Ауыл-аймақты араламақ
Ауыл-аймақты  араламақ
327
оқылды

«Денсаулық» пойызы Алматыдан аттанды. Сәуірдің 29-нда басталған ұзақ жол жыл соңына дейін жалғасады. Шалғай аймақ­тар мен кішігірім станция­лардың ұзын саны – 195. Міне, сол аумақтың барлығы қамтылып, тегін медициналық көмек көрсетіледі. Мұндай жоба сонау 2010 жылы бастау алып, күні бүгінге дейін жемісті нәтижелерімен қуантып келеді.

Аталған жобаны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ния­сы акционерлік қоғамына қа­расты «Әлеуметтік жобалар қоры» кор­поративтік қоры мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жоба­ларды дамыту қоры Ден­саулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып қолға алды. Басты мақ­сат – неғұрлым көп халықтың медициналық көмек алып, қандай да бір дерттің ал­дын алу. Әсіресе, ауылдық жерде тұратын ағайын­ның емханаға баруға мүмкіндігі бола бермейді. Соның салдарынан аурудың асқынған кезінде біліп жатады. Осындай жағдайларды азайту үшін тоғыз жылдан бері меди­циналық пойыздар жолға шығып келеді.
Сала министрлігінің меди­циналық көмек ұйымдастыру комитетінің директоры Асқар Хорошаш мұндай пойыздардың алыстағы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беретінін айтты. Өйткені пойыз құрылымы осы мақсатқа арнайы жасақ­тан­дырылған. Барлық процедура­лық, диагностикалық кабинет­тер, кішігірім ота бөлмесі және телемедицина кешені де бар. «Жоба шеңберінде тұрғындар терапевт, офтальмолог, отола­рин­голог, невролог, хирург, аку­шер-гинеколог, кардиолог, сто­ма­толог, маммолог, педиатр және өзге де дәрігерлердің қа­был­дауында бола алады. ЭКГ, УДЗ жасатуға мүмкіндік бар. Егер нау­қастың жағдайы күрделі бол­са, оны анықтап, аудандық не об­лыстық емханаларға бағыт­тай­мыз», – дейді Асқар Хорошаш. 
Бұл жолғы ерекшеліктердің ішінде мамандардың салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, профилактикаға қатысты ке­ңестері бар. Себебі, көп дерттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану керек. 2018 жылы медициналық пойыздар 4 ай қызмет көрсеткен. Осы уақыт ішін­де 40 мыңнан астам адам қа­ралған. Тұрғындардың басым көпшілігінде қан айналым жү­йесі, онкологиялық және созыл­малы аурулар анықталған. 
«Пойыз Алматы қаласынан бастау алып, 21 желтоқсанға де­йін жүреді. Биыл баратын облыс­тардың санын арттырдық, Қа­зақ­станның барлық өңірлерінің 195 бекетін аралап шығады. Ме­ди­­циналық пойыз кестесіне сәй­кес бірінші болып Алматы облы­сы­ның тұрғындарына тегін меди­ци­налық көмек көрсетіледі. Осы өңірден соң пойыз Шығыс Қа­зақ­с­тан, Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан және Ақмола облыс­та­рына бағыт алады. Бұдан ары Ор­талық Қазақстан бекеттерінің тұр­ғын­дарына қызмет көрсете оты­­рып, пойызымыз батыс өңір­лер­ге алған бағыты оңтүстікке жалғасады да, Жамбыл облы­сын­да бағдарын аяқтайды. ­Жал­пы жол жүріп өту қа­шық­тығы он тоғыз мың ки­ло­метр­ден астам (19 093 км). Пойыз кестесі www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru сайттарында қолжетімді», – дейді Samruk-Kazyna Trust КҚ Бас директоры Дияс Әзбергенов. 
Жоба бюджеті – 473 800 000 теңге. Шығындар медициналық пойыздардың жүруін ұйымдас­тыруға, тамақтануға, жабдық­тар­ға, вагондарға техникалық қыз­мет көрсетуге, спутниктік бай­ла­ныс­ты қосуға, отынға және тағы бас­қаға бағытталады.