«Науқастарға ақша жинауды тоқтатамыз» – блогер Дәулет Төлеутайұлы
«Науқастарға ақша жинауды тоқтатамыз» – блогер Дәулет Төлеутайұлы
432
оқылды
Instagram желісінде Dauletten парақшасын біл­мей­тін адам аз. Дәулет Тө­леутай­ұлының бұл парақша­сын қайы­рым­дылық қаза­­ны деуге болады. Иә, «Қайы­рым­­ды жұма» аталатын акция­сы үйсіз-күйсіз талай от­басы­ның баспаналы болуына мүм­­кіндік берді. Қайы­рым­ды­лық мақса­тында қар­жы ауда­­ра­тындар – Dauletten парақ­шасының оқырма­ны, сіз бен біз сияқ­ты қара­пайым халық. Олар танымай­тын, біл­мейтін отба­сыға бір тәу­лікте үй алып бере­тін күшке ие. Мұның сыры не­де, Дәулет Мұқаевтың өзінен сұрадық. – Сіздің әлеуметтік желідегі оқырманыңыз мұқтаж жандардың баспаналы болуына, ем алуына қаржы жинауда өте белсенді. Олар өзі жыға танымайтын кісіге ақ­шаны қалай жылдам жинайды? – Бұл, айналып келгенде, ха­лықтың сенімі деп білемін. Қайы­рымдылық мақсатында ақша аударған адамдарға жиналған қаржының әрбір тиыны туралы есепті жариялап отырсаңыз, ақша діттеген жеріне жетіп жат­са, сенім пайда болады. Сенім – ең үлкен капитал. Ақшаның көп жи­налуының себебі сол деп ойлаймын. Иә, мұндай сұрақты маған жиі қояды, өз тарапым­нан оқырманыма жалақының 1 пайызын садақаға беріп үйрен­сеңіз, адамнан емес, Алладан қайтатыны сөзсіз деп айтып оты­рамын. Мәселен, 50 мың теңге жалақы алатын адам 500 теңге садақа беріп үйренсе, бұл оның қайырымдылықпен айналысқаны болып саналады, бір жағы садақа бергені де болып есептеледі. – Көмектесетін адамды қалай таңдайсыз? Оның көмекке шын мұқтаж екенін қалай анықтайсыз, зерттейсіз бе? – Әрине, әуелі зерттеп-зер­де­лейміз, әр аймақта волонтер­ларымыз бар, олар көмекке зәру адамды менен жақсы бі­леді. Тұратын жеріне барып, көріп, қан­дай жағдайда өмір сүріп жат­қанын видеоға түсіріп жібереді. Содан кейін ол адамның атында мүлкі бар ма, жоқ па деген сауалға жауап алу үшін базаны қараймыз. Баспанасыз адам туралы ақпарат­ты алу жеңіл әрі жедел. Сондай-ақ баспанаға да ақша жедел жи­налатынын түсіндім. Ал ауру адамға ақша жинау, шынын айт­қанда қиындау. Өткенде біз қатерлі ісік ауруына шалдыққан Самат үшін ақша жинадық, сол кезде «ауру балаларға неге жи­намайсыңдар?» деген пікір айтылды. Ал науқас балаға жи­най бастасаң, балаға ақша жинай­тындар көп, жанашыры жоқ ересектерге жинайық дегендер шықты. «Менің баламның дерті одан да ауыр» деп жазғандар болды. Сондықтан соңғы кезде қайырымдылық жасауды баспана алуға ғана бағыттағым келіп жүр. – Елді алаңдатқан корона­вирустың қашан аяқ тартары бел­гісіз. Осы кезеңде көмекке зәру адам­ға ақша аударушылар азайған жоқ па? – Біз тек ұсыныс тастаймыз, ал көмек беруді әркім өзі ше­ше­ді. Ешкімді қинамаймыз, ұсы­­нысымызды қабыл алғандар қар­жы аударып жатыр. Карантин басталғалы бері үй сатып әперумен қатар азық-түлік жеткізуді де қолға алдық. 114 отбасыға азық-түлік алуды жоспарлап едік, мақ­сатымызға жеттік. Олар – көп­ба­лалы отбасылар, көпбалалы жалғызбасты аналар. Жезқазғанда 6 қызы бар жалғыз ана тұрады. Жетіншісіне аяғы ауыр, жақында күйеуімен ажырасуға мәжбүр болды. