«Адам өмірін таразы басына салып ойнауға болмайды» – экономист Жақсыбек Құлекеев
«Адам өмірін таразы басына салып ойнауға болмайды» – экономист Жақсыбек Құлекеев
449
оқылды
– Әлемді дүрліктірген ко­ро­­навирус індеті біздің елі­мізге де жетіп, төтенше жағ­­дай жарияланып, қозға­лысты шектеуге алып кел­ді. Осыған байланысты ел ара­сында әртүрлі пікір бар. Олар­дың біразы елде жаса­лып жатқан карантин шек­теуіне күмәнмен қарап, «ол сон­шалықты халықты күй­зелтетін індет емес, сондық­тан қатаң шешім қабылдап, экономиканы тығырыққа тіреу­дің не қажеті бар» деген ой айтып жатыр. Жақсыбек Әбдірахметұлы, бұған не дейсіз? – Орынды сұрақтан бастап отырсыз. Әлеуметтік желіде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған елдегі шараларға қарсы пікірлер айтылып жатқаны рас. Бұл індет өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында басталып, қыс­қа мерзім ішінде дүниежүзіне таралып, пандемияға айна­лып үлгерді. Бұл әлем экономика­сы­­ның тұрақты дамуына орасан зор кесірін тигізіп отырғаны да дәлелдеуді керек етпейді.
Коро­навирустың адам өміріне тигі­зетін зардабы белгілі болған кезден бастап біздің елімізде де ауқымды қаражат бөлініп, індеттің алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары басталып кетті. Ал наурыз айының орта­сын­да елімізде осы індетті жұқ­тыр­ған алғашқы адам анықтал­ған­­­нан кейін төтенше жағдай жа­рия­ланып, халықтың еркін жүріп-тұруына қатаң тыйым салына бастады. Әрине, бұл – елдің бәріне ұнай беретін шара емес. Осы тұрғыдан алғанда, түр­лі пікірдің айтылатыны – заңдылық.
«Бұл шаралардың не қажеті бар, коронавирустың зардабы үйреншікті тұмаудан артық емес, экономиканы тығырыққа ті­реп, халықты күйзелткеннен не пай­да?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Қазір індет әлемге кең таралғандықтан, жинақталған статис­­тикалық мәліметтер жеткі­лік­ті. Олай болса, сұрақтың жауа­бын нақты деректен іздеген жөн. Қазіргі таңда жер бетінде 7,7 млрд халық өмір сүреді. Жылына дүниеге орта есеппен 140 млн нәресте келіп, 55 миллионнан астам адам қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 3 млрд-тан астам азамат тұмаумен ауырып, соның салдарынан бір миллионға жуық адам көз жұмады екен. Демек, өмірдің айырылмас сыңарындай болып кеткен үйреншікті тұмау да қатерлі инфекциялық ауру бол­ғандықтан, осы дертпен ауырған 3 000 адамның біреуі қайтыс болады. Өкінішті жағдай.
Сон­дықтан адам шығынын азай­ту үшін бүгінде тұмауға қарсы вак­цина ойлап тапты, емі бар. Жал­пы, өз өміріне жауапкершілікпен қараған азаматтардың бұл кесел­ден аман қалуына жағдай жасал­ған деп тұжырымдауға болады. Ал әзірге сыры беймәлім коро­навирус індетіне келетін болсақ, онда осы сәуірдің 6 жұлдызында әлемде бұл дертке шалдыққан адам саны 1,3 млн-ға жетіп, індет салдарынан 69,5 мың адам немесе 5,45 % көз жұмды. Басқаша айт­қанда, осы вирусты жұқтырған 1 000 адамның орта есеппен 54-і қайтыс болып жатыр деген сөз.
Бұл үйреншікті тұмаумен са­лыстырғанда 160 есе қатерлі ін­дет екенін байқау қиын емес. Оның үстіне, бұл індетпен кү­ре­судің әзірге тиімді әдісі табыл­май отыр. Бүкіл әлемде бұл ін­дет­пен күресудің жалғыз амалы – карантинді шектеу шарасы. Уа­қыты келгенде, әрине бұл індет­ке қарсы вакцина да, ем де табылары күмән тудырмайды. Алайда індетті барынша таратпаудың ең тиімді жолы – үйден шықпау, өздігінен оқшаулану. – Демек, қауіптің алдын алу үшін қатаң шаралар қажет болды ғой, солай ма? – Бұл індеттің қаупін ескермей, дайындық жұмысын кеш бастап, бармақ тістеп отырған елдер аз емес. Еуропаның Испания, Италия, Ұлыбритания секілді бірқатар дамыған мемлекеттері бұл індеттің қаупін елемей, шек­теу шараларын бір-екі аптаға кешіктіріп қабылдады. Соның салдарынан індет ол елдерде тез өршіп, медицина саласының коллапсқа ұрынуына әкеп соқ­ты.
