Қылышын сүйреткен қыс мезгілі жақындаған сайын халық жылыту маусымына қам­данатыны белгілі. Көгілдір отынмен күн көрген қалалықтардың қамы түсінікті болса, шал­ғайдағы ауыл тұрғындарының жағдайы қиын.
Сексеуілді отау оңай, жағу қиын
198
оқылды

Олай дейтініміз –  2013 жылдан бастап сек­сеуіл отынын кесуге жарияланған мораторий ауылдағы ағайынды тезек тергізіп, қарағай жағуға мәжбүрледі. Нәтижесінде, көпшілік «мораторий қашан аяқталады» деген үмітпен  Үкіметке көз тігуде. Биыл енді жағдай  қалай болмақ? Сексеуіл кесуге рұқсат беріле ме? Әлде тағы да тұрғындар өз күнін өзі көре ме?

Жалпы мораторий жарияланғанға дейін Жамбыл облысы Мойынқұм, Сарысу және Талас аудан­дарының халқы  сексеуіл жағып, қыстан шыққан еді. Алайда 2013 жылы жарияланған мораторий 2018 жылға дейін тұрғындарды тұсаулап қойды. Бес жылдыққа белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы аяқталады деп күткенімен, Үкімет мораторийді тағы бес жылға созып, бұқараны қос бүйірден қысты. Былтыр мораторий мерзімі аяқталуға тиіс болатын. Алайда халыққа сексеуіл кесуге тағы рұқ­сат берілмеді. Мұны түсінбеген бұқара биыл ашуға булығып отыр.

– Мораторий уақыты былтыр аяқталды. Алайда қыста сексеуіл кесуге рұқсат берілмеді. Әкімдіктен сұрай барғанымызда «Үкімет мораторий мерзімін тағы бес жылға созғалы жатыр» деген ақпарат айтты. Бірақ мораторийдің ұзартылғаны туралы ресми құжатты көргеніміз жоқ. Биыл да билік өкілдерінен мән-жайды сұрай барсақ, тағы жағдайды ашып айтпауда. Сонда бұны қалай түсінуге болады? Сексеуіл кесуге шектеу қойылған арнайы құжат болмас да билік өкілдері бізге сексеуіл жақтырмайды ма? Былтыр мейлі құжаттары рәсімделіп, сексеуіл кесуге болатын орындар белгіленіп жатқан шығар деп ойладық. Енді биылғысы не тірлік?

Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік мораторий мерзімі аяқталды деп отыр. Сондықтан қысқа алдыңғы жылдардағыдай қамданбайды. 

Шындығын айтқанда,  биыл қыста тұрғындар «сексеуілді еркін жағамыз» деген үмітте. Бірақ әкімдік тарапынан әлі күнге бір байламды ақпарат айтылмауда. Бүйте беретін болса, Үкіметке сеніп  қыс­қа қамданбаған халық ертең қина­латыны анық, – дейді Мойынқұм ауданы­ның тұрғыны Ерлан Құдабаев. 

Иә, шынында санаға салмақ салатын жағдай екен. Егер мораторий мерзімі аяқталып, оны тағы ұзартқаны туралы бұй­рық шықпаса, билік бұқараға сексеуіл кесуге неге рұқсат бермей отыр?

– Рас, былтыр мораторий мерзімі аяқталуы керек еді. Алайда министрлік тарапынан мораторий уақыты тағы ұзартылатыны туралы ақпарат келіп, халыққа сексеуіл кесуге рұқсат берілмеді. Бірақ бұл шектеу ресми бұйрықпен бекітілген жоқ. Биыл да мораторий мерзімі ұзартылғаны туралы министрліктен  ресми құжат келмесе де, сексеуіл кесуге рұқсат етілмеуде. Тек, шіріктерін ғана жинауға мүмкіндік бар. Оның өзін орман шаруа­шылығы қызметкерлері теріп береді. Ал халыққа сексеуіл орман қоры аумағына кіруге бұрынғыдай тыйым салынған, – дейді Жамбыл облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масының  Орман шаруашылығы және жану­арлар дүниесін қорғау бөлімінің бас­шысы Әділ Жақыпов.

Бөлім басшысының сөзінен кейін «шірік сексеуіл болса да жанға жылу» деп қуанып қалғанбыз. Алайда оның да тең­гесін төлемесең, орманшылар жеткізіп бермейді екен. 

– Қазір әр отбасына 4 текше метр шірік сексеуілге өтінім беруге рұқсат етілуде. Бірақ ол тегін берілмейді. Өтінімге қарай орман шаруашылығы мекемелері жеткізу құнын есептеп төлемін белгілейді. Алдыңғы жылдары тасымал құны 10-11 мың теңге аралығында болған. Биыл да осы баға төңірегінде болады деп жоспар­лануда. Егер өтінім беруші аталған қар­жы­ны төлесе, орманшылар 4 текше метр шірік отынды жеткізіп береді, – дейді бөлім басшысы Әділ Жақыпов.          

