Жамбылдағы карантин «қызық» басталды
Жамбылдағы карантин «қызық» басталды
214
оқылды
Жамбыл облысы каран­тинге жабылды. Бұған дейін Тараз қаласы мен Қордай ауданына кіріп-шығуға шек­теу қойылса, енді тұтас өңір карантин режиміне көшіп отыр. Бұл жайында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орын­басары Бекболат Орынбеков ресми мәлім етті. – Біз үшін жауапты сәт туып отыр. Қазір өңірде инфекция жұқтырғандар саны 45-ке жетіп отыр. Осы орайда, біз 9 сәуір сағат 00.00-ден аймақты карантинге жабу туралы шешім қабылдадық. Облыстың бас санитарлық дәрі­герінің қаулысы бойынша өңірге автокөліктердің кіріп-шығуы мен адам­дардың жүріп-тұруына қатаң шектеу қойылады. Алайда жа­нармай құю стансалары, қар­жы инс­­титуттары, банктер, банк­тік айыр­­бастау пунктіне штат­тық ре­жимде жұмыс істеуіне рұқ­сат етіледі, – деген Бекболат Серік­бекұлы бұл уа­қытша және мәжбүр­лі шара еке­­нін баса айтып өтті. Оларға жеке қор­ғаныш зат­та­­ры­­­мен қам­­та­­масыз етілген жағ­­дайда ғана рұқ­сат беріледі. Такси қызметі ар­­найы тіркелген ұйым­дармен, тиісті ма­­териал­­дық-техникалық, санитар­лық-гигие­налық жағ­даймен қам­тамасыз етіл­ген авто­көлік құрал­дарына көрсетіледі. Сондай-ақ Бекболат Серік­бекұлы коронавирустан кейінгі күнді де ойлауымыз қажетін тілге тиек етіп, биылға жоспарланған мемлекеттік бағдарлама аясын­дағы жұмыстарға 90 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отырғанынан құлағдар етті. Әрі бұл сома әлемдік пандемиядан кейінгі өңір экономикасы мен тұр­ғындардың тұрмыстық жағдайын түзету үшін жұмсаланатынын жеткізді.  

Үлкен кәсіпорындар жұмыс істей береді

 Осы күні кешкілік облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір­қатар бұқаралық ақпарат құ­ралдарының басшыларын жи­нап, карантин кезінде жур­налис­терді де жұды­рықша жұмылуға ша­қырды. – Қазір өңірде ғана емес, елі­міздегі басты мәселе – корона­вирус індеті. Бұл тұрғыда облыста орын алған жағдай қалыпты. Осы таңға дейін дерт жұқтырған 45 адам тіркелсе, оның 11-і сырт елден кел­ген азаматтар. Бұйырт­са, бірер күнде ка­рантинге алынғандар арасында жа­зыл­ғандарды шығарғалы отыр­мыз. Де­ген­мен қанша сақтық ша­раларын ұстануға халықты ша­қырсақ та қала ішінде қатынаған көліктер мен адамдардың саны азаймай тұр. Сол себепті біз кеселдің алдын алу үшін тұтас облысты карантинге жабу туралы шешім қабылдадық. Әрине, бұл экономикамызға өзінің салқы­нын тигізері анық. Алайда тұрғын­дардың саулығы үшін осындай қадамға барып отырмыз. Бір айта кетерлігі, «Қазфосфат» ЖШС сынды үлкен кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатпайды. Олар жұ­мысшыларын бір көлікпен өндіріс орнына апарып, кешкісін қайта тұрғылықты жеріне жеткізіп салуға міндеттеліп отыр. Сондай-ақ қоғамдық көліктер мен такси қыз­метінің де жұмысы реттеліп, тиісті шектеу қойылды. Осы жағ­дайды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халыққа жіті түсіндіруі керек. Сол себепті сіздердің бүгін бастарыңызды қо­сып отырмын, – деген облыс әкімі одан әрі біріксек ғана індетті жеңетімізді тілге тиек етті. Облыс әкімі дәл қазір ең бірінші көктемгі дала жұмысына көңіл бөлген абзал екенін айтты. Сонымен қатар «БАҚ өкілдері жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба мен шағын және орта бизнес субъектілері туралы көп жазуы керек» деді. «Мал ша­руашылығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Еңбек адамдарына жәрдем беру мақсатында алдағы уақытта 3 су қоймасын салып, ағын су мәселесін шешсек деп отыр­мыз. Одан бөлек, интернет пен ұялы байланыс желісін де жол­ға қоямыз. Қордайдағы жағдай бо­йын­ша «Бейбіт­шілік пен келісім» жобасы жанданды. Ақпан айындағы оқиғаның салдарымен күресу жолдарын да журналистер жұртқа дұрыс түсіндіргені абзал. Қашықтан оқытуда ешкімнен қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар­дың үйден шықпай карантин режимін сақтауға бар мүмкіншілік жасадық. Енді тек осы талапты қатаң ұстану керек» деген Бер­дібек Машбекұлы сөз соңында ұлы Абайдың, әл-Фарабидің мерейтойлары мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сынды айтулы дата­ларды да телеарна мен газет бетін­де насихаттауға жіті көңіл бөлуді тапсырды.  