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде жеті бала жеті жақтан тамақ сұрағанда ана байғұстың қалай қиналатынын ойлай бе­ріңіз. Сондықтан біз төтенше жағ­дай аяқталғанша тұрмысы тө­мен отбасыларды азық-түлік­пен қам­тамасыз етуге мән беріп отыр­мыз, бүгінге дейін тек осы мақ­сатымызға 4 млн теңгеден астам қаржы жиналып, жұмсалды. 1-2 отбасының несиесін жауып бердік. Бұл жалғыз менің жұмы­сым емес, біз команда болып жұ­мыс істейміз. Мысалы, Instagram-дағы парақшамызға Жансая деген қызды қойдық, көмекке мұқтаж адамдар Жансаяға жазылып, тіркеледі. – Жұмысынан немесе табы­сынан айырылғандар үшін мем­лекет тағайындаған 42 500 теңге алу үшін қалай, қайда өтініш беруді түсіне алмағандар көп бол­ды. Техникалық қиындыққа қаржылық сауаттың төмендігі қосылып, соңында үйде отыруы тиіс халық банк пен әкімдік жа­ғалап кетті. Аталған көмекті қалай алуға болады деген сауалға парақ­шаңызда жауап беріп жат­қаныңызға бірнеше күн бол­ды. Шаршаған жоқсыз ба? Себебі бір жазбаңызда «өтінішті бәріңіз бере беріңіздерші, Үкімет бере ме, жоқ па өзі шешеді» депсіз. – Әрине, шаршадым, неше түрлі сұрақ келеді, күн демей, түн демей жазатын адамдар бар, жауап бермесең ренжиді. Жаз­ғанымды толық оқымаған соң түсінбей қалады, кейде соған қынжыламын. Бір нәрсені бір­неше рет түсіндіргенде шар­шағаным рас, сондықтан өтініш тап­сыра беріңіз, Үкімет өзі ше­шеді дедім, себебі өтініш ЖСН ар­қылы тіркелген соң сол ЖСН арқылы базадан тексеріледі. Сонымен бірге айтқаныңды қағып алып, істей қойып, тиісті көмекті алған соң алғысын айтып жатқандар да бар. Ондай кезде шаршағанымды ұмытып кетемін. Меніңше, 42 500 теңге табы­сынан айырылғандар үшін үл­кен көмек. Тек осы көмекті т­а­­ғайындамай тұрып, Үкімет ха­­лық­­ты дайындап алуы керек еді. Өті­­ніш қабылдауды 10 сәуір­де бас­­таймыз, оған дейін ЕСП төлеңіз, шотыңызды ретке кел­тіріңіз, жоқ болса, ашыңыз, да­йын­­далыңыздар, асықпаңыз­дар, бәріңіз де үлгересіздер де­генде ха­лық жинақталар еді деп ойлаймын. – Біз сізді баспана нарығының сарапшысы ретінде де танимыз. Төтенше жағдай пәтер сатып алуға қолайлы кезең бе? – Дәл қазір асығып үй алудың қажеті жоқ деп ойлаймын, на­рықты бақылап отыру керек. Мысалы, үй сатып алушылар азай­­ған­дықтан, сатушылар кө­бейеді, пәтер иелерінің өзіне де ақша керек. Көптеген үй ипотекаға алын­ған, сондықтан қа­рызға кір­мей үйімді сата салайын дейтін­дер де болады. Қай­талама нарық­тағы үйлер арзан­дауы мүмкін. Ал жаңа үй­лердің құны керісінше, 10-15 па­йызға өсіп кетуі ықтимал. Себебі құрылыс материалдарының көбі шетелден келеді. – Төтенше жағдайға көш­келі қашықтан жұмыс істеп, са­бақ оқуға көштік. Жалпы, осы ке­зең­де онлайн режимдегі бизнестің бағы жанады дейді. Сіз де ақылы негізде онлайн-курс өткізесіз, кә­сі­біңіз қаншалықты табыс әке­ліп жатыр? – Күшейтілген карантин енгізілген қалада тұрамын, табысым азайды деп те, көбейді деп те айта алмаймын. Бастысы, карантинде де уақытты тиімді пайдалану керек деп санаймын. Халықтың жағдайын ескеріп, ақылы курсыма жеңілдік жаса­дым, «Дәулеттен» күнделігімді де 40 пайыз жеңілдікпен сатуға шы­ғардым. Мен халықтың қар­­жылық сауатын көтеруге бағыт­талған курстар өткіземін. Қар­жылық