Әншінің бұған дейінгі жазбасы қызу талқыға түскен болатын.
«Сау басқа сақина тілемеңіздер»: әнші Меруерт Түсіпбаева блогер қыз-келіншектерді сынады
Фото: instagram.com/meruert_tusupbaeva
139
оқылды

Әнші Меруерт Түсіпбаева қыз-келіншектерді әлеуметтік желіге жеке өміріне қатысты дүниені жарияламауға шақырды, – деп жазды  Aikyn.kz. 

Өнер иесі желіде өміріндегі жайттарды айтып, жылап отырған видеосын салатын адамдарды сынаған болатын. Сонымен қатар әйелдердің толғатып жатқан бейнежазбасын жариялауы орынсыз екенін атап өтті.

“Менің жазбама қатысты адамдар хабарласып жатыр. Көптен бері сол туралы жазғым келіп жүрген. Негізі ол – жаман үрдіс. Қабылдайсыздар ма, қабылдамайсыздар ма6 маған бәрібір. Ренжісеңіздер көшке қосқан тайлақтарыңызды алып кетіңіздер. Қанша адам, қаншама блогер, танымалдар, танымал емес жандар бар. Желіде толғатып жатқан әйелдер видеоларын жүктеуі – ұят. Біз, үлкендер тәрбие береміз ғой. Жыласаңыздар, іштеріңізден тығылып, оңаша жылаңыздаршы, қыздар. Не болса да, құпия мен мұңдарыңыз іштеріңізде өлсін. Қыздар! Сау басқа сақина тілемеңіздер! Құдай жылатпасын", – деп жазды Меруерт Түсіпбаева. 

Әншінің бұған дейінгі жазбасы қызу талқыға түскен болатын. 

“Қыздар-ау, кім болсаң да, желіге видео салып, ебіл-дебіл жылауды қойыңдаршы. Жиіркенішті. Қай жерден көріп, қай аталарыңнан естідіңдер қазақтың қызының дүйім жұрт алдында егілгенін?! Біздің аналарымыз басына қандай іс түссе де, сабырлық танытқан, көз жасын көл қылмаған. Жылаудың өзін жаман ырымға балаған. Жар салып, жер тепкілеп, қиындықтарын жайып салмаған. Көз жастарыңды сорғалатып, желіге видео салмай, жаныңдағы жарыңа, досыңа айт. Есікті тарс жауып, өзіңмен-өзің жыла. Тауға барып бар дауысыңмен айқайла, шарап іш. Трагедияны тұншықтыратын амал көп қой. Құдай үшін, көз жастарыңды көл қылып, видео салмаңдаршы. Сендер үшін жұрттан мен ұяламын. Онсызда жетісіп жүрген адам жоқ. Күліп жүрейікші, қыздар! Сырымызды ішімізде сары майдай сақтап, құпиялы-сырлы жұмбақ әйел болып жүрейік. Біздің проблемаларымыз кімге керек?!” – деп жазған еді әнші. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.