Жаппай вирус жұқтырып, жан­дары қиналған азаматтарды қабылдауға емханаларда орын жетпей, сырқаттардың өкпелеріне жасанды вентиляция жасайтын аппарат тапшылығынан нәтижелі көмек көрсету қиынға соғуда. Соның салдарынан Италияда осы індеттің құрбаны болғандардың үлесі – 12%, ал Испания мен Ұлы­британияда 10% шамасында болып отыр. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен екі-үш есе жоғары. Демек, осы жағдай «сақтықта қорлық жоқ» деген аталы сөздің дұрыс екенін дәлелдейді.
Енді бір азаматтар Нидерланд, Швеция секілді Еуропа мем­лекеттерінде осы уақытқа дейін еш шектеу қойылмай отырғанын алға тарта отырып, Италияда қайтыс болып жатқан азаматтардың орташа саны жылдағы деңгейде, сондықтан жарияланып жатқан сандардан қорқудың қажеті жоқ деген пікір айтады. Бұл – жаңсақ пікір. Оған дәлел ретінде белгілі экономист А.Илларионовтың жеке парақшасында жарияланған зерттеулерінің нәтижесін көруге болады.
Италияның Бергамо про­вин­циясында осы жылдың нау­рыз айында қайтыс болған азамат­тардың саны өткен жылдың сәй­кес уақытымен салыстырғанда 6,1 есе көп болған. Кейбір про­вин­­цияларда бұл алшақтық 21 есеге дейін жеткен. Зерттеуші ста­тис­­­ти­калық мәліметтерді зер­де­лей келе, оның негізгі себебі коро­на­вирус деген тұжырымға келеді. Франция мен Германия секілді мемлекеттерде жағдай анағұрлым жақсы. Өйткені олар індеттің ал­дын алу шараларын жақсы ұйым­­дастырып, халықтың жүріп-тұруын алғашқы күннен қатаң бақылауға алды. Оның үстіне, бұл елдің халқы саяси билік қабыл­даған шешімге құрметпен қарап, тәртіпке бағынуды дәстүрге ай­налдырған. Оған қоса, олар – медицина саласы үздік дамыған мемлекеттер.
Елде жарияланған төтенше жағдай мен халықтың жүріп-тұруын шектеуге бағытталған қатаң шешімдердің дер кезінде және үлкен батылдықпен қа­былданғанын ерекше атап өтер едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты бірлік пен тәртіпке шақырған үндеуін бүкіл ел болып бір адам­дай қолдасақ, бұл індетті абыроймен жеңіп, та­­лай жақсы жаңа жетістікке же­тері­міз айқын. Елдің қауіпсіздігі – адам­дардың денсаулығы дер едім. Де­німіз сау болғанда ғана біз өз мем­лекетімізді өркендете алатыны­мызды ешқашан ес­тен шығар­ма­ғанымыз жөн. Сон­­дықтан ел­дің қауіпсіздігі үшін жасалған шек­теуге бәріміз түсініс­тік­пен қарап, шыдамдылық таныт­­қанымыз абзал дер едім. – ТМД аумағында бұл індетке көзқарас әртүрлі. Мәселен, Қа­зақстан мен Өзбекстанда қатаң шектеулер қабылданып жатса, Ресей мен Беларусьте бұл індетке деген жеңіл көзқарас байқалады. Неге? – Бізбен көршілес мемлекет­тердің осы індетке қарсы қабыл­дап жатқан шараларының әр­түрлі деңгейде екенін жасыра алмай­сың. Ол әр мемлекеттің бұл індетпен күресуге қаншалықты экономикалық мүмкіндігі бар еке­ніне және сол елдегі саяси билік өкілдерінің ішкі жағ­дайды қалай бағалайтынына байла­нысты. Мысалы, Ресей осы күнге дейін төтенше жағдай жария­лаған жоқ. Дей тұра, Мем­лекет басшысы В.Путин жергі­лікті жердегі атқарушы билік басшыларына-губернаторларға өңірлердегі ахуалға қарай қажет болған уақытта төтенше жағдай қабылдауына еркіндік берді.
