Тұрмыстық техниканы көршіден тасимыз
Тұрмыстық техниканы көршіден тасимыз
604
оқылды
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Қазақтың бұрынғы қо­ға­­мын­да «үй болу» ұғымы қа­лай баға­лан­ғанын кім білсін, қазір үй болудың өлшемі – ішін жиһаз бен тұрмыстық техни­каға толтыру. Ең алдымен бас­пана аласыз – ипотека, ішкі жаб­ды­ғын жасау – тұтыну несиесі. Қазақстанның электро құрыл­ғы және тұрмыстық техника на­рығына әлемдік трендтің әсері көп. Мәселен, мобильді телефондарға арналған сымсыз қосымшалар, смарт-сағаттар шыға салысымен, бірден біздегі дүкен сөрелерінен табылады. Яғни, сұраныс бар. Бұл тұрғыда Қазақстан нарығы тартымдылығы жағынан ТМД ішінде Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұр. Әсіресе, смартфондар мен теледидардың жаңа буынына сұраныс жоғары. Дегенмен тауарды қолма-қол ақшаға емес, несиеге алу көлемі үлкен. Alvin Market агенттігінің дерегінше, елімізде тұтыну бұйым­дарын бөліп төлеуге негіз­делген тұтынушылық несие қарқын­ды даму үстінде. Өйткені қазақстан­дықтардың сатып алу мүмкіндігі өспесе де, сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанның сыртқы сауда қатынасында ЕАЭО елдерінен бөлек, Қытайдың рөлі маңызды. 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында екі мемлекеттің сауда айналымы 2,2 млрд долларды құрады. Оның 1,4 млрд доллары экспорт үлесінде болса, 789,7 млрд доллар импортқа тиесілі. Алайда ақпан айының соңына қарай COVID-19 вирусының жаппай тарауына байланысты Қазақстан мен ҚХР сауда айналымы бірден 9%-ға төмендеп кетті. Қытай – біздің нарыққа негізінен телефон құрылғыларын, компьютер ма­шинасын және оның блоктарын, қара металдан жасалған заттарды жеткізіп беретін ел. Әрине, коронавирус панде­миясынан кейін «тарта жеуді» үйренген тұрғындар қымбат тауар алуға деген құмарлығын тежей тү­сері анық. Десе де, өмірге қажетті тұр­мыстық техника түрлері – тоңазытқыш, кір жуғыш машина, газ-электр плиталарға сұраныс тоқтамайды. Оған қоса, ипотека нарығының ұлғаюы да үйге қажетті жабдықтардың маңызын күшейтіп тұр. Шынын айтқанда, еліміз осы тұрмыстық техника атаулыны түгелге жуық сырттан сатып ала­ды. Негізгі өнімді Ресей (44%) мен Қытай (33%) жеткізіп отыр. Демек, қос көршіміз нарықтың 77%-ын жабдықтайды, ал қалған 10% сапалы, қымбат техника Еуропа одағынан, 4,5% Оңтүстік Корея мен Түркиядан келеді. Бір қызығы, оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан да өзінде құрастырған техниканы біздің нарыққа 4 млн долларға (2%) экспорттағаны белгілі болды.  

 ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫ КӨРШІЛЕРГЕ ТИІМДІ

Егер он жыл бұрын ресейлік тауарлар біздің нарықтың 10%-нан аспаса, 2018 жылы 44%-ға жеткен. Бұл басқа мемлекеттердің үлесі азайып кеткенін көрсетеді. Оған сөз жоқ, ЕАЭО талаптары әсер еткені анық. Ішкі нарықтағы тұрмыстық техникаларды жекелей алсақ, теледидардың 61%-ын Ресейден импорттасақ, 27%-ы қытайлық өнім. Бұл тұрғыда Өзбекстан үшінші жеткізуші мәртебесін иеленген. Оңтүстіктегі бауырлас ел негізінен шекарадағы Түркістан облысының тұрғындарын тауармен жабдықтауды жоспарға алғандай. Өзбекстандағы Artel компаниялар тобы шетелдік компаниялармен бірлесіп, теледидар құрылғысын құрастыруда және өнім макси­мал­ды бюджет сегментіне негізделген. Ал Ресей тауарларының соң­ғы жылдары нарықты жаппай жау­лауына Кедендік одақтың әсері көп. Екі ел арасындағы кедендік алымдардың алынып тасталуы РФ өнімін өткізуге мүмкіндік берді. Осылайша, интеграцияның он жылында тұрмыстық техника нарығы толығымен қайта құрылды деуге болады. Осы кезеңде еуро­палық тұрмыстық техниканың үлесі айтарлықтай төмендегенін байқаймыз. Мысалы, еуропалық тұрмыстық заттар 24%-дан 10%-ға азайса, түріктер мен оңтүстік кореялықтардың нарыққа қатысуы 9%-дан 4,5%-ға төмендеген. Ресейлік өндірушілер тауары­ның танымал болуына әсер ет­кен және бір фактор олардың бағасы қымбат емес әрі үшінші елдердің нарық бәсекесіне кіруіне кедергінің көп болуында дейді мамандар.  

 «КІСІДЕГІНІҢ КІЛТІ АСПАНДА»

Тұрмыстық техника жөнінен өзіміздің өндіріс жоққа тән. Ал­матыдағы LG зауыты теледидар құрылғысын құрастырғанымен, өнім көлемі тұтас елді қамтуға жет­­пейді. Оған қоса, нарықты өз­ге елдің арзан тауары толтырып қой­ғандықтан, отандық электро­­ника жабдығы өндірісін көбейту­ден дәл қазір аса пайда жоқ. Яғни, нарықтағы азғантай бос орын шетелдік инвесторларды қызық­тырмайды. Статистика комитетінің мәлі­метінше, Қазақстанда бірде-бір тоңазытқыш, кір жуғыш ма­ши­на, асүй плитасы мен конди­цио­нер шығарылмаған. Әр жыл­­дары «тұрмыстық техника шы­ға­ратын өзіміздің отандық кәсіп­­орындар ашылады» деген жос­пар­лар айтылғанмен, нақты өндіріс жүзеге асқан жоқ. Әрине, бұл тарапта қол қу­сырып қарап отыруға бол­майды. Неге десеңіз, біз секілді импорттық тауарға тәуелді бо­лып келген Өзбекстан соңғы екі-үш жылда өз өнімін шығаруға қол жеткізді. Олар бұл тұрғыда отан­дық өндірісті қолдауда мол субси­дия мен мемлекеттік мүддеге сүйеніп отыр. Сондықтан алдағы уақыт­та импорттаушы мемлекеттер корона­вирус дағдарысынан шығып, есін жиғанға дейін Қазақстан да өз өнді­рісінің жағдайын күйттеуі тиіс.  

Дастан ДУМАН