Алматыда коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы орын дайындалды
Алматыда коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы орын дайындалды
132
оқылды
Қазіргі уақытта Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 73 жағдайы тіркелді. Оның жетеуі сауығып жазылған. Қазір қалалық жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-дан ем алып жатқан 66 пациент бар. Жаңадан анықталған алты адамның төртеуі байланыста болғандар, бір пациент 19 наурызда Минск – Алматы рейсімен және тағы осы күні Ыстамбул – Алматы рейсімен ұшып келді. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар, қазір ол Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге жатыр. Қазіргі кезде ауырып жатқандардың жағдайы: 58 науқаста – қанағаттанарлық, 1 ересек науқаста – ауыр, 6 ересек адамда орташа ауырлықта және 1 балада орташа ауырлықта, жақсаруда. Провизорлық орталықтарда 1046 адам бар, оның ішінде 102-і – бала. Алматыдағы провизорлық орталықтар саны алтыға дейін көбейгенін атап өту қажет. Бұған дейін 4 орталық болды. Карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және бір жатақхана бөлінді. Қазір 419 азамат карантиндік оқшаулауда жатыр. Бұл шетелден келген адамдар. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылуда. Келгеннен кейін олардан COVID-19-ға талдаулар алынуда. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйлеріне жіберіледі. «Алматы медқызметкерлерінің қаланың сыртынан келіп қызмет істейтіндерінің саны 12 мыңнан асады. Бүгінгі таңда қалада 8500-ге жуық медқызметкерлер, оның ішінде, әсіресе инфекциялық ауруханада, провизорлық салада жұмыс істейтін азаматтар тегін жатын орындармен және тамақпен қамтамасыз етілді. Егер мекеме басшылары сұраныс жасаған жағдайда, басқа да мекемелердің медқызметкерлерін жатақхана, хостель, қонақ үйлерге орналастыру әлі де болса қалалық штабтың тарапынан қарастырылып жатыр» деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. Қазір қалада жаппай дезинфекциялау шаралары жүргізіліп жатыр. «Бұл адам денсаулығына, сондай-ақ жануарлар үшін қауіпсіз бе?» деген сұрақ тұрғындарды мазалап отыр. Қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың айтуынша, жаппай жасалып жатқан дезинфекциялау шараларына, яғни көшелерге, тротуарларға, балалардың ойын алаңы, басқа да көпшілік орындарға жасалып жатқан дезинфекциялық сұйықтықтар 0,5 пайыздық гипохлорид натриді, одан улану қаупі аз. Адам және жануарлар өміріне қауіпсіз. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталуда. «Осы уақыт аралығында 13 наурыздан бастап аурудың өршуі 3 рет байқалған. 5-ші күні – тәулігіне 9 адам, 15-ші күні – 16 адам, 18-ші күні – 10 адам тіркелген. Талдау нәтижелеріне сәйкес 73 адамның 97 пайызы сырттан жұқтырып келгені анықталды. Басқа елден келген 26 адам келесі күні 45 адамға жұқтырған. Алматыда болған 2 адамның байланыста болған адамдары санаулы ғана» деді ол. Қалалық бас санитар дәрігердің айтуынша, ауырғандар жас ерекшелігіне қарай топтастырылған. Олардың көпшілігі – 30-39 жас аралығында, одан кейінгілері – 20-29 жас аралығында, үшінші топқа 50-59 жастағы адамдар кіреді. Алматыда коронавирус жұқтырғандардың 62,5% – әйелдер, 37,5% – ерлер», -  деді Айзат Молдағасымова. Жедел штаб коронавируспен ауырып, қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмін бекіткен. «Осы алгоритмге сәйкес, КВИ індетінен қайтыс болғандардың мүрдесі ашылмай, дезинфекцияланады. Жерлеу рәсіміне қатысатындар саны шектеледі. Жерлеу үшін арнайы полигон анықталған. Аталмыш алгоритм  қауіпті індеттен қорғау үшін санитарлық ережеге сай жүргізіледі. Мұның бәрі қарастырылған. Кремация болмайды», -  деді ол. Полигон қаланың сыртында, оның маңайында елдімекен жоқ. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