Сонымен қатар Ресей прези­денті ішкі-сыртқы жолаушылар қатынасын шегерді, көптеген сервис саласының қызметін тоқ­татып, студент, оқушылардың каникул мерзімін сәуір айының соңына дейін созды, сол мерзімде аза­маттардың өз үйлерінде оқ­шау­­ланып отыруы үшін көп­ші­лікті жұ­мыстан босатты. Байқап қа­раған адамға Ресей Ұлы­британияның тәжірибесін қайталап жатқан секілді болып көрінеді. Осыдан 3-4 апта бұрын Ұлыбританияда ешқандай қатаң шектеу шаралары қабылданған жоқ болатын. Өкінішке қарай, бұл елде індет жұқтырғандар са­ны тез өсіп, клиникаларға ауы­рып, ауыр халде жеткізілетін адам­дар саны күрт көбейіп кетті. Соның сал­дарынан Британия саяси билігі аза­мат­тардың жүріп-тұруын шек­тейтін қажетті шешім қа­былдауға мәжбүр болды. Егер мем­лекет төтенше жағдай жария­лайтын болса, онда сол шешімнің салдарын шегетін бизнес өкілдері мен жеке тұлғалардың зардабына мемлекет жауапкершілік алуы керек. Мұның өзі бюджет тара­пынан қосымша үлкен шығынды қажет етеді. Бұл тұрғыдан алған­да осы жағдай қатаң шешім қа­был­дауға тұсау болып отырған болар деген ой туындайды.
Ресейдегі жағдай, әрине, бізді алаңдатады. Себебі,  ол – біздің негізгі сауда-экономикалық қарым-қатынас жасайтын көрші мемлекет. Егер бұл елде індет өршіп кететін болса, Қазақстанның экономикасына тигізетін кері әсері зор болатыны түсінікті.  Сондықтан да осы уақытқа дейін Ресей мемлекеті неге төтенше жағдай жарияламай отыр деген сұрақ туындайтыны рас. Алайда, оның себебін елдің нақты ішкі жағдайын жақсы білмегендіктен дөп басып айту оңай емес. Дегенмен, егер мемлекет төтенше жағдай жариялайтын болса, онда сол шешімнің салдарын шегетін бизнес өкілдері мен жеке тұлғалардың зардаптарына мемлекет жауапкершілік алуы керек. Мұның өзі бюджет тарапынан қосымша үлкен шығындарды қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда осы жағдай қатаң шешім қабылдауға тұсау болып отырған болар деген ой туындайды.
 Беларусь еліндегі жағдай пре­зидент А.Лукашенконың ұста­ны­мына байланысты болып отыр­­ғаны айдан анық. Бұл мем­лекетте бүгінгі күнге дейін ешқан­дай шектеу шарасы жасалып отыр­ған жоқ және жуық арада қабылданбайтын секілді көрінеді. Соның салдарынан жалпы бұқа­ра­ның қатысуымен болатын бар­­лық шаралар жоспарланған уақы­тында өткізіліп жатыр. Қазір Беларусьтегі жағдай аса қор­қы­нышты емес. Дей тұра, көр­ші­лес мемлекеттер бұл елдегі жағ­дайға әлеуметтік эксперимент ретін­де қарап отырған тәрізді әсер қал­дырады. Әзірге бауырлас елдің халқына амандық тілеп, осы эксперименттің нәтижесін күткеннен басқа амал жоқ.
Орта Азиядағы жағдайға келетін болсақ, ауызға алдымен Тәжікстан ілінеді. Мұнда бү­гінгі күнге дейін әлі бірде-бір коро­навирусты жұқтырған аза­мат тіркелген жоқ. Оны Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы да дәлелдеп отыр. Қолда бар мә­ліметке қарағанда, бұл мемлекетте індеттің алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары бір­сы­пыра жүргізіліп қойған. Ал Түр­кіменстандағы жағдай әлі түсініксіз, өйткені коронавирус жұқтырған азаматтар саны не болмаса нақты қандай дайындық жұмысы жүргізіліп отырғаны туралы еш жерде ресми мәлімет жарияланған жоқ. Қырғыз еліндегі жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. Мұнда коронавирусты жұқ­тырған азаматтар елдің бар ай­мағында тіркелді және олар­дың саны өте тез өсіп, қазір 200-ден асып кетті. Індетпен кү­ресу бұл мемлекет тарапынан үлкен шығынды қажет етіп отыр­ғаны қазірдің өзінде белгілі.
