц/га жоғары. Ал 294,7 мың гектар алқаптан дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Сондай-ақ облыс бойын­ша күзгі дақылдарды себу толығымен аяқталды. Себілген алаң – 6,7 мың гектар. Қазір бидай 5,24 мың гектарға, қара бидай 1,42 мың гектарға егілді. Биыл топырақтың ылғалды және құнарлы  болуына байланысты келер жылы өнімділік көрсеткішінің 21 ц/га-ға дейін өсуі жоспарлануда. Жалпы, Абай облысында егін шаруашылығы 749,5 мың гектар аумақты алып жатыр. Оның 299 мыңы – дәнді дақылдар, 295,8 мыңы – майлы дақылдар, 5,8 мыңы – картоп, 5,4 мыңы – көкөніс, 143,5 мыңы – мал азығы. Ауыл шаруашылығы техникасы паркінде 13,9 мың трактор мен 3,8 мың комбайн бар.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларына жем дайындау жұмыстары да қарқынды жүруде. Шөп дайындау жоспары 99,5%-ға, пішен 100%-ға, сүрлем 90,9%-ға, сабан 100%-ға, жем 93,2% орындалған. Салмағына қарай айтар болсақ, 1 720,0 мың тонна шөп, 48,8 мың тонна пішен, 53,9 мың тонна сүрлем, 85,1 мың тонна сабан, 109,8  мың тонна кұнарлындырылған жем дайындалған.

Жиналған егінді сақтау үшін облыста жалпы сақтау көлемі 206 мың тонна болатын астық қабылдау кәсіпорындары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған сыйымдылығы 870,9 мың тонна болатын астық сақтау қоймалары бар. Бұл қуаттар болжанған егін көлемін сақтауды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