сауат жұлдызнама не­месе нумерология емес, ақ­шаны дұрыс жұмсауға, есеп-қисапты дұ­рыс жүргізуге көмек­теседі. Ақ­ша деген қызық нәрсе, ол проб­­лема туғызады және сол проб­­леманы шешеді. Ал кризис кезінде ақшаны тиімді жұмсау аса маңызды. Карантин кезінде Youtube-тегі арнамды дамытуды қолға алдым. Үш тәуліктің ішін­де 44 мың адам жазылды. Жақ­сы көрсеткіш деп ойлаймын. Пай­далы дүниелерді салып жатыр­мын. – Бәлкім, бұл сұрақты сұхбат басында қоюым керек пе еді... Мұқтаждарға көмек ұйымдастыру оңай емес. Қызығы мен шыжығы жетіп артылады. Осы жолды таңдауға не себеп болды? – Бұл менің мектеп кезі­нен келе жатқан хоббиім, арда­гер­лердің ауласын тазалауға ба­ра­тынбыз, студент кезімізде «Орбитадағы» балалар үйіндегі балалар үшін стипендия түскенде ақша жинап, шұлық, аяқ киім алып беретінбіз. 2010 жылы Қы­зылағашты су алғанда көмекке барған волонтерлар арасында да болдым. Қайырымдылық жасаумен 10-12 жылдан бері ай­налысып келеді екенмін. Уақыт өте парақшама жазылушылар көбейгенде, осы адамдарды жақ­сы іске жұмылдырсақ деген ниет пай­да болды, нәтижесі көңіл қуан­тып жатыр. Арамызда қайы­рымды адамдар өте көп. – Жуырда әділет органына «Дәулеттен» қорын тіркеуге өті­ніш бердіңіз... – Иә, «Дәулеттен» қорын рес­ми тіркеу туралы шешім қа­был­дадық. Адамды байлыққа жетелеуіміз керек, байыса қазақ байысын, әр адам дәулетті өмір сүрсін деп үнемі айтып жүремін. Білімнің байлығы, рухани байлық, материалдық байлық адамның бәрінде болғаны жақсы. Қордың мақсаты – қайырымдылық жасау. Негізгі бағыты – баспана алып беру. Алдағы уақытта дәрі-дәрмек пен азық-түлік алу үшін ақша жинауды азайтамыз. Әрі қарай баспана алып беру мен білім беруге ғана басымдық бе­ріледі. Білімге инвестиция саламыз, болашақта үлкен мектеп салуымыз да мүмкін. Кезінде Ыбырай Алтынсарин атамыз «Кел, балалар, оқылық!» деп қазақ балалары үшін мектеп ашты, біз де халықтың қаржылық сауатын көтеретін, жоғары деңгейде бі­лім беретін мектеп ашсақ деген мақ­сат қойып отырмыз. – Бүгінге дейін жасалған қайы­рымдылық шараларының статистикасын жүргізесіз бе? Мы­салы, қанша адам баспаналы болды, қанша адам еміне қолдау алды деген мазмұнда қорытынды есеп жасала ма? – Командамдағы балалар жуыр­да ғана осы күнге дейін атқарылған жұмыстың статисти­касын жасайық деген болатын. Шынымды айтсам, бүгінге дейін ондай статистика жүргізбеген екем, себебі 24 сағатта жиналған ақшаның есебін Instagram- ға салып қоямын, сол үшін 6-7 пост жазылады. Бірақ қағаз­ға түсір­меппін. Өткенде көмек­ші­леріме кімге қандай көмек бере алғанымызды еске түсір­генде көмектің бюджеті шама­мен 85 млн теңгедей болған еді. Бірнеше отбасы баспаналы болды. Саматтың операциясына 19 млн теңге жиналды. Бүгін­дері азық-түлік сатып алып жатыр­мыз. Осының бәрі менің емес, оқыр­манымның ақшасы, олар еш­қашан аянып қалған емес. Әрине, бір адамға көмек ұйымдас­тырсақ, ертесіне 10-15 адам көмек сұрайды. Бұл заң­ды да. Біз де қолдан келгенін жасай­мыз. Көмек сұраушылар, әсіресе қазіргі күні көбейіп барады. Сон­дық­тан оларға адамның емес, Алланың берері мол болса екен деп тілеймін.  

Әңгімелескен Халима БҰҚАРҚЫЗЫ