Ардагерлер саны күрт артты
Ардагерлер саны күрт артты
257
оқылды
Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ел Парламенті жеделдетіп «Ардагерлер туралы» заңды қабылдады. Қазір Қазақстанда Ұлы Отан соғысының небәрі 1 025 қатысушысы мен мүгедегі қалыпты. Бұған дейін тек Ауған соғысының 15 мыңдай ардагері олардың мұра­гері саналатын. Енді жаңа заң бойынша ардагерлерге теңестірілгендер қатары 181 мыңға дейін өспек. Сенат төрағасы Дариға На­зарбаеваның төрағалығымен өткен отырыста сенаторлар ардагерлер туралы жеке заңды құптады. КСРО басшылығының бұйрығымен өзге елдер аумағында жүргізілген соғысқа қатысқан қазақстандықтар бұл заңды он бес жылдай күтті. Мысалы, осы аттас заң жобасын ел Парламенті 2007 жылы қараған-тын. Алайда Мә­жіліс пен қоғамда ұзақ талқы­ланған ол жобаны ел Үкіметі кері алып қойыпты. Жаңа заң барынша қысқа уақыт ішінде қабылданып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсінді­руінше, бұған дейін әртүрлі заңдарда ардагерлерге қарас­тырылған барлық жеңілдік пен кепілдік енді осы бір құжатта топтастырылды. Жаңа заңның негізгі жаңа­лығы – ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санатын бекітуі. Бұлар: біріншіден, Ұлы Отан со­ғысының ардагерлері; екіншіден, басқа мемлекеттердің аума­ғындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; үшіншіден, жеңіл­діктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; төртіншіден, еңбек ардагерлері; бесіншіден, заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар. Ауғанстандағы, сондай-ақ бас­қа мемлекеттердің аума­ғын­дағы ұрыс қимылдарына қа­тыс­қан әскери қызметшілер «со­ғыс қимылдарының ардагерлері» санатына өтеді. Олар үшін қол­даныстағы барлық жеңілдік пен жәрдемақы сақталады. Бұл ретте басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері санатына тікелей соғысқа қатыспаған, бірақ оны реттеуге тартылған арда­герлер, 1992-2001 жылдар аралы­ғында тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдар, сондай-ақ бертінде Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент жатқызылып отыр. Яғни, олардың барлығы Ауған ардагерлерімен теңестірілді. Жаңадан енгізілетін санат ардагерлеріне 4,8 АЕК (2020 жы­лы – 12 725 теңге) мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Осы жәрдемақыдан басқа олар тұрғын үй кезегіне тұрады, салық жеңілдіктерін пай­даланады, тегін медициналық қызметке жүгіне алады, сана­ториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі. Бұл 10 мың­нан астам адамға қатысты. Ведомствоның мәліметін­ше, биыл Жеңістің 75 жылды­ғын ме­рекелеу қарсаңында 1 025 ҰОС ардагері және Екінші дү­ние­жү­зілік соғыста Жеңіске үлес қосқан өзге қазақстандықтар жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге біржолғы қар­жылай көмек алады.  

Айхан ШӘРІП