Ұлттық банктің «ұлы көшін» қолдайсыз ба?
Ұлттық банктің «ұлы көшін» қолдайсыз ба?
181
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті Нұр-Сұлтанға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, Ұлттық банктің орталық аппараты 1 шілдеге дейін Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшуі тиіс. Еліміздің бас қаржы реттеуші мекемесін астанаға көшіру туралы әңгіме бұған дейін де қозғалған. Ол кезде қаржыгерлер өз уәжін алға тартып, қарсылық білдірген. Дағдарыс кезеңінде Ұлттық банкті Нұр-Сұлтанға көшірудің тәуекелі қандай болады, бұл шешім Алматының қаржы орталығы мәртебесіне кері әсер етпей ме деген сұрақты сарапшыларға қойған едік.      width=Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист: – Жалпы, Ұлттық банктің Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшуі туралы саяси шешім былтыр қарастырылған. Бұған дейін Ұлттық банк Алматыда болуы керек деген пікірлер көп айтылды. Мұның себебін еліміздегі салық төлеуші компания­лардың үштен бірінің Алматы қаласында орналас­қанымен түсіндіретін. Ол рас, отыздан астам тран­сұлт­тық компания, біздегі екінші деңгейлі банктердің бас кеңселерінің 86 пайызы, бірлескен және ірі халықаралық ұйымдардың 43 па­йызы Алматыда орналасқан. Алматы қаласы эконо­микасының өзі 36 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның үстіне, Алматы Орталық Азиядағы дамыған ең ірі мегаполис. Бірақ саяси шешім қабылданды. Ұлттық банктің қоныс аударуы Алматының қаржы орталығы мәртебесіне қандай да бір кері әсер тигізетіндей себеп көріп тұрған жоқпын. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас кеңсесі Алматы қаласында қалады. Ол қаржы секторын тікелей қадағалайтын орган болғандықтан, Алматының қаржы орталығы мәртебесі сақталады. Ұлттық банктің банкаралық есеп айырысу бөлім­шелері, Депозиттерге кепілдік беру қоры, Қазақ­станның қор биржасының Алматыда қалуы қаланың қаржы орталығы статусын сақтайды. Еуропалық одақта орталық банктердің 90-95 пайызы ел астанасында орналасқан. Біз Ұлттық банкті астанаға көшіруден көп нәрсе ұтамыз. Себебі дағдарысқа байланысты Ұлттық қордан 10 млрд доллар бөлініп жатыр, оны тиімді жұмсау, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда, әлеуметтік мә­селелерді шешу кезіндегі оперативті іс-қимылдарды бақылау үшін Ұлттық банктің бас әкімшілік қалада болғаны дұрыс. Жалпы, мемлекеттік басқаруға тікелей әсерін тигізетін мемлекеттік органдардың барлығы да елордада орналасқаны жөн.    width=Нұржан БИЯҚАЕВ,  банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы: – Ұлттық банк мемлекеттік орган ретінде Қазақ­стан Президентіне есеп береді және қызметін Үкі­метпен үй­лестіре отырып атқарады. Ұлттық банктің бас кеңсесін көшіру мәселесі көптен бері тал­қыланып келеді. Әрине, Үкімет отырысына келуге және мәсе­лелердің жедел шешілуіне Ұлттық банк басшы­сының астанада болғаны дұрыс-ақ. Егер Ұлттық банктің орталық аппараты елордаға қоныс аударса, онда елі­міздегі екінші деңгейлі 27 банктің бас кең­се­лерін де осында көшіруді қамтамасыз ету қажет болады. Бүгінгі таңда астанада ForteBank-тің ғана бас кеңсесі жұмыс істейді. Ал JysanBank (бұрынғы ЦеснаБанк – авт.) керісінше бір жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтаннан Алматы қаласына көшіп кетті. Екінші деңгейлі банктердің бас кеңселерінің Ұлттық банк орналасқан қалада болуы екінші деңгейлі банктерге Ұлттық банк тарапынан жүргі­зі­летін кезеңдік тексеру кезінде туындайтын мәселе­лерді шешуде өзара жедел байланысу үшін аса қажет. Егер екінші деңгейлі банктердің бас кеңсесі елордаға көшпесе, онда Ұлттық банк екі қала арасына тексеруші қызметкерлері мен үйлестіруші топты тұрақ­ты қызметтік іссапарларға жіберу үшін шығын­дануына тура келеді. Әсіресе, қазіргідей төтенше жағдай кезінде, яғни қарыз алушылардан несиені кейінге шегеру және қайта құрылымдау туралы өтініштер толассыз түсіп жатқанда бұл мәселе банктің барлық штатын ең өзекті мәселелерді шешу кезіндегі жұмыс уақытына кедергі келтіріп, қосымша шығын шығаруға алып келеді. Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің бас кең­сесі астанаға көшетін жағдайда банктерге қажетті ғимарат пен орын-жай іздеу мәселесі туындайды. Себебі мұндай кеңселердің ғимараты жоғары сапалы телекоммуникациямен жабдықталған және бас кеңсе­лердің қызметкерлері толық сыятындай болуы керек.    width=Уәлихан ДИДАРБЕКОВ, қаржыгер: – Ұлттық банктің ел астанасын­да – Нұр-Сұлтан қаласында орна­ласқанын қолдаймын. Себебі През­дент Әкімшілігі, басқа да мемлекеттік органдар астанада орналасқан. Бү­гінгідей кризис кезінде шұғыл жағдайларда бірауыздан шешім қабылдау үшін Ұлттық банктің бас кеңсесінің елордада болғаны дұрыс. Алайда Ұлттық банктің дәл қазіргі уақытта көшуі дұрыс емес деп санаймын. Себебі көшу үшін де қаржы қажет болады. Ал дәл қазіргідей мұнай бағасы төмендеп, коро­на­вирусқа қатысты Ұлттық қордан қомақты ақша жұм­салып жатқан кезеңде Ұлттық банктің көшіп жүруін құптамаймын. Бұрын көшіп келетін мүмкіндігі де, уақыты да болды, сол кезде көшпегеннен кейін, дәл қазіргі кезеңде орнынан қозғалуын қолдамаймын. Сарапшылар тарапынан Ұлттық банктің соңынан Алматыдағы екінші деңгейлі банктердің бас кеңселері де көшіп келсе деген ұсыныс айтылып жатыр. Мен ол ұсыныспен келіспеймін. Өйткені, Алматыда БҰҰ, Дүниежүзілік банк, түрлі қаржы орталықтары, халықаралық ұйымдар Ұлттық банк Алматыда орналасқандықтан ғана сол жақта отырған жоқ. Алматы - адам саны және бизнес көлемі бойынша да ең үлкен қала. Адамдардың өмір сүруіне географиялық тұрғыда өте қолайлы. Сол себепті ол жер Қазақстаннын бизнес орталығы болып қала береді деген сенімім зор.  

Дайындаған Айдана БЕГІМ