Интеграциялық процестердің келешегі зор
Интеграциялық процестердің келешегі зор
225
оқылды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне барды. Бұл туралы  Елбасының баспасөз қызметі хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев ректор В.Садовничиймен кездесіп, Тұңғыш Президент – Елбасы кітап­ханасының еуразиялық интеграция идеясына арналған көрме экспозициясымен танысты және университет музейін аралап, Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. В.Садовничиймен кездесу барысында Елбасы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті жоғары беделге ие екенін және ха­лықаралық деңгейде мойындалғанын атап өтті. – Университет жоғары сұранысқа ие маман­дық­тар бойынша кадрлар даярлайтын Ресейдегі ең ірі және маңызды оқу орны, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның Тұңғыш Президенті пост­кеңес­тік кеңістіктегі интеграциялық процестердің даму тарихына тоқталды.
– Мен 1994 жылы наурыз айында Мәскеу мем­лекеттік университетінде Еуразиялық эконо­микалық одақ құру идеясын айтқан болатынмын. Сол кезде алдағы ынтымақтастық жоспарының тұжырымдамасын ұсындым. Ал 2014 жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қиындықтарға қарамастан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасын­да­ғы сауда айналымы өсіп келе жатқанын атап өтті. – Қырықтан астам ел одаққа қосылуға ниет білдірді. Қазір әлемде интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес. Интеграция мемлекеттің одан әрі дамуына мүмкіндік береді. ЕАЭО-ның келешегі зор деп санаймын. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның аста­насында орналасқан Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының даму қарқынына тоқталды.
– Ресей президентімен жа­салған келісімге сәйкес елор­дамызда Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын аш­тық. Қазір филиал кеңейіп жа­тыр, орын жетіспеушілігі бай­қалады. Сондықтан біз жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын оқу корпусын Мәскеу мемлекеттік универ­ситеті фи­лиа­лына береміз, – деді Елбасы.
Білім және ғылым министр­лігінің ақпараты бойынша, оқу ғимараты Сарыарқа ауданында орналасқан және 800 студентке арналған. Сонымен қатар фи­лиал­дың жаңа ғимараты оқу орнының ғылыми әлеуетін да­мытуға ықпал етеді. – Егер біз алға жылжып, ғылыми-техникалық прогрестен қалмайық десек, білім саласын дамытуды қолға алғанымыз жөн. Сондықтан Қазақстанда Назарбаев университетін аштық. Сондай-ақ университет дең­гейіне сай келетін талапкер­лерді дайындау үшін республика бойынша 22 зияткерлік мектеп салдық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Өз кезегінде ректор Виктор Садовничий Нұрсұлтан Назарбаевқа сапары үшін риза­шылығын білдіріп, Елбасының Еуразия құрлығындағы интегра­циялық үдерістерді нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
– Мен Сіздің университетке деген көңіліңізді жоғары баға­лай­мын және ЕАЭО-ны да­мытуға қос­қан үлесіңізге тән­тімін. Сіз дұ­рыс және нақты ше­шімдер қа­был­дадыңыз. Үнемі ынтымақ­тас­тыққа ұмтылдыңыз, – деді ректор.
Кездесу соңында Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті докторы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары награда – «Мәскеу университетінің жұл­дызы» табысталды.