«Антикор-айтыстың» жеңімпаздары анықталады
«Антикор-айтыстың» жеңімпаздары анықталады
168
оқылды
«Антикор-айтыс» жобасы­ның жеңімпаздары апта со­ңын­да анықталады. Бұл ту­ра­лы Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі ақ­­­параттық-ағартушылық шта­­бы­ның басшысы Ырза Тұр­сын­зада онлайн режимде өткен бас­­­па­сөз мәсли­ха­тында мәлімдеді. Айтыскер ақындар онлайн жұп­тасып, бірден дайындықсыз шы­найы әрі онлайн режимде суырып­салма өнерін паш етеді. Байқау­дың тағы бір ерекшелігі – сайыс сы­байлас жемқорлыққа қарсы тақы­рыпқа арналған. 16 ақын жыр сайысының алғашқы айналымынан өтті.
«Қазақтың болмысында жоқ дерттің бірі – жемқорлық. Мақсат – жалғыз агенттіктің күші­мен ғана тосқауыл болу емес, жемқорлықпен күресті ұлт­тық қозғалысқа айналдыру, әр қазақстандықтың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. «Антикор-айтыс» жобасын бастап, қазір әлеуметтік желіде халықтың алғысын алып жатырмыз. «Үйде отырғанда ру­хымызды асқақтатып, еңсемізді көтерген ерекше шара болды» деп рақметін айтуда», – дейді Ырза Тұрсынзада.
Айтыс 9 сәуірде басталды. Қатысушылар бойынша жеребе тартылып, жұптар анықталды. 19 сәуірге дейін 1/8, 1/4 және 1/2 финалдары өтеді. Онлайн-айтыстың финалы биылғы 18 және 19 сәуірге жоспарланған. Жеңімпаздар Antiсor_shtab_kz Telegram-арнасында онлайн-дауыс беру және Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты пайыздық қатынаста бөлу арқылы анық­талады. Ал агенттіктің ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Данияр Алдабергеннің айтуынша, жастар қазір жемқорлықпен күрес тақырыбында қоғамның проблемасын көтеріп жатыр.
«Төле би он үшінде төрелік айтқан, Қазыбек би он бесінде дау шешкен дегенді жиі естиміз. Ол кезде дау шешетін басқа адамдар да болған шығар. Бірақ жастардың сол кезде ел ісіне араласып, айтқан пікірі өтімді болған. Мысалы, үлкен ер аза­маттың бойындағы жаман мінезін жасы кіші немесе баласымен жасты адам айтса, онда ол ұялып, тыйылуға әрекет етеді. Сол секілді жемқорлық тақырыбын тектен-текке таңдап алып отыр­ған жоқпыз», – дейді Данияр Алдаберген.
 

Гүл БЕКЗАТ