Саясаттанушыға сұраныс неге жоқ?
Саясаттанушыға сұраныс неге жоқ?
302
оқылды
Дамуды көздеген ел саясаттанушылар кеңесіне жүгінеді. Осы саланың мамандары жасаған сараптамаларға сүйеніп, әрекет етеді. Қазақстанда әзірге олай болмай тұр. Саясаттанушы сараптамасын сынап жатыр деп қабылдайтын билік олардан іргесін аулақ салуға тырысады. Сол себепті, сапалы саяси сараптамалар қағаз жүзінде қалады, ескеріп жатқан билік жоқ. Өңірлерде де саясаттанушылар қызметін керек еткен ешкім жоқ. Соның салдарынан түрлі кикілжіңдер орын алып жатады. Саясаттану ғылымының маңызын түсінбеген жоғары оқу орындарының басшылары саясаттану кафедраларын қысқартып жіберген. Саясаттану ғылымының дамуы талқыланған Қазақстан саясаттанушыларының конгресінде осы және өзге де өзекті мәселелер сөз болды.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен конгреске айтулы шетелдің сая­саттанушылары да қатысты. Бұл жиында 2020 жылы Лисса­бон­да өтетін Бүкіләлемдік сая­сат­танушылар конгресіне қатысу мә­селелері де талқыланды.   Қа­зақ­станның саяси зерттеулер қауым­дастығының президенті Есен­жол Алияров келесі Бүкі­лә­лем­дік саясаттанушылар конг­ре­сін біздің елде өткізуге өтінім беру­ді жоспарлап отырғанын жет­кізді.

«Біз Президент Әкімші­лігі­мен келісе отырып, 2024 жылы Қазақстанда Бүкіләлемдік сая­сат­­танушылар конгресін өткізуге өті­нім беруді жоспарлап отыр­мыз», – деді ол конгресте. Ол сон­дай-ақ Қазақстанның саяси зерт­теулер қауымдастығы мен Сая­си ғылым қауым­дастығын бір ұйымға біріктіру жөнінде ше­шім қабылданғанын да жеткізді.

Қазақстан саяси зерттеулер қауым­дастығының вице-преи­ден­ті, саясаттанушы Айдос Са­рым­ның пікірінше, Қазақ­стан­ның заманауи саясаттану ғы­лы­мын дамыту үшін еліміздегі сая­­­саттанушылар ұйымдарының бірігуі – маңызды қадам. Бұл сая­саттану қауымдастығының ха­лықаралық ұйымдарда беделге ие субъектіге, шешім қабылдау про­цесіне ықпал ете алатын бі­рың­ғай күшті ұйымға айналуға мүм­кіндік береді. Оның айтуын­ша, саяси транзит пен жуырда өтетін сайлау мықты саяси білімді талап етеді, сондықтан да елімізге, әсіресе, өңірлерге де сапалы сарапшылар қажет.

«Қоғам ашылған сайын ырықтандыру мен реформалар процесі жалғаса береді. Осыған байланысты, әлемдік тәжіри­бе­ден хабары бар сарапшылардың, саясаттанушылардың пікірлері қажет-ақ. Әсіресе, өңірлерде біздің әріптестерге сұраныс жоқ. Олар шешім қабылдау процесіне қатыспайды. Егер белсенді саяси бәсеке болса, саяси сараптама мен саяси бағдарламалар әзірлеу қажет болады. Облыстарда балама жобалар болуы тиіс», – дейді ол.

Оның пікірінше, саясаттану мамандығын оқыған студент­тер­дің басым бөлігі өз мамандығы­мен жұмыс істемейді. «Кейбірі шенеунік болады, кейбірі бизнес­ке кетеді. Мен үшін бұл жағдай өте ауыр. Себебі, бұл оқуға мемлекеттің немесе ата-ананың қаражаты кетті. Саясат­тану мамандығы өте қызық, ел ішінде және халықаралық тәжіри­белер жетерлік», – деген ол саясаттану кафедраларын қысқарту немесе басқа пәндер­мен біріктіру үрдісіне алаңдаулы екенін білдірді. «Әрине, мемле­кет инженерлер мен дәрігерлерге мұқ­­таж шығар. Бірақ олар философия мен гуманитарлық пән­дерді қатар меңгерсе, олар­дың сапасы артады. Бұл – аксио­ма, оны біз ойлап тапқан жоқ­пыз. Біздің қауымдастық Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарына шығып, дәл осы пәндердің сағатын көбей­туді талап етуі керек», – дейді.

Белгілі саясаттанушы Расул Жұма­лы соңғы 10-15 жылда сая­саттану ғылымының маңызы арта түскенін айтады. «Түрлі қоғам­дық-саяси үрдісті жіті бақы­лап, сараптамадан өткіз­ген­нен кейін билікке жеткізудің маңызы зор. Себебі, саяси сарап­тама сапалы болса, қоғам мен билік арасында жақсы байланыс орнайды. Бұл билік тарапынан тиімді шешімдердің қабылдануына ықпал етеді. АҚШ, Еуропа осыған зор мән беріп отыр. Қазақстанның кеш те болса, осы мәселеге назар аударғаны қуантады. Себебі, кикілжің ақпараттың жетіс­пеуінен, саяси зерттеулердің жоқтығынан туындайды», – дейді ол.

Оның сөзінше, соңғы 20-25 жылда елімізде саясаттану сала­сында білікті ғалымдар, сарап­шылар пайда болды, олардың еңбектерін бағалаған шетелдік ірі орталықтар конферен­ция­ларға жиі шақырады. Жоға­ры дәрежелі сол ғалымдарымызға елімізде мемлекеттік қолдау жоқ екен.

«Меніңше, өте терең мәсе­лер­ге сараптамалар жасалады. Бірақ соның 99 пайызы қағаз бетінде қалады. Оларды билік елеп-ескермейді.   Біздегі үлкен проблема осы дер едім. Дағдарыс кезінде билік саяси сараптамаға зәру. Әрине, өзіміз шешеміз, өзіміз білеміз, саяси кеңес керек емес деген авторитаризм дәуірі­нен қалған инерция әлі де бар. Десе де, жағдай өзгере бастады, себебі, бұл – заман талабы. Қоғам жалпылама әңгімеден қажыды», – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, бір ғана Вашингтонда саяси сарапшылар орталықтарының саны отыздан асады. Әрқайсында жүзге тарта сарапшы жұмыс істейді. Осы орталықтардың сараптамалары негізінде мықты бағдарламалар, жобалар қабылданады. Жақсы кеңестер беріледі, нәтижесін көріп отырмыз. Сол сияқты іргеміздегі Қытайда Қазақ­стан­ды, Орталық Азияны зерттейтін отыздан астам институт бар. Ал бізде Қытайды зерттейтін бірде-бір институт жоқ. «Екіжақты ынтымақтастықта, көп жағдай­да, тең дәрежеде ықпалдаса алмауы­мыздың себебі осында», – дейді саясаттанушы.