Сайлау науқанын талқылады
Сайлау науқанын талқылады
385
оқылды

Bolashaq қауымдастығы сайлау туралы пікірсайыс алаңын өткізіп, сайлау науқанына қатысты маңызды тақырыптарды талқылады. Шараға «Болашақ» бағдарламасының түлектері жиналып, сайлауға дайындық барысы, үгіт-насихат жұмыстары мен қоғамдық пікір, әлеуметтік желілердің рөлі менбасқа елдер тәжірибесі туралы ойларымен бөлісті.

Шараның тізгінін ұстаған моде­ратор, Қазақстандағы балама энергетика қа­уым­­дастығының директоры Арман Қаш­қынбеков қаты­сушылардан сай­лауал­ды нау­қан жөніндегі пікірлерін сұрады.

Саясаттанушы Талғат Қалиев халық­тың шамамен 95 пайызы кан­дидаттардың сайлауалды бағ­дар­ламасын білмейтінін айтты. «Бізде қоғам сайлауалды бағдарла­маға емес, адамға қарап дауыс береді. Біз ұзақ уақыт бәрі Назарбаевқа дауыс берген қоғамда тұрып келдік. Назарбаев­ты халық жақсы білетін. Сондықтан адамдар оның бағдарламасына емес, өзіне қарап, таңдау жасаған. Қазір де көпшілік кандидаттардың қандай мәсе­ле­лерге назар аударып, бағ­дарла­ма­ларын­да қандай уәде беріп жатқанынан хабарсыз», – дейді ол.

Eurasia Blockchain Fintech Group Limited компаниясының директоры Тілектес Адамбеков Украинада өткен сайлау кезінде Владимир Зеленскийдің бүкіл әкімшілік ресурстарды қолына жиған Петр Порошен­коны жеңуі қазақстандық кандидаттарға сабақ болуы керек еді деп есептейді. Оның пікірінше, үгіт-насихат ма­те­риалдары өте нашар дайын­дал­­ған, ал кандидаттардың сай­лауал­ды науқанға жұмсаған бюджеттері­нің әртүрлі болуы жұмыс сапасына әсер еткен болуы мүмкін.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселе­сін көтеріп жүрген белсенді Алмаз Рашитхан­ұлы сөзін «Бұл – сын емес, менің жеке пікірім» деп бастады.

– Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасындағы ұсыныстарды қара­ғанда, көңілім толған жоқ. Бірде-бір кан­дидаттың инклюзивті қоғам мәсе­ле­сін көтергенін көрме­дім. АҚШ-та төрт рет президент болған Рузвельт арбада отырғанын, соған қарамастан елін эконо­мика­лық дағдарыстан алып шық­қа­нын білеміз. Ол сайлауалды бағдар­­лама­сында инклюзивті қоғам мәсе­­лесін шешетінін мәлімдеп, Вьет­нам­нан оралған әскерилерге басқа­лармен тең дәрежеде қызмет көрсетілуін қамтамасыз етті. Біздің қоғамда мүгедек жандарға қатысты дискри­ми­­нация көп. Тіпті, парламенттің өзінде бірде-бір мүмкіндігі шек­теу­лі депутат жоқ. Барлық бағдар­лама «тұрақтылық, жақсылық болады» деген мәтінде. Бейбітшілік пен даму болғанын біз де қолдай­мыз. Бірақ қазақта «Ауруын жасыр­ған өледі» деген сөз бар. Сондықтан аталған мәселелерге де назар аудару керек, – дейді ол.

Жиынды жүргізіп отырған Арман Қаш­қынбаев Алмаз Рашит­хан­ұлының пікіріне қосылып, Қазақстанда ресми дерек бойынша 660 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар екенін айтты. «Миллионға жуық адам немесе бір қала халқына тең қоғамға да ерек­ше көңі­л аударған дұрыс» деді Арман Қаш­қынбаев.

Қаржыгер Дәурен Байма­ғамбетов сайлауалды бағдарламада барлық мәсе­ле­нің қамтылмауын үгіт-насихат жұмыс­т­а­рына небәрі бір ай уақыт берілуімен байла­ныс­ты­­рады. «АҚШ-та сайлауалды нау­­қаны мүлде аяқталмайды. Бір сайлау аяқталғанда, екіншісі бас­та­лады. Ал бізде барлығына бір ай уақыт берілді. Мұндай аз уақытта халық аз танитын кандидаттар өздері туралы толық ақпарат беріп те, адамдар саналы таңдау жасап та үлгер­мейді», – деді ол.

Жиын барысында азаматтар­дың сайлау­ға қатысу мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекетке өткізетін салықты бірден жалақы­дан ұстамай, азаматтың өзі жеке тап­сы­ратын ету керек деген ұсы­ныс та айтылды. Идея «сонда халық «менің ақшам қайда кетіп жатыр?» деп, саяси процестерге қызығушы­лы­ғы оянады» деп түсіндірілді.