Баспанаға қатысты кезекті заң
Баспанаға қатысты  кезекті заң
323
оқылды

Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалы­ғымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы айқындалды.

Оған сәйкес, келесі аптадағы жиында депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда талқылайды деп күтілуде.

Заң жобасы атап айтқанда, кондоминиум объектілерін бас­қару және күтіп ұстау бойынша қызметті, сондай-ақ оны ресімдеу тәртібін реттеуге; ортақ мүлікті күр­делі жөндеу үшін ақша қара­жа­тын жинауға; осы процес­терге меншік иелерін қатыстыруға, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспек­ция­­сын тартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық сала­сының бірыңғай мемлекеттік ақпа­раттық жүйесін құру мүмкін­дігін қарастырылған. Құжаттағы жаңалықтар кондоминиум ныса­нын ұстап тұруға қажетті қара­жат­тарды басқару мен шығын­даудың ашықтығын арттыруды; сервистік компанияларды дамы­туды; тұрғын үй шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заң­на­мадағы олқылықтар мен қай­шы­­лықтарды жоюды көздейді.

Сонымен қатар депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылы­ми-техникалық ықпал­дастыққа қатысты халықаралық ынтымақ­тас­тық туралы келісімді рати­фи­ка­­циялайтын заң жобасын да қарайды деп күтілуде.

Бұған қоса, бюро алдағы оты­рыстың күн тәртібіне Мәжіліске енді ғана енгізілген заң жоба­ла­рын да қосты. Олардың қатарында лотереялар және лотерея қызметі мәселелері, көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша қол­даныстағы заңнамаға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары, сондай-ақ Еура­зия­лық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді рати­фи­кациялау туралы заң жобасы бар. Бұларды депутаттар жұмысқа қабылдап алып, олар бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін бекітуі керек.


Елдос СЕНБАЙ