Армян нөмірлі көлікті тіркеу жеңілдейді
Армян нөмірлі көлікті тіркеу жеңілдейді
277
оқылды
16 сәуірден бастап Ішкі істер министрінің Қазақстан­дағы көлік құралдарын тіркеу ережелеріне түзетулер енгізу туралы бұйрығы күшіне енді. Аталған құжатқа сәйкес Қа­зақ­стан территориясына кіргізілген көлік құралдарын мем­лекеттік тіркеу енді бастапқы тіркеу болып саналмайды. Енді ЕАЭО елдерінен, нақты айтқанда Армениядан кел­ген машиналарды уақытша тіркеу барысында бастапқы тіркеу алымын төлеудің қажеті жоқ. Бұл көлік иелері үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Себебі олар осы уақытқа дейін машинасын заң­дастырудың қымбатқа түсетінін айтып, ондай жағдайға дайын емес екенін жеткізген. Мәселен, көлік иелерінің уәжіне сүйенсек, ол автокөліктің шыққан жылына қарай 663 теңге мен 1 325 500 теңге аралығында. Ал 2021 жыл­дың 1 наурызына дейін төленуі керек утилизациялық алым кө­ліктің қозғалтқышының көлеміне байланысты 397 650 теңгеден 3 048 650 теңгеге дейін барады. Оған қоса, шекарадан кіріп қойған ма­шиналардың 70-80%-ы Кедендік одақтың техникалық регламентіне сай емесі анықталған. 13 наурыз күні дәл осы мәселе бойынша сенаторлар сауалына жауап берген Премьер-Министр Асқар Мамин біраз жайдың бетін ашып көрсетті. Асқар Ұзақбай­ұлының айтуынша, Арменияда тіркеуде тұрған автокөлікті мініп жүрген қазақстандықтар көлігінің техникалық жағдайына қара­мастан түгел заңдастырып беруді сұрап отыр. «Бірақ мұндай ұсыныс Қазақстанның заңнамасына ғана емес, ЕАЭО-қа мүше басқа да елдердің мүддесіне әсер етеді. Қазір осы мәселені қолданыстағы заңнаманы, мемлекеттік бюджет пен көлік иелерінің мүдделерін ескере отырып шешу жолдарын қарастырып жатырмыз» деп атап өткен еді А.Мамин. Иә, ешқандай төлемсіз тегін тіркеу мемлекет бюджеті үшін тиімсіз болары анық. Шекарадан заңсыз кірген автокөліктердің тіркелмеуінен ел Үкіметі кедендік салықтан түсетін 170 млн доллар­дай қаржыдан қағылып отыр. Ал ресми статистика Армения мен Қырғыз Республикасынан біздің елге 170 мың автокөлік кіргенін растайды. Оған қоса, шетелдік нөмірмен жүрген машиналар жол ережесін бұзса, айыппұл төлеуден жалтарып кететіні де мәлім болған. Бұл тұрғыда Армения шетел­дің мінілген 189 мың машинасын ЕАЭО елдеріне сатып, кедендік рәсімдеу арқылы 200 млн доллар (95 млрд драм) пайда түсірген. Өйткені Армения ЕАЭО-ға кір­генде 2020 жылға дейін авто­кө­лікке салынар кеден салығына байланысты жеңілдік алған бо­латын. Яғни, бұл сәтті тиімді пай­даланған армян алыпсатарлары түрлі айламен Қазақстан мен Ресей нарығына көлік сатып, ақшаға кенелгені рас.    width= Еске сала кетейік, ЕАЭО-дағы автокөлік құралдарының кедендік алымы туралы көрсеткіштің әр­түрлі болуы Қазақстан мен Ар­мения арасында дау тудыра жаз­дады. Осы жылдың басында Армения мемлекеттік кіріс ко­митеті сол елден көлік сатып алып, армениялық азаматтың атына рәсімдеген қазақстан­дық­тардың салық төлеуі қажет екені туралы ескертті. Комитет бас­шысының орынбасары Шушан Нерсисян ақпарат құралдары арқылы егер аталған салық төлен­бесе, келесі жылы айыппұл са­лынатынын хабарлап, қазақстан­дықтар сатып алған машиналарға қатысты барлық ақпарат Нұр-Сұлтандағы әріптестеріне жол­данғанын айтты. Дегенмен ендігі уақытта мұн­дай мәселе туындай қоймас. Бі­рін­шіден, Армения 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап одақтан тыс, үшінші елден машина импорттау жеңілдігінен айырылды. Екін­шіден, Қазақстан мен Армения үкіметі көлік құралдарын өткізуді реттеу бойынша келісімге келді. Біздің Үкімет армениялық тұр­ғын­дардың атына тіркеліп, Қа­зақстан аумағында мініліп жүрген автокөліктер саны жөнінде нақты мәліметке қол жеткізді. Сонымен, жоғарыда жазғаны­мыздай, ІІМ-нің көлік құрал­да­рын тіркеу ережелеріне түзету ен­гізу туралы бұйрығы шықты. 16 сәуірден бастап ЕАЭО елдерінен келген автокөліктерді тіркеу ­куә­­лігінде айрықша жазба пай­да бо­лады. Мысалы, армения­лық кө­лік­те – АР КҚ, ресейлік көлік­те – РФ КҚ, Беларусь мемлеке­ті­нен келген көлікте – БР КҚ, Қыр­ғыз Республикасынан келген кө­лікте – ҚР КҚ деген таңба бел­гі­ленбек. Осылайша, армениялық көлік иелеріне машинасын тиімді шарт­тармен тіркеуге мүмкіндік беретін қаулының күшіне енуін күту ғана қалды. Аталған құжаттың ресми атауымен таныстыра кетейік, «Қа­зақстан азаматтарының Ар­мения Республикасында тіркел­ген жекелеген көлік құралдарын Қазақстанға әкелуі мен пайда­лануының кейбір мәселелері туралы». Одан бөлек, қаулыға сәйкес тіркеу ережесіне бірқатар техни­калық өзгеріс енгізілмекші. Со­ның ішінде egov.kz порталы арқы­лы тіркеу бойынша да қосымша қызметтер қосылады. Айта кету керек, елімізде сәуір айынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі ұлғай­тыл­ды. Мәселен, 2020 жылдың ба­сында бір АЕК 2651 теңге болса, қазір – 2778 теңге деп бекітілген. Демек, шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелерінің қалтасына түсетін шығын көлемі де артатыны сөзсіз еді. Сондықтан көлік құралдарын тиімді шартпен тіркеуге мүмкіндік беретін құжаттың жүзеге асуынан үміт күтуге болатындай.  

     width=Бауыржан БАЗАР