Қаламгерді еске алды
Қаламгерді еске алды
418
оқылды

ҚР президенттіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты Астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан дарынды журналистерді еске алу кешін өткізді.

«Олардың есімдері – біздің жүрегі­мізде» атты еске алу кеші дәстүрлі түрде өтіп келеді. 2012 жылы ұйымдастырылған алғашқы іс-шара Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэль Жұмабаев, Жұматай Сабыржанов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Владимир Бойко, Мадрид Рысбеков, Шакизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятковский, Біржан Белқара сияқты есімі көпшілікке танымал қаламгерлердің жарқын бейнесін еске алып, олардың от­басы мүшелері мен әріптестерінің көңі­лін толқытып, ерекше тебіренткен болатын.

2013 жылы да бұл шара жалғасын тауып, онда Әскен Нәбиев, Бақтыбай Шаханов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дүкенбай Досжанов, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бек­темірова, Андрей Тришечкин, Наталья Хабарова, Иван Балучевскийді еске алуға арналды. Үшінші жобада Фариза Оңғар­сынова, Нұрғожа Ораз, Кеңес Юсуп, Ди­дахмет Әшімханов, Алексей Пан, Марат Аққұл, Смағұл Рахымбек, Светлана Галиева, Сембай Қисымұлы, Ерлан Ақмұрзин, Әлия Жүсіпова, Ольга Козлова-Латынина, Азамат Қалымбет, Айжан Жұмабаева, Сергей Насыров­тардың өздері өмірден өтсе де, атқарған істері халық жадында мәңгі өшпейтінін көрсетті.

Бүгінгі кездесуге осы үш жыл бойы өт­кізілген еске алу кешінің түйіні іспетті бірнеше қаламгердің соңында қалған отбасы мүшелері келді. Жақсының жарлары мен ұрпақтары ҚР президент­тігіне кандидат Сәдібек Түгелге өз кө­кейлеріндегі ойларын да жеткізді.

«Бағдарламаңмен таныстым, ана тіліміздің мәртебесін биіктетуге арналған ұстанымың көңілімнен шықты. Бола­шақ­та үш тұғырлы тіл деп, ұрпағымыздың тілі шұбар болып жүрмесе деп алаңдай­мын. Көп тіл білгеннің зияны жоқ, тек өз тіліміз өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоя ма деген көңілімде күдік бар,соны өзіңе жеткізіп отырмын», – деді кезінде «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болған Октябрь Әлібектің жары әрі өзі де ұзақ жыл бойы журналист болып қызмет атқарған Рахия апай.

 

Айдана БЕГІМ