Бір үйдің тұрғындары карантинге жабылды

 Бұл күні карантинге қатысты «құпия» ақпараттың да беті ашылды. «Тараз қаласында бір подъездің тұрғындары қамауға алыныпты» деген әңгіме біраз күн бойы әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген болатын. Алайда жер­гілікті билік бұл ақпаратты ба­рынша жоққа шығарып, жасыруға тырысты. Дегенмен Қарасу тұр­ғын алқабындағы көпқабатты үйде таныстары тұрып жатқан тұрғындар мұны жарыса жазып, биліктен ақ-қарасын айтуды талап етті. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігі ресми мәлімдеме жасады. «Таразда бұған дейін коро­навирус ауруына шалдыққан 86 жастағы әйел анықталған Қа­расу тұрғын алқабындағы көппә­терлі тұрғын үйдің кіреберісі ка­рантинге жабылды. Қазір анық­тал­ған науқас инфекциялық стацио­нарда ем алуда. Эпи­де­миоло­гиялық тексеру бары­сын­да азамат 17 наурызда Алматы­дан келген жақын туысымен байла­ныста болғаны белгілі болды. Байланыста болған 5 азамат каран­тинге ор­наластырылды. Подъезде және тұр­ғылықты жері бойын­ша дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Осы подъездегі пәтердің 27 тұр­ғы­ны­на 14 күнге оқшауланып, өз пәтері­нен шығуға тыйым салынды. Тұрғындарды Тараз қаласының әкімдігі қажетті азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз етуде» деп әкімдік көптің көкейіне үрей мен күдік ұялатқан жайтқа қатысты анық ақпарат берді.  

Дәрігер бар жағдайды жайып салды

 Карантиннің «қызығы» мұ­нымен толастаған жоқ. Меркі аудандық орталық ауру­ханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеу­меттік желі ар­қылы атал­ған аудандағы меди­цина сала­сындағы біраз былық­тың бетін ашып, жұрттың жаға­сын ұстатты. Қазіргі таңда Тараз қала­сын­дағы жұқпалы ауруларды емдейтін ауру­ханада жатқан дәрі­гер өзінің коронавирус жұқтыр­ғанына аудандық аурухананың басшыларын кінәлады. Әрі әлемдік пандемияға облыстық денсаулық сақтау саласы да­йын емес екенін ашына жеткіз­ді. Дәрі­гердің жанайқайы ми­нистр­дің құлағына бір-ақ жетіп, Елжан Бір­танов аталған жайтқа бай­ланысты жіті тексеру жүргізуді тапсырды. Ал кешкілік облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін ба­қылау комитетінің өңірдегі депар­таменті бірлесе оты­рып, Меркі аудандық орта­лық ауру­ханасының дәрігері Толқы­най Орда­баеваның әлеу­мет­тік же­ліде жария­ланған шағы­мы бойын­ша қызметтік тексеру бас­тал­ғанын мәлімдеді. Әрі құ­­зырлы ме­кеме дәрі­гер­дің виурс­ты қалай жұқтырғанын айтып, емдеу шаралары туралы мәлімет берді. Сонымен бірге медицина қызметкеріне сыйақы төлеу жоспарланғанын да жаз­ды. «Бүгінгі күні аудандық ауруха­наның меди­цина қызмет­кер­лері толық көлемде жеке қор­ға­ныс құралдарымен қамта­масыз етілген. 1 000-нан астам медици­налық бірреттік бетперде, көп рет қолданылатын бетперде – 1 600, бір рет қолданылатын костюмдер – 1 200 бірлік, дезинфекциялық құралдар – 40 мың «Диахлора» таблеткасы, 15 литр антисептик бар. Ағымдағы жылы аурухана 3 млн 468 мың теңгеге ЖҚҚ және дезинфекциялық құралдарды сатып алған. Қосымша 6 млн теңгеге сатып алу жоспарлануда. Ағымдағы айда осы аудандық аурухананың 20 медицина қыз­меткері, соның ішінде дәрігер Т.Ордабаеваға да сыйақы төлеу жоспарлануда» деп құзырлы ме­кеме басшылары жағдайға қа­тыс­ты жұбату айтқандай болды. Алайда Толқынай Ордабаева кеше Facebook әлеуметтік парақ­шасында өзінің аудандық ауру­ханадағы кеңсесінен 400 дана бетперде табылды қылып, ауруха­на басшысы кінәлап жат­қанын жазды. Енді бұл мәселенің ақ-қарасын арнайы құрылған тексеру комиссиясы анықтай жатар.      P.S.  

Міне, осылайша Жамбылдағы карантин жағдайы өзгеше сипатта басталды. Алдын ала болжам бо­йын­ша, карантин кезеңі екі апта­ны қам­тиды деп көзделіп отырса, тағы қандай қызық пен шыжық болатыны бір Аллаға аян. Алайда Таразда қозғалыс тоқтап, сақтық шарасы күшейтілгені анық. Ең бастысы, коронавирус індетінің та­ралуына жол бермейді деп сенеміз.

     width=   Саятхан САТЫЛҒАН. Жамбыл облысы