Бір қырынан қарасаң, 10-11 мың теңге қалта қағатындай сома емес. 

Алайда тұрғындардың айтуынша, мұндай мүмкіндік өтінім берушіге  бір-ақ мәр­те беріледі екен. Ал 4 текше мерт сек­сеу­ілмен бір қыстан шығу мүмкін емес. 

– Осы сексеуілге қатысты мәселенің соңы жылда айқай-шуға ұласуда. Қазір шірік отынға өтінім қабылданып жатқан 4 текше метр сексеуілмен бір қыстан шығу  қиынның-қиыны. Өткен жылдары да осы 4 текше метр сексеуілге өтінім қабылданғанымен, оны орман шаруа­шылығы мамандары жеткізіп беремін дегенше қыстың бел ортасы болды. Өйткені өтінім берушілердің саны өте көп. Содан «бірінші маған әкел», «сенің менен қай жерің артық» деген сияқты талас-тартыс болып  кетті. Биыл енді қалай болатыны белгісіз. Халықты қырық пышақ қылмай, осы сексеуілдің шірігі болса да тұрғындардың өзіне жинауға рұқсат берілсе бұқараға көп демеу болар  еді,  – дейді  Мойынқұм ауылының тұр­ғыны Қаршыға Тілеужан. 

Иә, осылайша халық көкейіндегісін айтуда. Алайда санаулы орманшылар тұтас аудан тұрғындарына шірік сексеуіл отынын жеткізіп береді деп айту қиын. Сондықтан халық мораторий жарияланған жылдары  көмір жағуды қолға алған. Алайда оның да бағасы сан құбылып, жы­ғылғанға жұдырық болуда. Мәселен, былтыр Мойынқұм ауданында көмір бағасы күн жылыда 12-15 мың теңгеден саудаланса, қыс қаһарына мінгенде 25-30 мың теңгеге дейін шарықтаған. Бір қыстан шығу үшін кемі 10 тонна көмір қажет болса, сонда халық 300 мың теңгеге қатты отын сатып  алуы қажет. Ол көмір өздігінен жанбайтыны тағы  белгілі. Қатты отынды қыздыру үшін сексеуіл жаңқасы қажет. Оны өтінім беріп, тағы қосымша ақшаға сатып аласың. Ол сексеуіл де бір қысқа жетеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. 

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданында Жамбыл, Амангелді, Құмөзек, Талдыөзек, Байтал, Шығанақ, Назарбек, Көктерек, Биназар, Хантау, Мойынқұм, Ақбақай сынды ауылдар осы таңға дейін ең болмаса шірік отын мен көмір жағып күнелтсе, Мыңарал мен Қашқантеңіз ауылдарында жағдай тіптен қиын. Мұнда сексеуіл отыны сирек өсе­тіндіктен, одан шірігі қалуы екіталай. Сондықтан тұрғындар баялыш шөбін теріп, соны жағады. Ал баялыш шөбі тез жанып кететіндіктен, оның қуаты көпке жетпейді. Сол себепті халық жаз бойы те­зек теріп, қарағай жинайды. Оның да жылуы шамалы. Тезек бықсып жататын болса, қарағай «лап» етіп жанып кетеді. Содан тұрғындар тасымал құны екі-үш еселенген қымбат көмірге барып ұрынады. Егер Үкімет Мыңарал мен Қашқантеңіз тұрғындарына бар сексеуілді кесіп жағуға рұқсат берсе, бұқараның жағдайы шамалы болса да түзелер еді. 

Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қам­қалы, Жайлаукөл сынды ауыл тұрғын­дарының да күні көмірге қарап отыр. Аталған елді мекендер де аудан орталы­ғынан шалғай орналасқандықтан әрі жолдың нашарлығынан көмір тасымал­даушылар бағаны шарықтатып өсіріп жіберген.                

Қазір Жамбыл облысында көгілдір отынмен қамтылған ауылдардың саны 50 пайыздан әзер асады. Мойынқұм мен Сарысудан бөлек, өзге аудандардың да орталығына газ жеткенімен,  шалғай елді мекендеріне әлі күнге көгілдір отын  құбыры тартылмаған. Тіпті, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының өзінде бүгінгі күнге дейін  көгілдір отынға қосылмаған ауылдар бар. Сондықтан ондағы халықтың да күні қарағай мен тезекке қарап, тілеуі сексеуіл кесуге рұқсат беру болып отырғаны анық. Енді оны биыл Үкімет қалай шешетіні белгісіз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы