Карантиннен кейін қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?
Карантиннен кейін қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?
339
оқылды
Кадр агенттіктерінің айтуынша, пандемияға байланысты көптеген жұмыс берушілер тарапынан даяшы, күзетші, тазалықшы және фитнес-жаттықтырушыларға деген сұраныс азайған. Ал қандай мамандықтарға сұраныстың өскенін Azattyq Ruhy тілшісі HeadHunter және SuperJob өкілдерінен білді. SuperJob сервисінің баспасөз қызметінің сөзінше, қашықтан жұмыс істей алатын HR-мамандарға деген сұраныс артқан. Дегенмен, оларға сұраныс артқанымен, айлықтары сол қалпы қалған. Екінші кезекте жеке көлігі, самокат немесе велосипеді бар курьер іздеушілер саны ерекше өскен. Олардың табысы бір ай ішінде 20%-ға артқан. Курьерлердің айлық табысы орта есеппен,150-200 мың теңгені құраған.
«Көптеген компаниялар қашықтан жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлерін карантинге дейін жинап үлгерген. Үйден жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы кеңседе отыратындармен бір деңгейде қалып отыр. Жұмыс берушілер үшін мұндай кадрлық өзгерістердің пайдасы жетерлік. Себебі, кеңсені жалға алмайды, жұмыскерлердің интернеті мен су, кофе, шәй, кеңселік және химиялық тауарларына бөлінетін қаражат үнемделеді»,- деп атап өтті SuperJob.
ГРАФИКСІЗ ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫСТА СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР HeadHunter мамандары қашықтан жұмыста сұранысқа ие мамандықтар қатарының тізімін жасаған. Ол тізімнің көшін программистер бастап тұр, одан кейін интернет-дүкендерінің сатушы-менеджерлері, SMM мамандары, техникалық қолдау, маркетолог және жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкерлері тұр. Ең жоғары айлық – программистер мен жылжымайтын мүлік агенттеріне тиесілі. Ең төменгі айлық – интернет-маркетологтарда. СҰРАНЫС АЗАЯТЫН МАМАНДЫҚТАР Прогрессивті білім беру институты сарапшыларының зерттеуіне сүйенсек, коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін кейбір мамандыққа деген сұраныс азаяды. Қауіпті аймаққа ең алдымен турагенттер мен экскурсия жетекшілері түседі. Пандемиядан ең көп зардап шеккен саланың бірі – туризм. Карантин режіміне байланысты көптеген компаниялар өз жұмысын тоқтатты. Халықаралық және ішкі рейстердің тоқтауы бірқатар әуе компанияларын банкротқа әкеліп отыр. Соның салдарынан нарықта тәжірбиесі жоғары мамандар сұранысқа ие болып, бәсекелестік көбейеді. Аталған жағдай фитнес-индустрия саласында да болуы мүмкін. Институт сарапшыларының ойынша, өзін-өзі оқшаулау режімінен кейін көптеген фитнес-орталықтардың клиенттері бұрынғыдай көп болмайды, нәтижесінде тәжірбиесі бар инструкторлар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болса, жас мамандар бәсекеге жарамай қалады. Коронавирустан кейін билік панденмияға дейін басталған кейбір қызмет салаларында автоматтандыру және цифрландыру процесін жылдамдатады. Сонымен қоса, арнайы мамандар қызметіне жүгінбей-ақ, бағдарлама арқылы жүзеге асыруға болатын онлайн-қызметтер саны артады. Осыған байланысты кейбір мамандық өкілдері, оның ішінде бейіндік салалардағы бөлім мамандары, кіші аналитиктер, заң кеңесшісі, банк менеджерлері мен фармацевтер, риелторлар мен event-менеджерлер, аудармашылар, ұстаздар мен репетиторлар қысқаруы мүмкін. Полиграфия саласының мамандары да қауіпті аймаққа түсіп тұр. Себебі, орта және шағын бизнестегі жекеменшік тапсырыс берушілер шығындарын азайтып, құны қымбат офлайн-өнімдерден гөрі, үнемді электронды жарналамарға көше бастайды. Ал елімізге белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсенбай туроператорлардың акциясы өсуі мүмкін деген болжамды айтып отыр.
«Азық-түлік секторы, алғашқы қажеттілік тауарлары, медицина, көлік және логистика, онлайн ойын-сауық және білім беру қызметтері, бизнес шешімдерге арналған онлайн платформалар, жергілікті туроператорлар компанияларының акциялары өседі, фрилансерлер мен үйден жұмыс жасайтын адамдар саны артады. Ендеше шаш қиюшыларға, косметикалық және массаж жасау кабинеттеріне және т.с.с. сұраныс азаяды. Сәнді киімге де сұраныс азаяды (себебі, үйде сыртқы келбет маңызды емес). Орталықтағы жылжымайтын мүліктің бағасы түсіп, қала шеті немесе, тіпті, қала сыртындағы жылжымайтын мүлік бағасы артады.  Өйткені, бұдан былай офиске барар жолға уақыт кетірудің қажеті жоқ, оған қоса, ол жерде үй де арзан, экология жақсырақ, және де керек болған жағдайда, өз бақшаң мен жертөлең болады. Карантин көп адамға жекеменшік үйдің артықшылығын анық көрсетті деп ойлаймын», - деді ол.
ДӘРІГЕРЛЕР МЕН ҰСТАЗДАР МӘРТЕБЕСІ Коронавирустан кейін елімізде ғана емес, бүкіл әлемде медицина қызметкерлері, ғалымдар мен ұстаздардың мәртебесі өсетіні белгілі. Оның ішінде, көгілдір экрандағы әншілерді кумир көретін көптеген қазақстандықтардың ойлары өзгеретін болар. Карантин кезінде балаларын қашықтан оқытып жатқан ата-аналар да мектептегі ұстаздардың, балабақшадағы тәрбиешілердің қадірін түсініп, олардың жұмысына сәл де болса құрметпен қарар деп сенеміз.
«Менің үш балам бар. Қашықтан оқу басталғалы үйде таңертеңнен бастап у-шу. Біреуі планшетін таппай, екіншісі онлай-сабаққа қосыла алмай, енді бірі ұйқысынан тұра алмай әлек боламыз. Шынын айтсақ, осы күнге дейін мектептегі мұғалімдердің еңбегін бағаламай келген екенбіз. Кішкентайыммен сабақ оқу үлкендеріне қарағанда оңайырақ. 7-ші сынып оқитын қызымның математика пәнінен беретін үй тапсырмасын отбасымызбен отырып, бірге орындайтын болдық. Әкесі бар, мен бар, туған-туыстар мен ата-аналардың чаты бар, бәріміз жабылып сабақ оқып жүрміз (күліп). Кейде 2-ші сынып оқитын баламның оңай деген сабақтарына келгенде миым ашып, отырып қалатын болдым. Карантин бітсе, балалар да мектепке ұшайын деп тұр. Бәлкім, осы жағдайдан соң қит етсе баласын қорғаштап шығатын ата-аналар ұстаздардың жұмысына түсіністік танытар деп ойлаймын», - дейді елордалық Балжан Тұрлыбекова.