Төтенше жағдай: Таразда той тыйылмай тұр
Төтенше жағдай: Таразда той тыйылмай тұр
362
оқылды
Жаһанды дүрліктірген СOVID-19 вирусының елі­мізге келгені қалың көп­шілікті алаңдатып отыр. Мемлекет шұғыл шаралар қабылдап, төтенше жағ­дай енгізгенімен, ел ішін­де індетті көзге ілгісі кел­мейтіндер әлі де бар. 

Кәсіпкерлер ескертуді елемеуде

Әрине, мұндай қырағы сақ­тық шаралары қос қолдап қол­дауға тұрарлық. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­мізде төтенше жағдай жария­лаған күні-ақ Таразда той той­лан­ғанын қалай түсінуге бо­ла­ды? Сөзбе-сөз келтірсек, төтенше жағдайға байланысты Президент Жарлығында: «Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын» делінген. Бұны Президент телеарна арқылы халыққа жолдаған үндеуінде де айтты. Сонда тараздық кәсіп­керлерге Тоқаевтың Жарлығы жүрмегені ме? Оған қоса, об­лыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев мобильдік топты бастап, тойханалар мен мей­рамханалар иелеріне бір күн бұрын ескерту жасап шыққа­ны­нан ел құлағдар. Демек, жергілікті биліктің ескертуін тараздық кәсіпкерлер елемеді деген сөз. Төтенше жағдай жариялан­ғаннан бір күн бұрын облыс орта­лығындағы бірқатар тойханаларға тұтынушы ретінде хабарласып, қауіпті науқан кезінде той өт­кізетіндіктерін, әлде жоғын сұра­ған едік. Сол кезде барлы­ғы бірауыздан той өткізе беретін­діктерін айтқан болатын. Сон­дай-ақ әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпарат тарап, халықтың ойын сан-саққа жүгірткен. Мәселен, «Мейрамханалар» деген тараздық өнер иелеріне ар­налған WhatsApp топта тойхана иелері тұтынушыларына үндеу жариялады. Онда: «Тойханалар емес. Ночной клубтар деді министр. Инстаграмға салмаңдар елді шулатпай. Келген асаба, әншілер, бишілер де салмасын соц.сетьке. Тыныш өткізіп алу керек тойларды», – деп хабарлама тастады. Ал мейрамхана мең­герушілері отыратын топтан «Қыздар, ресторандар тоқта­майды. Жана сағат 15.00-де тоқтайды деп еді. Кешкі сағат 17.00-де тоқтамайды деген указ келді. Урааа...» деген тағы бір хабарлама жетті. Осындай WhatsApp желісіндегі аудио және қолжазбаларды көргеннен кейін көңілімізге күдік ұялап, төтенше жағдай жарияланған дүйсенбі күні кешкілік Тараз тойханаларына рейдке шықтық. Жарты сағат өтпей көзімізге Лермонтав көшесі бойындағы «Аяулым» мейрамханасында дүркіріп той өтіп жатқаны түсті. Ішке енсек, кәдімгі 200 адамға арналған үйлену тойы өтуде. Бетперде тағып немесе адам көп шоғырланған орында сақтанып отырған бір пенде жоқ. Асыр салып би билеп, бір-бірімен құ­шақтасып, құттықтасып жатқан халық. Тойхана меңгерушісі Гүлжан Жамированы сөзге тар­тып, не себепті төтенше жағдайда мейрамханада той тойланып жатқанын сұрадық. – Президенттің үндеуін естідік. Індетке қарсы ескертуін де біліп отырмыз. Алайда той иелері қоймай қойды. Ташкент­тен шақырған қонақтары келіп қойыпты. Малын да сойып қой­ған. «Соттаса да, басқа қылса да той өтуі керек» деп қоймаған соң, бүгін той өткізіп жатырмыз. Алайда уәде беремін, ертеңнен бастап той өткізбейміз, – деп мейрамхана меңгерушісі ант-су ішті. Әрине, көптен күткен қуа­ныш болғаннан кейін қазақ ештеңеге қарағысы келмейтіні белгілі. Алайда Өзбекстан мем­лекетінде өткен аптада коро­навирус дерті тіркелгенін ес­керсек, Ташкенттен келген қонақтардың індет жұқтырып әкелмегеніне кім кепілдік бере алады? Беті аулақ әрине, алайда ертең сол тойханадағы 200 адам бірдей карантинге жабылып, ауруға шалдыққаны анықталып жатса, елге не бетімізді айтамыз? Президент Жарлығында ше­кара шегенделсін деп тапсырма берілгенде, Өзбекстан мемле­кетінің азаматтары Тараздағы тойда қалай тайрандап жүр? Жарлықта: «Қазақстан Респуб­ликасының және шет мемле­кеттердің дипломатиялық қыз­метінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Респуб­ликасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сон­дай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін» делінген. Ташкенттен келген той қонақтары төтенше жағдай жарияланғанға дейін елімізге кіріп қойды дегеннің өзінде, олардың жүріс-тұрысын бақы­лап, тексеріп отыруы тиіс бір құзырлы орган болуы керек емес пе?  width= Біз журналистік «бар­лауымыз» кезінде Қ.Тұрысов көшесінің бойындағы «Ыдырыс» мейрамханасында да той өтіп жатқанын анықтадық. Мұнда да 200-ге жуық адамға үйлену тойы түндігін түріп, халық шат-шадыман. Аталған тойханада да төтенше жағдайды елеп, ескеріп жатқан халық та, мейрамхана иесі де жоқ.  

