Мақтаарал ауданына көмек кімнен, қайдан келді?
Мақтаарал ауданына көмек кімнен, қайдан келді?
266
оқылды
  • Үкімет Мырзакент кентінде 50 гектар жерге 500 тұрғын үй салады. Нәтижесінде Мақтаарал ауданының тұрғындарын жаңа немесе жөнделген баспанамен толық қамтамасыз етеді. Жауаптылар құрылыс жұмыстары 15 тамызға дейін бітеді деп жоспарлап отыр. Әрі әрқайсысына республикалық бюджеттен 100 мың теңгеден береді.
 
  • Мақтаарал ауданына көмек ретінде түскен қаржының басым бөлігі «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына аударылды.
  • «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдықтарға 20 тонна жүк жіберді. Қор атынан кәсіпкер Қайрат Құдайберген «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 200 млн теңге аударды.
 
  • Мәжіліс Бюросы біркүндік еңбекақысын «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына жібергенін хабарлады. Қаржы Мақтаарал ауданы тіршілігін, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін жұмсалады.
  • Өзбек кәсіпкері Әлішер эвакуацияланған 30420 тұрғын үшін әлеуметтік қорға 5,2 млн доллар аударды. Қор теңгеге шаққандағы 2,3 млрд-ті 5202 отбасыға бөліп береді. Сонда әрқайсына 422 мың теңгеден үлестіреді.
 
  • Белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратов қорға 6 млн доллар аударды. Жауапты тұлғалар 2,5 млрд теңгеге 150 тұрғын үй салады. Жаңадан бой көтеретін шағынауданда мектеп пен балабақша тұрғызылады.
  • Ақтөбе облысында тұратын ГАЗель жүргізушілері әлеуметтік желі арқылы халықтан 3,5 млн теңге жинаған. «Жүректен жүрекке» еріктілері де ақша жиып, 500 мың теңгеге азық-түлік пен гигиеналық заттар сатып алған.
 
  • Дәулет Төлеутайұлы әлеуметтік желіде «Қайырымды жұма» науқанын өткізіп, 24 млн 297 мың теңге жинады. Ол бұл қаржыға мектеп бітіруші түлектер мен сынып жетекшілеріне 160 ноутбук сатып алды. Экономист ноутбуктерді 22 мамыр күні Мырзакент кентінде иесіне табыстайды.
  • Алматы халқы Мақтаарал ауданына 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде киім-кешек, төсек орын, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік, гигиеналық құралдар мен тағы басқа заттар бар.
 
  • Нұр-Сұлтан әкімдігі Түркістан облысына гуманитарлық көмек тиелген жүк мәшинесін жіберді. Жүктің жалпы көлемі 40 тонна. Оның ішінде 20 тоннасы бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пен жеке гигиена заттары бар. Сондай-ақ елорда Мақтаарал ауданына 300 литр су соратын арнайы сорғы станциясын жібермек. Құрылғы бір сағатта 1300 текше метр су сорады.
  • Қазақстан халқы Ассамблеясы Мақтаарал ауданына 16 жүк көлігіне тиелген 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Олар Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп 8 жүк көлігіне 98 тонна азық түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек пен басқа да тұрмыстық заттарды тиеді.
 
  • Nur Otan партиясы су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті.
  • Сондай-ақ Мақтаарал ауданына Ақтөбе облысы 50 тонна, Атырау облысы 150 тонна азық-түлік пен қажетті заттарды жіберді. Павлодар облысы 20 тонна көкөніс пен 20 тонна бірінші қажеттіліктегі азық-түлік берді. Қызылорда облысы Түркістан облысына 68 тонна гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігін жіберді.

Айзат Жолдасова