Жазушы, журналист Қанат Тілеухан Талдықорғанда есеп үшін ұйымдастырылған кездесудің еріксіз қатысушысы болғанын жазды.
"50 мың теңге бермек болған": Антикор «есеп» үшін журналистпен кездесу ұйымдастырған
Фото: instagram.com/qanat_tileuhan/
268
оқылды

Жазушы, журналист Қанат Тілеухан Талдықорғанда есеп үшін ұйымдастырылған кездесудің еріксіз қатысушысы болғанын жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жазушы өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласып, кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқанын, жазушы туған жердің жұртымен кездеспегеніне көп болғандықтан ұсынысқа келіскенін айтады. Алайда Талдықорғанға барған соң кездесу жиыны көзбояушылық екеніне көзі жеткен.

Жазушы кездесуге барғанда алдынан “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы” кездесу деген жазуды көреді. Өзін екі жас қыз қарсы алады. Жазушының “Менің жемқорлыққа қатысым не?” деген сұрағына, күмілжіп дұрыс жауап бере алмаған. Қанат Тілеухан бір сағат отырып күткен. Бірақ ешкім келмеген.

"Қыздар, бұның бәрі отчет үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар, – десем, “мақұл” дейді. Негізі әзілдеп айтқам. “Жақсы, жақсы” деп мобилографқа түсіртіп жатыр", – дейді ол.

Бұның ұят екенін айтқан жазушыға “ренжімеңізші” деп қана жауап қайтарыпты. Тіпті “ертең келе аласыз ба?” деп сұрайды. Ал, Қанат Тілеухан болса осы үшін Алматыдан жұмысын тастап келген екен. Кездесуді ұйымдастырушы Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор дейді жазушы.

Журналистің айтуынша, бұл – бірінші рет болып отырған жағдай емес.

“Осы әңгімені фейсбукке жазбай-ақ қояр ем. Жыл басында «Шатырдағы әйел» кітабымның тұсаукесерін өткізіп берейік деген шақыртуды баспагерім Асылан Тілеген арқылы алғанмын. Ол кездесу де отчет үшін боп қалды. Талдықорғандағы Жұматай Оспанұлы бастаған қаламгерлер "Қақа, мынау былай болады деп ойламадық. Кейін өзіміз дұрыстап ұйымдастырайықшы деген еді", – дейді жазушы.

Қайтар кезінде жазушының шотына елу мың теңге түскен. Бір қыз қоңырау шалып, бұл ақшаның қаламақы екенін айтқан. Көзбояушылыққа ренжіген жазушы ақшаны кейін қарай салып жіберген. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.