Алматыға нақты себебі барлар ғана өткізіледі
Алматыға нақты себебі барлар ғана өткізіледі
© сурет интернеттен алынды
191
оқылды
Кешеден бері Алматы карантинге жабылды. Ал 22 наурыздан бастап қала толықтай оқшауланады. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 22 наурызға дейін сыртта жүрген қала тұрғындарына қалаға кіруге, ал Алматыда жүрген басқа өңірлердің азаматтарына тұрғылықты жерлеріне жетіп алуына рұқсат беріліп отыр. 19 наурызды қоса есептегенде үш күнде, яғни 22 наурызға дейін адамдар карантин кезінде қайда болатынын анықтап, қалаға кіріп не шығып үлгеруге уақыт берілді. Блок-бекет орнатылғалы бері қалаға 17810 автокөлік кірген, оның 16038-і жеңіл автокөлік, 663-і микроавтобус, 1109-ы жүк көлігі. Онда барлығы 47325 адам болған. Алматыда тұрмайтын 2374 көлік иесіне қалаға кіруге рұқсат берілген жоқ. Осы уақыт аралығында қаладан шыққан 10772 көлікте 27032 адам болған. «72 сағаттың кімдерге берілгенін атап өтейін: бірінші кезекте Алматыда ресми түрде тұратын тіркеуі бар азаматтар, қандай да бір белгілі себептермен өз үйлеріне жете алмағандар. Олар 72 сағаттың ішінде өз үйлеріне жетуіне болады. Тура осындай белгілі себептермен біздің қаладан басқа өңірлердің тұрғындары шыға алмаған жағдайда осы үш күннің ішінде шығып кете алады», – деді Қалалық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. Қалаға тек медицина қызметкерлері, қоғамдық тәртіпті қадағалаушылар мен азық-түлік тасымалдаушылар ғана қатынай алады. Ал шұғыл шаруамен Алматыға кіруге тура келсе әкімшілік жанынан құрылған штабқа өтініш жасай аласыз. «Бәрі бөлек-бөлек қарастырылады. Әр бекеттің құрамында әкімшіліктің қызметкерлері бар. Сол қызметкерлер туындаған жағдайды өздері мұқият шешетін болады. Мысалы, ота жасату керек болған жағдайда қолдарында медициналық құжаттары бар болса, әрине, өткізіледі», – деді Қалалық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. Қазіргі таңда қалада кафе, мейрамхана, сұлулық салондары, фитнес-орталықтар, азық-түлік емес дүкендер жұмысын тоқтатты. Дәріханалар мен азық-түлік дүкендері қалыпты жұмыс істеп тұр. Ірі дәріханаларда ішке қарай 10 адамнан ғана жіберіп отыр. Оның есесіне сыртта күтіп тұрғандардың қарасы көп. Адамдардың азық-түлік алуына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Дегенмен тұрғындардың дүкендерден қант, макарон, күріш сияқты өнімдерді көбірек алып жатқаны аңғарылады. Көшелерде автокөліктер бар, бірақ бұрынғыдан анағұрлым азайған. Қоғамдық көліктер қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