Қыр­ғыз мемлекетінің бүгінгі эко­но­микалық жағдайы әзірге қо­сымша қаражат тауып, осы індет­пен нә­ти­желі күрес жүргізуге мүм­кіндік бермей отыр. Соның сал­да­рынан осы мемлекеттің бас­шы­лығы Халықаралық валюта қо­рына өтініш жасап, 120 млн дол­лар шамасында қарыз ақша сұрауда. Жуық арада бұл қаржы Қырғыз мемлекетіне келеді, тек содан кейін ғана бұл елде нәтижелі шаралар іске аса бас­тауы мүмкін. Көршілес мемле­кет­тегі жағдайдың тұрақты болып, коро­на­вируспен нәтижелі күрескені Қазақстанның ішкі жағдайына да үлкен әсер ететінін байқау қиын емес. Көрші елдердегі әлеу­меттік-экономикалық және эпиде­мио­­­ло­гиялық ахуал құзырлы мемле­кеттік органдардың ұдайы наза­рында бо­луы ғана жағ­дайды бір­шама түзей алады.
– Төтенше жағдай экономикаға үлкен кері ықпалын тигізіп отыр. Осы тұрғыда болып жатқан елдегі жағдайға қандай сипат берер едіңіз? – Төтенше жағдай жариялан­ғалы бері экономиканың біраз са­ласы тұралап қалғаны рас. Әсіресе, транспорт, ойын-сауық, сауда, қоғамдық тамақтану, мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласы секілді қызмет түрінің жұ­мысы тоқтатылып, шағын және орта бизнес өкілдері шығынға батып жатыр. Бұл елімізде уа­қытша жұмыссыздықтың өсіп, ха­лық табысының күрт қысқаруына әкеліп отыр.
Жағдайды жіті бақылап отыр­ған еліміздің Президенті Қ.Тоқаев бұл уақытша ауырт­палықтар үшін негізгі жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алатынын жариялап, бизнес өкілдері мен халықтың жағдайын тұрақтандыруға ба­ғыт­талған шешімді жылдам қа­был­­дады. Қысқа мерзім ішін­де маңыз­ды шаралар іске асы­рылуда. Олар­дың арасында экономи­каның маңызды саласында қыз­мет атқарып жүрген бизнес өкіл­деріне жеңілдетілген несие беру, арендалық төлемнен уақытша босату, салық салмағын жеңілдету немесе жыл аяғына дейін босату, мем­лекет қаржысы есебінен қо­сым­ша жұмыс орнын ашу секіл­ді ерекше батыл шешімді айтар едім.
Оған қосымша уақытша жұ­мысынан айырылып, табыссыз қалған жеке тұлғаларға 42 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы бе­­ріліп жатыр. Бұдан біз эконо­мика тығырыққа тіреліп, бюджет тапшылығы артып отырған сын­дарлы кезеңде мемлекет халық­ты қорғау ісінде әлеуметтік жауап­кершілігін артығымен орындауға бел буғанын байқаймыз. Бұл халықтың көңіліне демеу болып, ертеңге деген сенімін арттырып отырған шешім екені даусыз.
Жалпы, бірінші тоқсандағы біздің экономикамыздың өсу қарқыны айтарлықтай төмендемеуі тиіс. Олай дейтініміз, жылдың басынан наурыз айының ортасына дейін елімізде ешқандай шектеу ша­ралары болған жоқ. Ал ен­дігі кезеңде экономиканың өсу қар­қыны баяулай бастайды. Сон­дықтан екінші тоқсанның көр­сеткіші бірінші тоқсанмен салыстырғанда едәуір төмен болуы мүмкін. Одан кейінгі кезеңдегі жағдай әлемде коронавирус ін­детін ауыздықтаумен тығыз байланысты болады. Осы күресте 1-2 айда айтарлықтай жетістіктер болса, онда жылдың ортасынан бастап жағдай оңала бастауы тиіс. Әзірге осыны айтар едім. Әрине, дәл қазір болашаққа болжам жасау ешкімге де оңай болып тұрған жоқ.
