Құн салығын төмендетсе...
Құн салығын төмендетсе...
309
оқылды

«Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Көкшетау қаласында «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС ұжымымен кездесті. Кандидат компания жұмысымен танысып, ұжымға сайлауалды бағдарламасының кәсіпкерлікті ынталандыруға арналған негізгі тұстарымен таныстырды.

«Инвестициялық жоба – мемлекеттің отандық кәсіпкерлікті қолдауының үлгісі. Менің сайлауалды бағдарламамда қосымша құн салығын төмендету арқылы қолдау шаралары көрсетілген. Сіздердің мысалдарыңызда бұл қолдаудың қан­шалықты тиімді екенін көріп отырмыз. Осындай шараларды барлық кәсіпорынға пайдаланғымыз келеді. Бұл тәжірибенің етек алуы маңызды», – деді кандидат.

Компания жетекшілері мен Көкшетау қаласындағы өзге де бизнес-құрылым­дардың жетекшілері тұңғыш әйел үміт­кердің ұсыныстары қызықтыратынын айтты. «Салық жүйесі мен басқа да қаржы айналымындағы біліктілігі ұнайды. Біз үшін экономика маңызды. Ал Дания Еспаева отандық бизнеске қол ұшын беру керегін жақсы түсініп отыр. Әрине, ол көмек компания аяққа тұрып жатқан кезінде көрсетілуі керек. Содан соң ғана мемлекетке пайдамызды тигіземіз», – дейді компанияның бас директоры Олег Балыбин.

Аталған компания тарихы инвести­циялық жоба ретінде 2016 жылдан бас­талған. Оған мемлекет нөл пайыздық мөл­шерлемесіндегі қосымша құн са­лы­ғын енгізу арқылы қолдау көрсетті. Соны­мен қатар жергілікті атқарушы ор­ган­дар 12 мың шаршы метр көлемінде жер телімін беріп, тиісті инфрақұры­лы­мын өткізген болатын. Қазір мұнда өн­дірістік цехтар мен көрме павильон­дары орналасып жатыр. Өнеркәсіп 2018 жылы 3,5 млрд теңге сомасындағы мың­нан аса техниканы жинаған. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 7 млрд тең­геге дейін ұл­ғаяды. Алдағы 2-3 жылда өнім экс­портқа шығады деген жоспар бар.

Кәсіпорын жұмысшыларын ипо­текалық несие беру, зейнетақы сынды мәселелер толғандырды. Кездесу барысында бұдан бөлек тақырыптар да қозғалды. Үміткер әрбір қойылған сұраққа тиянақты жауап беріп отырды.


Айдана БЕГІМ