Арнайы экономикалық аймаққа барды
Арнайы экономикалық аймаққа барды
303
оқылды

«Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС ұжымымен кездесті.

Д.Еспаева еліміздің ірі өнеркәсіп ұжымына өзінің сайлауалды бағдарлама­сын таныстырды. Зауыт қазақстандық әскер мен әскери күш құрылымдарын бронетехникамен қамтамасыз етеді. Өнеркәсіптің қуаты – жылына 120 ма­шинаны құрайды. Бронетранспор­терлерді жақын арада әлемдік нарыққа шығару жоспарланған.

Кандидат Дания Еспаева цехтың жұмысымен танысып, отандық кәсіп­орынды мазалайтын сұрақтарға жауабын берді. Қойылған сұрақтардың ішінде несиелердің жоғары мөлшерлемесі мен мемлекеттік тапсырыстардың қысқа уа­қыт­тылығы бар. Дания Еспаева бұл және басқа мәселелердің жауабы өз бағдар­ламасында көрініс тапқанын айтты.

«Сіздер сияқты кәсіпорындар үшін мемлекеттік тапсырыстардың уақыты бір жыл емес, кем дегенде үш жылдан аспауы тиіс. Бұл отандық өнеркәсіптердің жұмыс қуатын арттырып, бәсекеге қабілетін жоғарылатады, – деді Дания Еспаева. – Бағдарламамда несие мөлшерлемесін төмендету мәселесі қойылған. Қазір бұл компания екінші дәрежелі банктерден жылына 16 пайыздық мөлшерлемеде несие алады. Таяуда ғана біз оны 14 па­йыз­ға өзгерттік. Мұның өзі жоғары мөл­шерлеме. Әрі бұл жерде әңгіме еліміздің қорғанысы жайында болып тұр».

Кәсіпорын жұмыскерлерімен кездесу барысында «Ақ жол» партиясының үміткері бағдарламаның негізгі тұстары жайлы айтып, әлеуметтік, басқа да тақы­рыптар аясында сұрақтарға жауап берді.

Кездесу соңында Дания Еспаева сайлаушыларды 9 мамыр күні прези­денттік сайлауға қатысуға шақырды.

 

Айдана БЕГІМ