Талғарда тау-шаңғы туризмі дамиды
Талғарда тау-шаңғы туризмі дамиды
540
оқылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төраға­лы­ғымен өткен инвесторлар­мен кездесу барысында биыл жыл басына пайдалануға беріліп, жарты жылға жетер-жетпес уақыт аралығында тауда шаңғы спортымен шұғылданып, демалғанды жақсы көретіндер мен алыс-жақын шет мемле­кет­терден келген туристердің көңілінен шыққан Талғар ауда­нындағы «Ойқарағай – Лесная сказка» тау-шаңғы кешенін одан ары дамыту жоспары мен қажетті мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтылды. Сонымен бірге, жалпы Жетісу өңіріндегі көрікті және тарихи жерлерге апаратын жолдар мәселесі де талқыланды.

Аз ғана уақытта туристер мен демалушылардың сүйікті орнына айналған тау-шаңғы кешенін дамы­тудың таяу кезеңге жасалған жоспа­ры жайлы инвестор, жоба бастама­шы­сы, Alina компаниялар тобының пре­зи­денті Ерлік Балфанбаев баян­да­ды. Инвестордың айтуына қара­ғанда, өткен жылмен салыстырғанда кешенге келушілер саны бірнеше есеге артып отыр. Қазіргі кезде жаңа аспалы жолдың құрылысы қолға алынған. Қолданыстағы 13 шақырым шаңғы жолына қоса биыл тағы 7 ша­қырымдық осындай трасса жасалып жатыр. Шаңғы кешенінің халыққа жыл он екі ай қыз­мет көрсетуін қамтамасыз ету үшін жа­санды қар жасау жұмысы да жолға қойылып отыр. Осы мақсатта екі су қой­масы, жоғары қысымды трасса салы­нуда. Дегенмен бүгінде қатты байқалып тұрған басты мәселе – ин­фра­құрылым жағынан мемлекет қол­дауының қа­жеттігі. Жүздесу ке­зінде осы мәселеге баса назар аударылды.

Атап айтқанда, «Алматы – Тал­ғар» трассасынан Бесқайнар ауылы­на бұ­рылатын» жол айырығының құ­ры­лы­сы жан-жақты қолдаусыз ке­шеуілдей бе­рері анық. Сол сияқты Байбұлақ ауы­лынан «Тау-Тұран» айырығына дейінгі 1000 және 2000 КВА қосалқы стансасы бар 2 электр жеткізу жүйесі тартылатын Ақ-Тас» шоқысына де­йін­гі аралық та осы қатарда. Бұлардың жобалық-смета­лық құжаттамасы инвес­тордың қаржы­сына дайын­да­лып, мемле­кеттік сарап­та­ма қоры­тын­дысы алынған. Енді осы­­ларды жүзеге асыру керек. Тау-шаңғы ке­шенін газ­дандыру жағы да қолдау күтеді.

Облыс басшысы нысанға газ жет­кізуге көмектесудің мүмкіндігі барлы­ғын айта келе, ішкі газ тарату жүйесін инвестор өз есебінен жүргізуге тиіс екендігін атап өтті. Ал жол құрылысына қажетті қолдау көрсетіледі. Электр жет­кізу жүйесі құрылысы мәселесін зерт­теп, соған сай шешім қабылдау тиісті сала мамандарына тапсырылды.

– Бүгін сөз етіп отырған ірі жо­баның облыстағы тау-шаңғы туризмін дамытудағы маңызы аса зор. Сондық­тан біз қажетті көмек көрсетеміз. Бас­қосу барысында көтерілген мәселелер қосымша зерделенеді, соның ішінде жол құрылысы бойынша да, мүмкін­дігіне қарай жәрдем жасаймыз, – деген Амандық Ғаббасұлы облыс­тық ту­ризм, кәсіпкерлік және индус­тр­иал­ды-инновациялық даму, жолаушы кө­­лігі және автомобиль жолдары бас­қар­маларына аталған бағыттағы жұ­мыс­тарды басты назарға алуды ескертті.

    

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы