Климаттың өзгеруі Еуропаның оңтүстік аудандарында жауын-шашының көлемін өсірген. Әсіресе, Франция мен Италияда көп мөлшерде жауған жауыннан су тасқынының зардабы күшті болған.
Еуропада соңғы онжылдықта болмаған жойқын су тасқыны болды
Францияда 40 жылда болмаған үлкен су тасқыны болды. Фото Reuters агенттігінен алынды. Авторлығы: Antony Paone
189
оқылды

Euronews агенттігінің ақпаратына сүйенген Aikyn.kz су тасқынының зардабын жою шараларын талдайды.

Францияның оңтүстігінде 48 сағаттың ішінде 700 миллиметрге дейін жаңбыр жауып, су тасқыны болды. Фото Reuters агенттігінен алынды. Авторлығы: Antony Paone

Ғаламдық жылынудың салдары климаттың өзгеруін жылдамдатып отыр. Бұндай жағдайда барлық мемлекеттер төтенше тәуекелдер мен апаттардың алдын алуға дайын болуы қажет. Соңғы күндері еуропалық қауымдастыққа кіретін елдердің ішінде Франция мен Италия су тасқынынан болған апаттың зардаптарымен күресуге мәжбүр болған.

Францияның орталық бөлігінде екі күн бойы толассыз жауған жаңбырдан кейін соңғы 40 жылда болмаған үлкен су тасқыны болып, аумақты тазарту жұмысы басталды.

Француз метеорологтары оңтүстіктегі Ардеш және Лозер департаменттерінде 48 сағаттың ішінде 700 миллиметрге дейін жаңбыр жауғанын хабарлаған. Бұл Париждегі жылдық нормадан көп.

Франция премьер-министрі Мишель Барнье елдің бірнеше аймағында адамдардың өмірі мен мүліктерді, маңызды инфрақұрылымды сақтауға бағытталған 2300-ге жуық операция жасалғанын мәлімдеді.

«Біз климаттың өзгеруі жағдайында барлық салаларда тәуекелдер мен апаттардың жиі қайталануына дайын болуымыз керек. Еуропалық қауымдастыққа кіретін елдер қаншалықты бірге дайындалсақ, соғұрлым жақсы. Апаттың салдарымен күрескеннен оның алдын алу арзан болатынына бұрыннан айтып келемін. Менің ойымша, біз әрі қарай жүруіміз керек және барлық санаттағы дағдарыстар, мысалы, теңіз апаттары, өнеркәсіптік апаттар, цунами, жер сілкінісі, ірі су тасқыны, ірі пандемия, біз бұрыннан көргеніміздей, лаңкестік қауіппен бірге – олардың барлығын алдын ала болжауға және оларға еуропалық деңгейде бірге төтеп беруге дайын болу керек», – дейді Премьер-Министр.

Алапат су тасқынынан ғимараттар қирап, электр желілері үзілген. Бірнеше аймақтан 1000-нан астам адам эвакуацияланған. Фото newsbook.com.mt сайтынан алынды. Авторлығы: Vigili del Fuoco 

Француз үкіметі алғаш рет енгізілген FR Alerte ескерту жүйесін жоғары бағалауда. Оның көмегімен зардап шеккен аудандардағы тұрғындарды жоспарланған сапарларды кейінге қалдыруға немесе болдырмауға, қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақыратын мәтіндік хабарламалар таратылған.

Францияның орталығында апат орасан зор шығын әкеліп, халықты жарықсыз қалдырды. Қатты су тасқынынан ғимараттар қирап, электр желілері үзілген. Бірнеше аймақтан 1000-нан астам адам эвакуацияланған, бірақ олардың көпшілігі жұма күні (18 қазанда) үйлеріне оралған.

Бейсенбіде (17 қазан) SNCF ұлттық теміржол операторы теміржол жолдардың шайылу қаупіне байланысты Лион мен Сент-Этьен қалалары арасындағы аймақтық пойыз қатынасын тоқтатты. Компания өкілдерінің айтуынша, жергілікті теміржол қатынасы бірнеше күнге үзіледі.

Екі қала арасындағы негізгі тас жолды да су басып, жұма күні жолдар жабылған. Жұма күні таңертең Météo-France ауа райының қолайсыздығына байланысты қызыл дабыл деңгейін алып тастағанымен, әлі де оңтүстік-батыс аудандарда қатты жаңбыр мен су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертуде. Францияның ішкі істер министрлігі зардап шеккен аймақтарға қосымша 1500 құтқарушы жібергенін хабарлады.

Италияда да үлкен су тасқыны болды, Эльса және Сальсо өзендері арнасынан шығып кеткен. Фото naked-science.ru сайтынан алынды

Италияда да үлкен су тасқыны болды. Бұндағы су тасқыны туралы қызыл және қызғылт сары ескертулер сейсенбіге (22 қазан) дейін сақталды. Ең көп зардап шеккен Эмилия-Романья аймағы: Болоньяда су тасқыны алып кеткен көлікте кішкентай бала апаттың құрбаны болды.

Тосканадағы Эльса және Сицилиядағы Сальсо өзендері арнасынан шығып кеткен, екі аймақтың тұрғындарына аса қажет болмаса, жол сапарларға шықпауға кеңес берілді. Дабыл деңгейі сейсенбіге (22 қазан) дейін төмендейді деп күтілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.