«Рұқсат бар, транспорт жоқ» – шетелде оқитын қазақстандықтар грантынан айырылуы мүмкін
«Рұқсат бар, транспорт жоқ» – шетелде оқитын қазақстандықтар грантынан айырылуы мүмкін
Фото: Интернеттен алынды
207
оқылды
Коронавирус пандемиясына байланысты жоғары оқу орындарының студенттері де қашықтан білім алып жатыр. Алайда өзге елде емтиханды дәстүрлі түрде оқу орнына барып, тапсыруы қажет, – деп хабарлайды «Хабар 24». Телеарнаның хабарлауынша, айдың соңына дейін олар білім ордасына бармаса, оқудан шығарылуы әбден мүмкін. Елдегі ахуалға байланысты бірқатар қазақстандық студент оқуларын жалғастыра алмай отыр. Олардың арасында шетелде оқитын азаматтар да аз емес. Студент Әлішер Ағыбаев: «Прагада дайындық курсында оқимын. Қазір қайта алмай жатырмын. Себебі, Чехияға ұшатын бірде-бір рейс жоқ. Ал, ҰҚК өкілі шекара ашылса, университетте оқитыным туралы құжаттама арқылы бара аласыз деген. Алайда, рұқсат болғанымен, транспорт жоқ. Мен 8 маусымда оқуға түсу үшін емтихан тапсыруым қажет. Егер үлгермесем, қаражатпен қоса, арманым да орындалмай қалады», – дейді. Өзге елде білім алып жатқан студенттер айдың соңына дейін визаның мерзімін ұзартуы тиіс. Сондай-ақ ақылы білім алушылар 2 миллионнан астам қаржысын жоғалтады. Ал ата-аналар грант иегерлері оқудан шығып қалуы да ықтимал дейді.
Студенттің анасы Ольга Мирошниченко: «Қызым биыл Италияның Турин қаласында оқуын бітіреді. Осы айда емтихан тапсыруы тиіс. Университет тарапынан жауап жоқ. Бірақ Италия 3 маусымда Еуроодақ үшін шекараны ашады. Біз күн сайын «Эйр Астананың» кестесін бақылаймыз. Оларға хабарласып та, хат жазып та көрдік. Жауап жоқ. Егер қызым емтиханға үлгермесе, онда гранттан айырылады», – деп отыр.
Отандық әуе компаниялар пандемияға байланысты барлық халықаралық рейстерді тоқтатқан. Ал «Болашақ» иегерлеріне алаңдауға негіз жоқ.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова: «Коронавирустың жаппай таралуынан наурыз айынан бастап қашықтан оқуға көшті. Оқудың дистанциондық форматқа көшуіне қарамастан, барлық степендиаттарымыз шәкіртақы алуда. Елге шыға алмай қалған студенттерде шәкіртақы алуда. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері біз оқуға жолдауды тоқтаттық», – дейді.
Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық степендиясы бойынша 16 елдегі 169 жоғары оқу орнында Қазақстанның 700-ден аса студенті білім алып жатыр.