Билік тарапынан қатаң шара қажет

Біз осылайша небәрі жар­ты сағаттың ішінде екі бірдей тойханада той тойланып жат­қа­нын көзбен көрдік. Бұл түні қаланың басқа жерлерінде та­ғы қанша той тойланғаны бір Құдайға аян. Енді мұндай жауап­сыз­дыққа не  деуге бо­лады? – Алдыңғы күні ғана тойда болдым. Коронавирус дертін ойлап жатқан тойхана иелері де, той берушілер де жоқ. Кә­сіп­керлер әрине ең бірінші шы­ғынға түсіп қалмауды ойлайтыны белгілі. Мұндай жағдайда билік тарапынан қатаң шара керек. Ораза кезінде де бір айға той тоқ­тағанда кәсіпкерлер шыдайды ғой. Неге қазір де олар сабырға кел­мей отыр? Естеріңізде болса, өткен жылы тойды сағат 19.00-де бастап, 00.00-ге дейін аяқтау туралы билік тарапынан талап қойылғанда бәрі соған мойынсұнды. Осы сынды ат­қару­шы билік тарапынан батыл қадамдар керек. Оған қоғам бел­сенділері мен зиялы қауым өкіл­дері көмектесуі қажет. Азар болса, тойханалар мен өнер иелері аз-маз табыстан қағылар. Беті аулақ, алайда бір тойханада болған халықтың бәрі коронавирус жұқтырыпты дегеннен гөрі, осы дұрыс емес пе? – дейді ақын Үміт Битенова. Бұл пікірмен халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген де келіседі. «Жамбылда күнде той болып жатыр. Жерлестеріміз әлеуметтік ортақ жауапкершілік бар екенін түсінбей ме, әйтеуір ерегісіп жат­қандай той жарысын тоқтатар емес. Тойхана иелері меніңше бетімен кеткен, тоңмойын, ақша үшін Құдайдан да қорықпайды. Екі мейрамхананың наурыз айына 40-тан аса тапсырыс қа­былдап қойғанын естідім. Қа­зіргі жағдайда осындай той­ха­наларға той өткізуге қатаң тыйым салу қажет», – деп об­лыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Мылтықбайұлы Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді. Иә, аға буын үлкендер тө­тенше жағдай кезінде тойдың өткізілуіне қарсы. Алайда кәсіп­керлер мен той иелері мұны құ­лаққа ілмей жатқандай. Ал жер­гілікті билік «арнайы топ құрып, тексеріп, ескертіп жатырмыз» дегенімен бұдан нәтиже шықпай жатқан секілді. Олай дейтініміз, кеше Тараздағы кафелер мен демалыс орындарының бір­қатары жұмыс істеп тұрды. Ал түнгі сағат 23:00 шамасында қала тұрғыны GALAXI ARENA ойын клубында 100-ге жуық жасөспірімнің бетпердесіз, бір орында шоғырланып отырғаны туралы әлеуметтік желіде жаз­ды. Артынша-ақ облыстық Полиция департаменті аталған мекенжай бойынша арнайы топ жіберілгенін мәлімдеді. Міне, осы сынды кәсіпкерлердің жауапсыздығы алаңдатып тұр. Ал тойханалардың бірі төтенше жағдайда еш қымсынбай той өткізіп жатса, енді екіншісінің меңгерушісі WhatsApp топтар арқылы тойды тыныш өткізіп жіберуге шақыруда. Сондай-ақ Шу ауданында тойы наурыз айына белгіленген той иелері «Бізге ешқандай тапсырма кел­ген жоқ. Сондықтан тойды өт­кізе береміз» деп отырғандары ту­ралы да хабар жетті. Сонда мұн­дағы жұрт төтенше жағдай дегенді түсінбей ме? Әлде об­лыста құрылған мобальдік топ тиісті деңгейде жұмыс жа­самай отыр ма? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл мәсе­лені толықтай зерделеп, жауап­тыларды жауап­кер­шілікке ша­қырады деп се­не­міз. Әйтпесе мұның арты жақ­сылыққа апар­майтыны анық.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы