Қадір мен қасиет
Қадір мен қасиет
424
оқылды

Мемлекеттік қызметке жастардың жаңа толқыны келе бастады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде жастарға көбірек иек артатынын мәлімдеген еді. «Сөз бергеннен, іс атқарған қайырлы» деген ұстанымды ұстанған Мемлекет басшысы 300 адамнан тұратын кадрлар резервін қалыптастыратынын мәлімдеген болатын. Мұның бәрі – қазақтың «Жас келсе – іске» деген даналық өлшеміне сай әрекет.

Меритократия деген бар. Бұл ұғым сөзбе-сөз алғанда «лайық­тылар билігі»дегенді білдіреді. Латынша meritus – лайықты және көне грекше κράτος – билік, басқару. Әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық ауқаттылығына қарамастан тәуелсіз, басқарушы лауазымдарды ең қабілетті адам­дардың иеленуін ортаға қоятын басқару қағидасы. Бірінші ма­ғынасы лайықты басқару­шы­лар­дың тағайындалуын жүзеге асы­ра­тын жүйе дегенді меңзейді. Кеңі­рек тараған екінші мағынасы дарынды және еңбекқор адам­дарға еркін бәсекелестік жағ­дайында жоғары қоғамдық мәр­тебеге иеленуге мүмкіншілік бе­ре­тін алғышарттарды аңғар­тады.

Меритократия ұғымын 1958 жылы М.Янг енгізген екен. Америкалық әлеуметтанушы Д.Беллдің «Постиндустриалды қоғамның қалыптасуы» еңбегі жарық көргеннен кейін (1973) «меритократия» ұғымымен бюро­кратия мен технократияны жоюға септігін тигізетін қоғамды бас­қарудың жаңа принципі атала бастаған.

Меритократиялық қоғам қа­зақша топшыласақ, «Әркімге – еңбегіне қарай» дейтін қағидатқа арқа сүйейді. Қоғамда әлеуметтік әділдік болуы керек. Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің оты­рысында Әділ Ахметов «Мери­тократия – қадір-қасиет деген ұғымды білдіреді» деген сөз айтты. Осы жиында Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко: «Біз ассамблеяның жұмысына қазақ зиялыларын, қазақ жаста­рын тартуымыз керек. Бірлік пен келісімді ту етіп келеміз. Мем­лекетті құраушы ұлт (қазақ деп түсініңіз) екенін дұрыс түсініп отырмыз. Соңғы оқиғаларды сараптай отырып, жастарды, қазақ зиялыларын белсенді түрде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына жұмылдыруға тиіспіз. «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген мықты азаматтар баршы­лық. Жетістікке жеткен азамат­тарды ассамблеяның жұмысына араластыру керек. Біз қазақ тілін үйрету жұмысын күшейтуіміз керек. Әсіресе, жастар арасында. Қазақ тілін білетін жастар флаг­ман, үлгі болып, осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Біздің бәріміз қазақ тілінің әлеуметтік, экономикалық лифтке айналға­нын түсінуіміз керек», – деді.

Қазір елмен сөйлесе алатын, елге сөзі өтетін қадір-қасиетке ие адамдардың жаңа шоғыры шығуы тиіс. Жағдай өзгерді. Қоғамдық сана өзгерді. Қазақ тілі әлеуметтік, саяси және экономикалық кате­горияға айналды. Осындай жағ­дай­да атқарушы билікте ұлтын сүйе­тін, адал, әділ азаматтар ірік­теліп шықса ғана біздің көшіміз оң­ға басады. Осыны мықтап ес­керуіміз қажет.