Елбасыға «құрметті сенатор» мәртебесі беріледі
Елбасыға «құрметті сенатор» мәртебесі беріледі
297
оқылды

Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Парламент Сенаты Бюросының отырысында палатаның 30 мамырда болатын отырысының күн тәртібі белгіленді.

Тұңғыш Президент – Елбасыға Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қа­лаушы ретінде, Конституцияны, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, қоғамды топтастыруды қам­тамасыз етудегі, ел дамуының стратегия­лық бағытын айқындаған тарихи еңбегінің мойындалуының көрінісі «Құрметті Сенатор» мәртебесінің берілуі болмақ.

Қазақстан Республикасының демо­­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­­меттік мемлекет ретінде конститу­ция­лық-құқықтық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқаны үшін Елбасыға «Құрметті Сенатор» мәр­тебесі беріледі. Бюро мүшелері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл бастамасына бірауыздан қолдау білдірді.

«Елбасының басқаруымен тәуелсіздік кезіндегі Қазақстанның жеткен жетіс­тік­тері оның осы бастаған жолының да, бағытының да дұрыстығын көрсетеді. Елбасы Сенат жұмысына әр уақытта терең мән берді, Сенат жұмысының ыңғайлы болуына барлық мүмкіндікті жасап отырды. Сенат өмірі Елбасының қойып отырған барлық мақсатымен тікелей ты­ғыз байланысты болып келе жатыр» деді Жоғарғы палата төрағасының орынбаса­ры Б.Бекназаров.

«Біздің қазіргі Конституциямыз да, сол Конституция бойынша жұмыс істеп жатқан қос палатаның қызметі де Елба­сының үлкен бастамасының, автор­лы­ғының арқасында жүзеге асты. 1995 жылғы Конституциямыз посткеңестік елдер ішінде бірінші рет қос палаталы Парламент жасақтауға мүмкіндік берді. Соның негізінде Сенаттың алғашқы күнінен бүгінге дейінгі жұмысы Елбасының тікелей қамқорлығымен, басшылығымен жүзеге асып келе жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Елбасы мемлекет қалып­тастырушы, тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы тұлға ғана емес, сонымен қатар қос палаталы парламентаризмнің де негізін салған қайраткер. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсы­нысын қолдаймыз және әбден орынды деп есептейміз» деді М.Құл-Мұхаммед.

Сенатор Б.Әйтімова Елбасының Сенат отырыстарында сөз сөйлеп, кез келген тақырып бойынша ұсыныстар айту, еліміздің барлық азаматы мен мемле­кеттік институттардың тыныс-тіршілігі туралы ойларын ортаға салу мүмкін­діктерінің маңызды екенін атап өтті.

«Мен бұл мәселені толық қолдаймын. Өйткені ол Елбасының мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесінің мызғымастығы бекітілген Қазақстанның Конституциясына сәйкес келеді» деді сенатор Г.Ким.

«Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешім Парламент Сенатының жалпы отырысында қабылданады.

Бюрода 30 мамырда өтетін палата отырысының күн тәртібі белгіленді. Сенаторлар халықаралық екі құжатты: бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді; Қазақстан мен Литва арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолда­нылған адамдарды беру туралы шартты қарайтын болады.