Бір-біріне демеу болмақ
Бір-біріне демеу болмақ
316
оқылды

Қазақ елі ауған елін қалпына келтіруге қаты­суда. Бұл жайында сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Ауғанстан сыртқы істер министрі Салахуддин Раббанимен келіс­сөздері барысында әңгіме болды. Кездесу Тәжікстан астанасы Душанбеде ұйымдастырылған «Орталық Азия+Жапония» диалогы елдері СІМ басшыларының 7-ші кеңесі аясында өтті.

Айта кету керек, Ауғанстанда да биылғы шілде айында прези­денттік дода өтеді деп күтілуде. Осыған байланысты қазіргі уақытта бұл ел саяси өміріндегі өте маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл ретте қазақстандық тарап «президенттік сайлаудың әділ және ымырасыз күрес, толық ашық­тық пен қауіпсіздік жағ­дайында өткізілетініне, ал ауған халқы дұрыс таңдау жасайты­нына» сенім білдірді.

– Қазақстан Ауғанстанды қайта қалпына келтіру бойынша өзінің халықаралық міндетте­ме­лерін орындап келеді және елдегі жағдайдың тезірек тұрақ­тануына мүдделі, – деді Б.Атамқұлов.

Келіссөздер барысында Қа­зақстан мен Ауғанстан ара­сын­дағы экономикалық сала­дағы ынтымақтастықтың жақсы дең­гейге жете бастағаны атап өтіл­ді. Бұған 2018 жылы өзара сауда-саттықтың жарты миллиард дол­лардан асқаны, яғни 520,6 мил­лион долларды құрағаны дәлел бола алады. Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясы – сау­да-экономикалық ынтымақ­тас­тық саласындағы негізгі құрал­дардың бірі болып отыр.

Ауғанстан қазақ астығын және ұнын сатып алатын дәстүрлі на­рық саналады. Мемлекетіміз бұл елге қазақстандық тауарлардың экспортын арттыруға мүдделі. Сол себепті, еліміздің сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы ауғандық әріптесінен қазақ­стан­дық компаниялар шығарған өнім­дерді Ауғанстанға импорт­тау­шы­ны іздеуде көмек көрсетуді сұрады.

Бұл елге экспорттау бойынша перспективті тауарлар қатарында ауыл шаруашылығы және құ­рылыс техникалары, аккумуля­торлар, генераторлар, құрылыс материалдары, электр беру же­лілері, металл және пластикалық құбырлар, шыны және басқалары аталды.

2019 жылдың ақпан айында қазақстандық «Интегра Конс­тракшн» компаниясы ауған елін­дегі «Хаф–Герат» теміржол учас­кесін салуға арналған тендерді жеңіп алды. Осыған байланысты Бейбіт Атамқұлов отандық ком­панияға осы құрылысқа қатысуға мүмкіндік бергені және осы ком­пания қызметкерлерінің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге дайын­дығы үшін ауған тарапына алғысын білдірді.

Қазақстан адам ресурстарына инвестициялауға үлкен мән бе­реді. Тиісінше, ауған жастарына білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Бұл елдің жас ұрпағының өкілдері біздің университеттерде жоғары, техни­калық және кәсіптік білім алуда. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен АИР Білім ми­нистрлігі арнайы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, қазақ­стандық жоғары оқу орындарында 30 ауған азаматы даярланады. Атап айтқанда, олардың 16-сы – бакалавриат бағдарламалары, тағы 16-сы – магистратура, еке­уі – докторантура бойынша оқиды деп көзделуде.

Б.Атамқұлов сондай-ақ Жапония сыртқы істер министрі Таро Кономен де жүздесті. Ол жапон делегациясын жақында жаңа император Нарухитоның таққа отыруымен және «РЭЙВА» («гүлденген гармония») атты жаңа дәуірінің басталуымен құттық­тады. Тараптар қазақ-жапон қатынастарының жай-күйіне қанағаттанатындарын білдірді.

«Қысқа тарихи кезең ішінде Қазақстан мен Жапония арасын­дағы қарым-қатынас стратегия­лық әріптестік деңгейіне көте­ріл­ді. Біздің ел басшылығы Жапо­ния­мен ынтымақтастықты дамы­туға ерекше мән береді», – деді Қазақстан СІМ басшысы.

Екіжақты сауда-экономика­лық ынтымақтастық белсенді да­мып келеді, Жапония – Қазақ­станның ең ірі шетелдік инвес­торларының ішінде 7 орында тұр. Өзара тауарайналымның өсуі байқалады. 2018 жылы ол 2 млрд долларға жетті, бұл көрсеткіш ал­дыңғы жылмен (1,3 млрд доллар) салыстырғанда 54%-ға артты. Қа­зіргі уақытта Қазақстанда жа­пондық капиталдың қатысуымен мұнай-газ, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобиль­дерді көтерме сату және логистика сияқты салаларда 70 кәсіпорын жұмыс жасауда.

Қазақ елі экономикалық жаң­ғыруды сәтті жүзеге асыру үшін жапондық инвестициялар мен озық технологияларды тартуға мүдделі. Тараптар қазақ-жапон ынтымақтастығын одан ары ны­ғайту жұмысын жалғастыруға келісті.