Жылжымайтын мүлік нарығында мүлгіген тыныштық
Жылжымайтын мүлік нарығында мүлгіген тыныштық
271
оқылды
Доллар бағамы мен коронавирус індеті Қазақстандағы тұрғын үй құнына қалай әсер етті? Сарапшылар жыл­жымайтын мүлік нарығында мүлгіген тыныштық ор­нағанын айтады. Сатушылардың да, сатып алушы­лардың да әліптің артын бағудан басқа амалы жоқ. Сұраныстан ұсыныс туады. Кейбір мамандардың пікірінше, қандай да бір валюта дәл бүгінгідей құрдымға құлдырап, аумалы-төк­пелі кезеңді бастан кешіп жат­қанда тыныштық орнайды екен. Өйткені халық өзіне не пайдалы, не зиян екеніне бас қатыра бастаған. Алайда Қазақстан құрылыс одағының төрағасы Талғат Ерға­лиевтің пайымынша, нарықтағы соңғы өзгерістерге байланысты жазда пәтер құны көтеріледі. Баспана 20 пайызға дейін қым­баттауы әбден мүмкін. Себебі құрылыс заттарының 60 пайызы сырттан әкелінеді. Атап айтқанда, лифт, керамика мен өңдеу жұ­мыстарына қажетті бояулардың өзі шетелден тасымалданады. Әрине, отандық құрылыс өнімдері де бар. Бағасы да қолжетімді. Бірақ олардың сапасы көңіл көн­шітпейтін көрінеді. Сондықтан құрылыс компаниялары қажетті құрал-жабдықты шеттен алады. Ал доллардың қымбаттауы құ­рылыс заттарының қымбаттауы­на ұласады. Өз кезегінде пәтердің құны өседі. Мәселен, Ұлттық банк база­лық мөлшерлемені 9,25 пайыздан 12 пайызға көтергенде «Баспана хит» тұрғын үй бағдарламасының жылдық сыйақы мөлшерлемесіне бірден +1,75 пайыз қосылды. Сәй­кесінше, бұған дейін 11 па­йыз­бен рәсімделген ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2020 жылдың 10 наурызынан бастап 13,75 пайызға артты. Әсіресе, 2021 жылы пайдала­ну­ға берілетін тұрғын үй кешен­дерінің бағасы да қайта қаралады. Қайталап айтайық, бұл өзгеріс құрылыс материалдарының қым­баттауына тікелей байланысты. Ал екінші қолданыстағы, кеңес за­манынан қалған үйлердің бағасы түспесе, өспейтіні анық. Неге де­сеңіз, қазір бұл салада келісім­шарттар тоқтап тұр, сатылым мүлдем дерлік жоқ. Қазақстан риэлторлар қауым­дастығының вице-президенті Нина Лукьяненконың ойынша, жылжымайтын мүліктің бағасы көтеріледі деуге негіз жоқ. Халық­тың сатып алу қабілеті төмендеген. Яғни, алдағы бірнеше айда бас­пана біршама арзандайды. Тұрғын үйдің жайы осындай. Ал коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлік нарығының көпке дейін оңалуы қиын сияқ­ты. Бизнес орталықтар мен іс­керлік кеңселер мәжбүрлі түрде жұмысын тоқтатқан. Карантин аяқталған соң көптеген шағын және орта бизнес өкілдері өз қызметін доға­рып, кәсіпорнын жабуы ықтимал. Ондай жағдайда жалға алған кеңселерінен кө­шеді. Демек, жалға берушілер­дің бизнесі де тоқырауға ұшы­райды. – Жасыратыны жоқ, халық үшін үй сатып алу немесе бас­панаға иелік ету екінші немесе үшінші орынға сырғып кетті. Нарық қалай құбылатынын уақыт көрсетеді. Баспана бағасы көте­рілуі мүмкін дегендер қателеседі. Керісінше баға төмендейді. Аза­маттар басқа да тұрмыстық мәсе­лелерге бас қатырып отырғанда, үйін сатушылар жағдайды бағам­дап, баға саясатын да оңтайлан­дыруға міндетті. Әдетте, доллар көтерілсе, бағаға да өзгеріс еніп, нарық өзін-өзі реттеп отыратын. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Баспанаға жақын арада сұраныс болмайды. Тұтынушылық сұра­ныс та  біршама ұйқыға кетеді, – дей­ді Біріккен риэлторлар қауым­дастығының басшысы Лариса Степаненко. Дегенмен қиын-қыстау шақта қол қусырып қарап отырмай, әрекет етуге кіріскен Үкіметтің ісі үміт ұялатады. Жуырда Премьер-Министр Асқар Мамин «Қара­пайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында отандық құрылыс индус­триясы бойынша 178 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып жатқанын (шыны, арматура, санфаянс, керамика тақташалары, лак бояуларын шығару) хабар­лады. Оларды іске қосу тұрғын үй құрылысындағы  Қазақстан үлесін 95 пайызға дейін арттыруға және 8 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғызбақ. – Құрылыс саласы – эконо­миканың негізгі драйверлерінің бірі. Қазіргі жағдайдағы  Үкіметтің ең маңызды міндеті – құрылыс қарқынын ұлғайту, халықты тұр­ғын үймен қамту, жұмыс орын­дарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бүгінде құры­лыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді, – деді Асқар Мамин. Ірі қалаларда жалдамалы пәтер арзандайды. Карантин болғандықтан, студенттер, ке­лісімшартпен жұмыс істейтін шетелдік мамандар, өзге аймақ­тардан келіп еңбек ететін отан­дастардың дені өңір-өңірге кетіп қалды. Мұндайда жалға алу бағасының түсетіні – заңдылық. Тиісінше, баспанасын жалға беріп, пайда табатын адамдардың жағдайы нашарлады. Халық үшін де жағдай қиындады. Қысқасы, мәселенің мәні осы­лай. Карантин мерзімі аяқтал­ған соң нарық стагнация хәлінде қала береді. Бағаның көтерілуі немесе арзандауы экономиканың тез аяққа тұруына да тәуелді. Жағдайдың бұрынғы қалыпқа түсуі үшін ең кемі 3-4 ай уақыт қажет дейді мамандар. Әлемдегі жағдай қарапайым жұрттың қалтасын қақпаса, қалыңдат­пай­тыны айдан анық. Бір білетіні­міз – өмір жалғасады. Сабыр сақтап, алдағы күндерге сеніммен қарайық.  

 width=     Еркебұлан НҰРЕКЕШ