– Халықтың тұрмысын тө­мендетпеу үшін мемлекет ақша да таратып, бизнес өкілдеріне әртүрлі жеңілдік жасалуда. Бұл мәселеге сыни көзқарастар бар. Жалпы, қазір «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып шығудың жолы бар ма? – Төтенше жағдай жариялап, халықтың еркін жүріп-тұруын шектеу үшін үлкен батылдық пен табандылықтан бөлек, адам өміріне, халықтың амандығына деген ерекше көзқарас керек. Себебі ондай шешімді қабылдар кезде Мемлекет басшысы тара­зының бір басына әр азамат пен тұтас халықтың амандығын салса, ал екінші басына экономиканың зардабын теңгереді. Дәл қазір­гідей көзге көрінбейтін індетпен күресу кезінде халықты да аман алып қалатын, экономиканы да күйзелтпейтін шешім жоқ. Ен­­деше таразының қай ба­сы­ның сал­мақты болуы Мем­лекет басшы­сының адам өмі­рін қалай баға­лайтынына байла­нысты. Осы тұрғыда, біздің еліміз­де қа­былданып жатқан шұғыл шешім­дердің бағытынан Президенті­міз­дің қандай ұстанымда отыр­ға­нын байқау қиын емес.
Бүгінде елдің көзі ашық, өйт­кені ақпарат көздерінен әлем­­дегі жағдайдың бәрін үйден шық­пай-ақ байқауға болады. Осы тұрғыда айтқым келіп отырғаны, кейбір дамыған мемлекеттің басшылары «халықтың 5-10% шығын болса ештеңе етпейді, экономиканы құл­дыратып алмайық» деген ұс­танымда болып, қатаң шешім қа­­был­даудан қашқақтағаны – шын­­дық. Әрине, ол азаматтар өз­дерін осы пайыздың қай бөлігі­нен көргілері келетінін бай­қау қиын емес болар, десе де бұл ін­деттің адамның қызметін таңдамай­ты­нын, Жаратушының алдында бүкіл халықтың бірдей екенін есте­рі­нен бір сәт шығарып алған секілді.
Адам өмірі мемлекеттің ең қым­бат қазынасы екенін ұмытқан кейбір саяси билік өкілдері енді бармақтарын шайнап отыр. Өйт­кені ондай елдегі жағдай ушы­ғып, адам шығыны да өсіп, эконо­микасы да тығырыққа тіреліп жатыр. Сондықтан да қазіргідей бейбітшілік заманда адам өмірін таразы басына салып ойнауға болмайды. Халық аман болса, ауырт­палықтың бәрін еңсереді, ертең-ақ уақытша қиындық ұмыты­лып, бәрі орнына келеді.
Біздің елімізде төтенше жағ­дай дер кезінде жарияланып, індеттің алдын алуға бағытталған көп ауқымды шаралар атқарылды. Осындай орынды шешімді қа­был­дау бұдан бірнеше ай бұрын оңайға соқпағаны белгілі. Жалпы, қазіргі сындарлы кезеңде саяси билікте жүрген кез келген азамат­тың ұйымдастыру қабілеті, бі­лімі мен біліктілігі ерекше сын­ға түсіп жатыр. Сондықтан кейбір лауа­зымды азаматтардың қызметіндегі кемшіліктердің беті ашылып, ел­дің сынына ілініп отыр.
Осы тұрғыдан алғанда мен өз ұстанымына берік болып, ел амандығын сақтау үшін табандылық танытып, сан алуан жүйелі жұмыстарды бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келе жатқан Денсаулық сактау министрлігі басшыларына халықтың сенімі мен құрметі күн санап ұлғайып отырғанын атап өтер едім. Ал кеу­десін қатерге тігіп, уақытпен санаспай, ауыр індетті жұқтырған сырқаттардың жанына араша түсіп, арпалысып жүрген бүгінгі майданның қаhармандары – ақ халатты абзал жандардың еңбегі қоғамда ерекше құрметке бөленіп жатыр, бөлене де беретініне сенемін. – Әлемді жайлаған корона­вирус пандемиясынан соң өмірге деген көзқарасты жаңаша қалып­тастыратын, коғамды дүр сілкін­діретін елеулі өзгеріс болады деген болжам бар. Бұл ойымызға не қосар едіңіз? – Біраз уақытқа созылатын карантиннен шыққаннан соң қоғамның көптеген саласында үлкен өзгеріс болатыны сөзсіз. Біріншіден, жалғыз біздің мем­лекетімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде мемлекетке, мемлекеттік институттарға, Отаным-елім деген ұғымға көз­қарас өзгереді, себебі қысылтаяң кезеңде халықтың табан тірейтін жері де, арқа сүйейтін елі де тек өз Отанынан табылатынын халық сезінді деп ойлаймын. Осы жағдай халықтың мемлекетке, өз Отанына деген көзқарасын оң нәтижеге бұрары сөзсіз.
