Тәтті бағасы қатты
Тәтті бағасы қатты
420
оқылды
Елімізде шығарылатын «Қа­зақстан» шоколады ше­телде жақсы танымал еке­ні белгілі. «Рахат» фаб­ри­касының өнімін бүгінде біраз жұрт танып, дәмін татып та үлгерді. Десе де, кон­дитерлік өнімдер сапа­сымен бренд қалып­тас­қан­дай болғаны­мен, сырт­қы нарыққа үлкен көлемде сату ісін аса ұқсата алмай отырған жайымыз бар.  2019 жылдың 12 айында елі­мізде шоколад пен кондитер өнім­дері 97,7 мың тоннаны құрады. Бірақ бұл бір жыл бұрын­ғы көр­сет­кіштен 7,2%-ға аз. Аталған тауар түрлерімен ішкі нарықтың 41,7%-ын қамтимыз, қалған 58,3% (104,3 мың тонна) сырттан ке­ле­ді. Қазақстанға шоколад жә­не кондитер өнімдерін негі­зі­нен Ресей, Украина, Түркия экспорттап отыр. Дегенмен отандық конди­тер­лер 2020 жылды жақсы бастады. Energyprom.kz мамандарының мәліметінше, былтырғы қаңтар­дағы көрсеткішке қарағанда шо­ко­лад өндірісі бірден 8,3%-ға, ал печенье – 2,2% өскен. Бұл тұр­ғыда шоколадтан жасалатын кон­дитерлік өнімдер өндірісінің рес­публикалық көрсеткішінде Ал­матыдан (52,4%) кейінгі  орын­да Қостанай мен Алматы об­лыс­тары тұр. Өйткені Алматыда сала­дағы алпауыт кәсіпорын «Ра­­хат» фабрикасы жұмыс іс­тей­­тіні белгілі. Айта кетейік, кәсіпорын қазір оңтүстіккореялық LOTTE Confectionery кондитерлік ком­па­­ниясына тиесілі. Был­тыр «Ра­хат­тың» Шымкент қаласын­дағы филиалы өнім өндіру қуатын 2,4 мың тоннаға жеткізді. Бұл мез­гілде компанияның жал­­пы саты­лымының 25%-ы экс­­портқа шық­қан. Негізгі ба­ғыт – Ресей (61%), Қырғыз Республикасы (15%), Тәжікстан (6%) және Ук­раи­на (7%). Қазіргі сәтте Қы­тай­мен сауда келісімі қарас­ты­рылып жатыр. Бір айта кетерлігі, печенье мен тәтті нан және шоколад өнім­дері нарығында импорттық өнім­дер көп сатылғанын байқай­мыз. Мәселен, 2019 жылдың қо­рытындысы бойынша печенье мен тәтті нан нарығында импорт­тың үлесі – 38,6%, шоколад пен одан жасалатын өнімдер на­­рығындағы импорттың үлесі  51,6% болған. Бірақ бұл отан­дық өнімнің сапасы сын көтер­мей­ді дегенді білдірмейді. Ма­ман­дардың айтуынша, бізде ішкі нарыққа импортталатын өнім сапасына бақылау төмен. Шетелдік тауардың сапасы төмен болғанымен, құны арзан. Оған қоса, еліміздің нарығын жаулап алған ресейлік өндірушілердің демпингі басым түсіп жатыр. 2018 жылы Қазақстанға 170 мың тонна өнім келсе, соның 140 мың тоннасы Ресейден жеткізілген. Әйтсе де, Ресейден келетін өнім құрамында трансмай көп. Отан­дық зертханалар олар­дың құрамын зерттеп, транс­май­дың үлесі жоғары екенін анық­тағанымен, әрі қарай шара қолданып тыйым салу тәр­тіб­і әлсіз. Тексеруші орган­дар­дың отандық өнімге келгенде бапандай болғанымен сырттан кіретін өнімді жіті тексеруге тісі бата қоймайды. Негізінен ішкі нарықты толық қамтуға әлеует жеткілікті. Өйткені елімізде «Рахат» фабрикасынан бөлек, Қарағандыда «Қарағанды кәм­питтері» ААҚ және Қоста­най­да «Баян сұлу» ААҚ секілді ірі кәсіпорындар бар. Одан бөлек, өңір­лерде шағын кондитер цех­тары жұмыс істейді. Бірақ біз­дің өнімнің өзіндік құны қым­батқа түседі. Мәселен, 2019 жыл­дың қаңтар-желтоқсан ара­лығында өнім бағасы өткен жыл­дан 7,7% қымбаттапты. Өйткені кондитер та­уарының негізгі шикізаты – қант­тың бағасы тұрақсыз. Ши­кізат құны өскен сайын, өнім құны қоса көтерілетіні анық. Ал сатып алушы отандық қымбат өнімді алғысы келгенімен қалтасы көтермейді, еріксіз шетелдік тауарды таңдайды. Сондықтан отандық кондитер өнімдерінің өрісін кеңейтуге көмек беретін мемлекеттік саясат қажет.  

Дастан ДУМАН