Кәрізден қақпақ кетсе
Кәрізден қақпақ кетсе
238
оқылды
Алматы қаласы Жетісу ауданында түн ішінде «Құ­лагер» ықшамауда­нын­да 27 кәріз қақпағы жоғалып кетті. Кәріз қақпақтарын ұр­лағандар ұсталды. Осын­дайда карантин жа­рия­ланып, ел дүрлігіп, үй­лерінде жатса, ұрылар жо­рыққа шықты ма дерсіз. Ал металл қабылдау орын­дары кәріз қақпақтары ға­на емес, әскери поли­гон­нан әкелінген снарядтарды да қабылдап жатыр. Оның арты қайғылы жағдайға да апарғаны белгілі.  

Қақпақ жымқырғандар

Бұл қылмыс алдымен әлеумет­тік желілерден белгілі болып, кә­сіпорын иесі полицияға хабар­лаған. Ол қаскөйлер келтірген материалдық шығын шамамен 500 мың теңгеге бағаланып отыр. Ұрлықты ашу үшін, бейнебақылау жүйесін қарап шыққан полиция өкілдері жазба арқасында үш күдіктіні анықтап, қамауға алады. Олар Алматы облысы, Еңбек­шіқазақ ауданының 27-37 жас аралығындағы тұрғындары болып шықты. Ұрланған затты сату орны да анықталды. Қаланың Алатау ауданында орналасқан металл қабылдау орны екен.
– Жауап алу кезінде ұстал­ғандар ұрланған қақпақтарды 60 мың теңгеге сатқанын және олар­ды өзара тең бөлгенін айтты. Айыпталушылар қамауға алынды. Қазіргі уақытта сатып алушыны анықтау және ұрланған заттарды тәркілеу бойынша шаралар қа­былдануда. Сонымен қатар ұстал­ғандардың жеке басы, осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – дейді Жетісу аудандық Полиция басқар­ма­сының бастығы, полиция пол­ковнигі Дархан Мұсанов.
Дәл осындай ұрылардың ке­сірінен қаншама адам өмірі қиылды. Олардың ішінде балалар да бар. Ал металл қабылдау орын­дары бүгінгі күнге дейін қақпақ­тарды қабылдауды тыймай отыр­ғаны да күдік туғызады. Әлде оларға адам өмірі емес, қалтаға түсер ақша қымбат па? 2017 жылы бес-алты ай ішінде елордада 190 кәріз қақпағын ұр­лау фактісі бойынша 17 қылмыс­тық іс тіркелген. «2018 жылы қақ­пасыз жатқан люктер жайлы 2 800 өтініш түскен. 21 адам құдыққа түсіп кеткен, 1 адам қайтыс болды. Ал 2019 жылдың екі айының өзінде 500 шағым түсті. Елімізде металлл қабылдау және өткізу орындарының қыз­меті реттелмеген», – дейді Мә­жіліс депутаты Сергей Симонов Премьер-Министрге жолдаған сауалында. Сондықтан ол жо­ғарыда айтылғандарды заңға тә­уелді актілер деңгейінде реттеуді сұраған еді.
– 2000 жылдардың басында кәріз құдықтарының қақпалары, телекоммуникациялық сымдар, су құбырлары жаппай ұрланатын. Сол кезде Үкімет түрлі-түсті және қара металлдарды өткізуді заң деңгейінде реттей алатын ша­ра­лар қабылдады. Нәтижесінде, ондай жағдайлар аз болды. Алайда 20 жыл өткен соң мұндай ұр­лықтар қайта жасала бастады, – деді депутат.
Алайда бұл шара да өз нәти­жесін бермесе керек. 2019 жылы ақпанда 13 жастағы астаналық бала құдыққа құлап қайтыс бол­ды. Өрімдей жасты үш күн, үш түн іздеген еріктілер мәйітті құдықтан тапқан. Тіпті, баланың канали­зациялық құбырда 3 тәулік жат­қаны да анықталды. Құқық қор­ғаушылар мен Ұлттық ұлан сар­баздары, еріктілерден құралған 300-ден астам адам Бақдәулет Омарханды тоқтаусыз іздеді. Ол жұдырығын қысып, қабырғаға сүйенген күйі өлі табылған. Ал шілде айында Қостанай облы­сында 3 жасар қыз құдыққа құлап көз жұмған болатын. Қыз кәріз құбырындағы суға тұншығып қайтыс болған. Бүлдіршін ата-ана қарауынсыз болған екен. Құдық жеке тұрғын үй секторының аула­сында орналасқан. Алайда металл қабылдау орын­дары мұны құлаққа да қыстырмай отыр. Өйткені кәріз қақпағы ғана емес, оқ-дәрі қабылдау да тыйыл­май тұр.  

Қыршынынан қиылды қайран ғұмыр

Қапшағайда металл қабылдау пунктінде жарылыс болып, бір адам қаза тапты. Қорғаныс ми­нистрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 14 наурызда болған. Жарылыс салдарынан металл сынығын саралаушы қаза болды. «Қабылдау пункті иесінің айтуынша, 13 наурызда кешке белгісіз үш адам (қазіргі уақытта ұсталған) металл сынықтарын алып келгені анықталды, металл арасында жарылмаған оқ-дәрілер болған. Оқиға дерегі бойынша тексеру жүргізіліп, барлық жағдай анықталып жатыр. Металл сы­нық­тарын әкелгендер ұсталды», – деді Қорғаныс министрлігі. Бұл снарядтар «Қазақстан» жаттығу полигонынан заңсыз алынған болуы мүмкін. Онда жылына бес мыңға жуық зымыран атылады. Әр оқу кезеңінен кейін (сәуір-мамыр және қазан-қараша ай­ларында) инженер-сапер тобы­ның құрамы полигонды жарыл­маған оқ-дәрілерден тазалап шығады. Дегенмен жеке фраг­менттер басқа жерге түсуі мүмкін.
– Қабылданған шараларға, тыйымдар мен белгілерге қара­мастан, жекелеген «металл сынық­тарын жинаушылар» тыйым салынған аумаққа заңсыз кіріп, оқ-дәрілер жинайды. Өз кезе­гінде, жинау пункттері әскери полиция органдары тарапынан жүргізіліп жатқан түсіндірме жұ­мыстарына қарамастан, оларды заңсыз алады, – дейді ведомство өкілдері.
Министрлік бірнеше рет тұр­ғындардың өмірі мен денсау­лы­ғына зиян келтіретін (бүлдіретін) металл сынықтарын, өзге де әс­кери және басқа заттарды қа­был­дауға тыйым салатын заң­намаға өзгертулер енгізгенін атап өтті. Қазіргі уақытта қыз­меттің осы түрін лицензиялау бастамасы бо­йынша мүдделі мемлекеттік ор­гандармен ке­ліссөздер жүргізіліп жатыр, бү­гінде ол әлі реттел­мегені бел­гілі болды. Сырдың суы тобығынан кел­мейтін ұрылар мен металл сыны­ғын қабылдаушылар айылын жияр емес. Оларды төтенше жағ­дай да сабасына түсірер түрі көрінбейді. Заң бар, оны орындау да бар екенін білсек-ші!  

 width=     Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