Екіншіден, қоғамда денсаулық сақтау жүйесінің рөлі артатыны түсінікті. Бұл салада көптен ше­шімін таппай, қордаланып қалған проблемалар жетерлік. Енді бұл саланың проблемаларына ерек­ше көңіл бөлініп, жылдам шешіле бастайды деп ойлаймын. Денсаулық сақтау саласының ғылыми-зерттеу жұмыстары ерек­ше назарда болатыны да дәлел­деуді қажет етпейді.
Үшіншіден, карантин жария­ланып, елдің жүріп-тұруына шек­теу қойылғаннан бастап көп мекемелер қызметкерлерін online режиміне ауыстырды. Бұдан кейінгі кезеңде де енді өмірдің әртүрлі саласында осы online ре­жимі кең етек ала бастайды. Оның артықшылығы аз емес. Себебі виртуалды офиске көшу артық қызметкерден айырып, офис шығынын үнемдеуге жол ашады. Содан соң бұл жүйе үшін қызметкердің сырт бейнесі, киетін киімі, жұмысқа уақытылы келіп-кеткені маңызды емес, атқарған жұмысының нәтижесі ғана ерекше назарда болады және оны автоматты түрде бақылауға мүмкіндік туады. Сондықтан нәтижелі жұмыс істей алатын қызметкерге деген сұраныс өседі. Жалпы, осы бағытта жинақталған оң тәжірибе еңбек нарығының парадигмасын өзгертіп, еңбек қаты­насының жаңа түрін қалып­тастыруға алып келеді.
Төртінші, өмірдің көп сала­сына жаңа ақпараттық-цифрлы технология адымдап кіре бас­тайды. Сауда саласында жаңа технологиялардың рөлі артады, себебі ол халыққа тиімді. Мә­селен, интернет арқылы зат са­тып алу сауда орталықтарынан алғаннан көп арзан болуы мүм­кін, себебі электронды сауда ортадағы арендасы қымбат сауда ауданын қажет етпейді және дел­далды азайтуға септігін тигізеді. Соның салдарынан осы салада қызмет атқарып жүрген біраз аза­­маттар жұмыссыз қалуы мүм­­кін. Десек те, элек­тронды сау­­даға көшу логистикамен айна­лы­са­тын азамат­тардың қыз­метіне сұраныс ту­дырып, осы салада жаңа жұмыс орнының ашылуына се­­бепкер болады.
Бесінші, ау­қым­ды өзгерістер білім беру сала­сында болатыны анық. Қазір төтен­ше жағдайға байланысты уни­вер­ситеттер мен мектептер қашықтан оқыту технологиясына көшуде. Әлемнің алдыңғы қатарлы көп­теген оқу орталықтары өздері­нің жеке пәндер бойынша жинақтал­ған білім ресурсына тегін қол жет­кізуге мүмкіндік беруде. Соның арқасында көптеген азаматтар өздерінің үйлерінде отырып, алдыңғы қатарлы университеттердің сабақты қалай ұйымдастыратынын, лекцияны қалай оқитынын, сабақты қалай жүргізетінін көріп, ой-өрістерін кеңейтіп жатыр. Дәл сол сияқты орта білім беру саласында да алыстан оқыту технологиясы игерілуде. Жеке пәндер бойынша тақырыптардың мағынасын кеңінен ашатын электронды ресурстарға сұраныс өсуде. Бірте-бірте бұл іс те жолға қойылатыны, сөйтіп білім саласына тың өзгеріс алып келетіні анық.
Алтыншы, қызметтің online режиміне көшуіне байланысты офистерге деген сұраныстың азаюы мүмкін екенін жоғарыда ес­­керттік. Сол себепті көптеген ком­­панияларға келіссөз, кездесу өткізу үшін уақытша орын қажет болуы мүм­кін. Ондай орынды қа­зір коуоркинг орталығы деп айта­ды. Жаңа кезеңде коуоркинг орта­лығының рөлі артып, олар­дың қызметіне сұраныс көбеюі мүмкін.
Қорыта келгенде, соңғы кезеңде кең етек жая бастаған жаңалықтар өмірде орнықты орнын тауып, экономиканың көптеген салаларына елеулі өзгерістер алып келетіні айқын. – Сұхбатыңызға рақмет.  

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС