Карантин режимін жеңілдетудің екінші кезеңі қалай жүргізіледі?
Карантин режимін жеңілдетудің екінші кезеңі қалай жүргізіледі?
147
оқылды
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшаларында карантин режимін жеңілдетудің екінші кезеңі өңірде қалай өтетіндігін айтты. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында хабарлады. СҚО-да 4 мамырдан бастан карантин режимі біршама босаңсиды. Көптеген бизнес нысандары жұмысын бастап, тұрғындарға кейбір қызмет түрлері қолжетімді болмақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 13 мың солтүстікқазақстандық жұмысқа шығады. «Өңірде карантин режимін кезеңмен жеңілдетіп жатырмыз. 27 сәуір – бірінші кезеңінде шағын және орта кәсіпорындар, қызмет көрсету, құрылыс және жол компаниялары іске қосылды. 45 мың адам жұмыс орындарына оралды. Тұрғындар саяжайларына баруға мүмкіндік алды. Ал 4 мамырдан бастап аумағы 500 м² дейінгі азық-түліктік емес дүкендер ашылып, сағат 17.00-ге дейін жұмыс істейтін болады», - деп жазды облыс әкімі. Өңір басшысының айтуынша, сондай-ақ фотосалондар мен гүл дүңгіршіктері, алдын ала жазылу бойынша шаштараздар, медициналық орталықтар мен стоматологиялық клиникалар, жылжымайтын мүлік операциялары бойынша компаниялар, жарнама агенттіктері, нотариустер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары мен ломбардтар, ақша айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары ашылады. Бұған дейін тұрғындарға аулаға баланы шығаруға рұқсат етілсе, енді далада спорттық жаттығу жасауға, жүгіруге мүмкіндік беріледі. Бұдан басқа Нұр-Сұлтан – Петропавл қалаларының арасында әуе рейсі қалпына келтіріледі. «Өңір біртіндеп жанданып жатыр. Біз ақырындап үйреншікті тұрмысқа оралудамыз. Алайда, қауіпсіздік шараларын ұмытуға болмайды. 2 метр - әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыздар, маска киіңіздер, қоғамдық орындарда санитайзерлерді пайдаланыңыздар. Қатаң тәртіпті ұстанған жағдайда ғана біз карантин режимінен құтыламыз», - деп жазды Құмар Ақсақалов.