Бүгінде білім беру жүйесі заман талабына сай өзгеруде. Бұл ұстаздарымызға да, оқушыларымызға да біраз жауап­кершілік жүктегендей. Оқушыларды білім нәрі­мен сусындатқан мұғалімдердің еңбегі орасан.
Білім нәрімен сусындатқан
142
оқылды

– Бүгінде Ұлытау облысында бар­лығы 50, оның ішінде  мемлекеттік 42, жекеменшік 8 балабақша  жұмыс істейді. Қазір 2-6 жастағы балалардың балабақ­шамен қамтылу көрсеткіші 73 пайызды  құрап отыр. 

Өңірде 86 жалпы білім беретін мем­ле­кеттік мектептің 39-ы қалада болса, 47-сі ауылдық жерде орналасқан. Сонымен қатар  2023 жылы ашылған 1 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Қазақ тілінде білім беретін мектептер саны – 58, аралас мектептер – 29. 

2024-2025 оқу жылында мектеп оқушыларының контингенті 41 237 оқу­шыны құрады. Былтырғы жылмен салыс­тырғанда шамамен  оқушы саны 1000 балаға көбейді, – дейді Ұлытау облысы Білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Венера Усерова.

Өңірде бірнеше жоба қолға алынды. Соның бірі «Педагогикалық шеберхана» деп аталады. Мақсаты – оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыруға бағыт­талған коллаборация. Басты идеясы болса жетекші және серіктес мектептердің жұмысын жүйелеу арқылы оқу сапасын көтеруге бағытталған мұғалімдердің ашықтық приципі негізінде коллаборативті мәдениет қалыптас­тыруға бағытталған бірлескен жұмыс.

– Жоба бойынша 5 тақырыптық сессия өткізілді. Сессияның негізгі бөлігі тікелей мек­теп базасында мектеп басшысының жауап­кершілігімен өтеді. Облыстық әдістемелік орта­лық тарапынан вебинар, семинар, кон­ференциялар өткізілді. Сессия барысында 7 воркшоп, 8 әдістемелік семинар, 7 вебинар, сабаққа кіру, 4 дамытушы диалог, сабақты бақы­­лау, сонымен қатар тренинг, дөңгелек үс­тел, челлендж және тағы да басқа шаралар ұйым­дастырылды, – дейді Венера Усерова.

Тағы да бір жоба «Ұстаз – Ұлытау» деген атаумен жүргізілді. Жобаның мақсаты – өңірдегі білім беру деңгейінің сапасын арттыру. Ustaz Ulytau қоғамдық қоры жобасы шеңберінде облыстағы 2 мектеп институциональды аккре­ди­тациядан өтті. 

Сонымен қатар Сәтбаев қаласының 13 мектебінде профессор Ж. Караевтың әдістемесі бойынша бағалау жүйесі ағылшын тілін дең­гейлік оқыту енгізілді. 

– 2024 жылдың 12-13 cәуір күндері «Заманауи білім: Трендтер. Инновациялар. Жаңа мүм­кіндіктер» ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға облыс бойынша 300 педагог қатысты, 60 педагог іс-тәжірибесімен бөлісті. 6 педагог Ұлыбри­танияға тағылымдамаға жолдама алды,  – дейді Венера Амангелдіқызы.

Мектепке дейінгі балалар бақшасында да түрлі жоба жүзеге асуда. Мысалы, «Серік­тес бөбекжай» жобасын алып көрейік. Мұнда  өсу нүктесін анықтау үшін МДҰ бағалау критерийлері жасалды. Нәтижесінде, 23 «Серіктес бөбекжай», 26 магниттік МДҰ таңдалды. 

Ұлытау облысы Білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Венера Амангелдіқызының айтуынша, өлке тари­хымен, тарихи ескерткіштермен терең танысып білу, ата-бабадан мирас болған ұлт­тық құндылықтардың қадір-қасиетін оқушы санасына ұялату үшін қолға алынған  «Ұлылар мекеніне саяхат» жобасына қызы­ғушылық білдіргендер саны артқан.  Жоба аясында «Тарих LAND» өлкетану саяхаты ұйымдастырылып,  Алаша хан кесенесі, Жошы хан кесенесі, Домбауыл кесенесі, Теректі әулие, Иманақ тауына және Жез­қазған тарихи-археологиялық музейі,  М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы  мұражайы, Қ.Сәтбаев­тың мұражай-үйіне барып, көруге қол жетті. 

– QYZYQ SABAQ идеясы: облыс оқу­шыларына күрделі (қиын) тақырыптар бойынша уақытылы (тікелей эфир арқылы) қолдау көрсету. Мақсаты – білім беру ұйым­дарының сапасын қамтамасыз ету және білім мазмұнын жетілдіру, оқушыға бағытталған оқыту және оқу ортасын тиімді жоспарлау, педагогтердің озық тәжірибелерін тарату. Бұл жоба бойынша 131   сабақ өткізілді.

Сонымен бірге  «Репетитор – оқушы»  көшбасшы оқушылардың тьюторлығы, яғни құрдастары немесе өзінен кіші сынып­тарда оқитын оқушыларға оқу мен тәрбиедегі қиындықтарды жеңуге көмектесу үшін арнайы жоба болатын. Мақсаты  облыстық, республикалық пән олимпиадаларының, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, пәндер бойынша жоғары нәтиже көрсетіп жүрген үздік оқу­шы­лардың білім алудағы позитивті оқу әдіс­терін оқушылар ортасында тарату еді, – дейді Венера Амангелдіқызы.

Қазір «еріктілер» деген сөз өміріміздің бір бөлшегіне айналғандай. Бұл сөзімізді «Педагог – волонтер» жобасы дәлелдей түс­пек. Бұл жобаның басты идеясы –  білім­дегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша және үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты ерікті түрде сапалы жүргізу.

Ал мақсаты болса, табысты оқу ортасын құру, жекелеген оқушыларды оқуға ынта­ландыру және мұғалімдердің іс-әрекеттегі зерттеу тәжірибесін жетілдіру.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ел Пре­зидентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Ұлытау облысында  да 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде бір ауысымда  3 600 оқушы орнын қамтитын 6 мектеп салынады деп жоспарлануда. Оның үшеуі қалалық жерде, үшеуі ауылдық елді мекендерде салынатын болады. 2024 жылы Жезқазған қаласының Қабанбай батыр шағынауданында 300 орындық мек­теп құрылысы жүріп жатыр, жоспар бойынша 2024 жылдың аяғында қолданысқа беріледі. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Ұлытау облысы