19 қазанда Республика күніне орай «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен ҚР-ның Германияның Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мерекелік шара өтті.
«Сазген сазы» – Франкфуртте
192
оқылды

Dr. Hoch’s консерваториясының көркем сахна­сында Алматы қалалық Мәдениет басқар­масына қарасты «Сазген сазы» фольклорлық-этно­графиялық ансамблі өнер көрсетті. Бұл шара қазақтың бай рухани мұрасын дәріптеуге және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға арналды.

Франкфурт қаласындағы ҚР-ның Бас консулы Тауболды Үмбетбаев өз сөзінде қазақ мәдениетін халықаралық қауымдастықпен бөлісудің Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Ол екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың мәдени алмасу арқылы дамып, қазақ және неміс халықтарының өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын арттыруға ықпал ететінін баса айтты. Бас консул осындай мәдени іс-шаралардың елдер арасындағы достық көпіріне айналып, рухани құндылықтарды бағалауда ерекше орын алатынын жеткізді.

«Сазген сазы» ансамблінің орындауында қазақтың терең тарихын, кең даласын, ұлы мұрасын паш ететін ән-күйлер мен әлемдік классика туындылары орындалды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Тілегеновтің құрған бағдарламасында көрермен Хамидидің «Бұлбұл» әнін Надия Наденованың нәзік даусында тыңдап, Делибтің әсерлі «Испандық балеросы», Имрэ Кальманның «Сильва ариясы» сынды шығарма­лардың орындалуынан ерекше рухани ләззат алды. Сазсырнаймен Эльмира Кашким­баева орындаған «Жетісу» күйі көрерменнің жүрегін тебірентті, ал Жеңіс Ержанов шырқаған халық әні «Жәриям айдай» қазақтың рухани әлемін аша түсті. Қобызда Гүлназ Ноғайбаева орындаған В.Монтидің «Чардашы» мен домбырада Сымбат Әлімбетова орындаған В.Моцарттың «Түрік маршы» концертке ерекше әуенді бояу қосты.

Концертке 300-ге жуық көрермен жиылды. Олардың қатарында қазақ диаспорасының өкілдері, жергілікті тұрғындар, дипломаттар мен этникалық музыкаға ынтызар жанкүйерлер болды. Германияның 14 қаласынан, сондай-ақ Чехия мен Норвегиядан арнайы келген шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтар бұл шараны рухани Отандарымен қайта қауышудың символы деп бағалап, қазақтың ұлттық өнеріне деген шынайы сүйіспеншіліктерін білдірді.

«Отандастар қорының» КеАҚ президенті Данияр Қадыров концерттің табысты өтуіне қолдау көрсеткен барша қауымға алғыс білдіре отырып, осындай іс-шаралардың қазақ өнерін дәріптеудегі маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар мұндай шаралардың шетелде қазақ мәдениетін әлемге танытудағы және диаспораның рухани бірлігін нығайтудағы ерекше рөліне тоқталды. 

С.БЕГІМБАЙ