Интеграция – ұтылу мен жұтылу емес
Интеграция – ұтылу мен жұтылу емес
344
оқылды
Қайбір күні Қасым-Жо­март Тоқаев Еуразиялық эко­­но­микалық кеңестің онлайн форматта өткен оты­ры­сында одақтың стратегиялық құжа­тын сынап тастады. Ол шикі жобаны толықтыру қажет еке­нін алға тартып, «бұл стра­тегия Үкімет пен Парла­мент­тің дер­бестігін шектейді» де­ген қаупін жа­сырмады. Қа­зақстан қоғамы Прези­дент­­тің мәлімдемесін сан-сақ­қа жорып жатыр. Одаққа мүше бес мемлекет­тің бас­шылары қатысқан видеокон­фе­­рен­­цияда Қасым-Жомарт Тоқаев мей­лінше қатқыл сөйледі. «Денсаулық сақтау, бі­лім, ғылым салаларын ЕЭК құзы­ре­тіне толық көлемде беру оның эко­номикалық бағытын ай­тар­лық­тай өзгертуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық эко­но­­микалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», – деді Президент. Рас, Еуразиялық экономи­ка­лық одақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Бірақ бұл идеяның ешқандай саяси астары болмаған. Елбасының ниеті ТМД кеңістігінде өз алдына шаңырақ кө­терген республикалардың эко­но­микалық байланысын қал­пына келтіру еді. Одақтың рес­ми сайтында «ЕАЭО мақсаты – ұлт­тық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олар­дың бәсекеге қабілеттігін арт­тыру және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін өсіруге жағдай жасау» деп жа­зыл­­ған. Ұйым ақпаратында ЕАЭО-да тауар, қызмет, капитал мен жұмыс күшінің қозғалу ер­кін­дігі, сондай-ақ экономика сала­ларындағы үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етілетіні атап айтыл­ған. Тоқаевтың тоқпақпен ұрған­дай сөздері Путинге жайсыз ти­ген сияқты. Сырт көзге оның әл­петі құбылып, шекесі тырысып, әлдебір қағаздарды ақтарғансып, кәдімгідей жақтырмай қалғаны бірден көрін­ді. Неге? Себебі Кремль­дің мысық­та­бан­дап жа­қын­дау арқылы одақты сая­си­лан­дыру жөніндегі жоспары тағы да тығырыққа тірелді.  

Кеңес Одағын жаңғырту мақсат емес

Қазақстан бұған дейін де Мәс­кеудің мұндай баста­ма­ла­ры­нан бас тартқан. Мысалы, жыл басында Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Ал­матыда өткен басқосуда спорт, туризм, экология, денсаулық сақ­тау және білім саласын Еу­ра­зиялық одақтың жұмыс жос­па­рына енгізуді ұсынды. Ал Асқар Мамин мәймөңкелеп отырмай: «Еуразиялық одақтың әу бастағы келісімшартында көр­се­тіл­ген міндеттердің шегінен шық­пау маңызды. Бұл одақ тек эко­но­микалық әріптестік мақ­са­­тында құрылған» деп ресей­лік әріптесін жалма-жан тойтарып тастады. Түрлі деңгейдегі басшылар одақ шеңберін кеңейтуге неліктен үзілді-кесілді қарсы шыға береді? Өйткені Қазақстанның ұйымдағы ұстанымы бесенеден белгілі. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Кеңес Одағын жаңғырту немесе қайта тірілту деген жоқ және бол­­мақ емес. Ол – тек өткеннің елесі, долбар мен жел сөз ғана. Бұл мәселеде Ресей, Беларусь және өзге елдердің басшылығымен көз­қа­расымыз толық үйлеседі» деп Алаштың алаң көңілін уатқан. Көзқарастары қаншалықты үйле­сетінін қайдам, әйтеуір қа­зақ билігі Ресеймен алыстан сый­ласуға тырысады. Біздің ойымызша, ең басты себеп – көршіміздің империялық пиғылы. Кремль бұл одақты әуелден-ақ экономикалық мақсаты бар, на­рық­қа бейімделген интеграция деп емес, идеологиялық сипа­ты басым саяси жоба деп қарас­ты­ратын сыңайлы. Мәселен, Мәскеу ара-тұра ортақ валюта ен­гізу, ортақ қаржы орталығын құру, ортақ ақпарат алаңын ашу, ішкі-сыртқы шекараларды біріге бақылау сынды ұсыныстар жасап тұрады. 2014 жылы құжатқа қол қойылғалы жатқанда Ресей келісім ішіне өзінің геосаяси мүддесін кіргізуге тырысқан деседі. Мақ­са­ты – ТМД кеңістігін тырп еткіз­бей бақылау. Бәзбіреулер ортақ парламент, ортақ паспорт, ортақ азаматтық деген әңгімелерді де қоңырсытып қояды. Алайда соңғы оқиғалар, әсіресе Қырым аннексиясы одаққа мүше елдерді үркітіп жіберген секілді.  

Интеграция деген өзгеге басыбайлы болу емес

Мамандардың көбі осы одақта жетекші рөл Ресейге тиесілі және негізгі пайданы да сол көреді деп санайды. Оны дәлелдеу үшін бәрін жіпке тізбей-ақ, отандық автонарыққа назар аударайық. 2011 жылы күшіне енген Кеден одағында шетелдік көліктерге са­лынатын баж салығы күрт өсті. Бес жылдан асқан және қоз­ғалт­қыш көлемі 1 800-3 000 текше сантиметр көліктерге кедендік баж әр сантиметр кубқа 4 еуро болды (бұған дейін аталған көрсеткіш 8 есе төмен еді). Халық 2011 жылға дейін қозғалтқышы 1 800 текше сантиметр Toyota Camry көлігіне 1 035 доллар баж салығын төлесе, одан кейін дәл сондай кө­лік үшін 7 476 доллар төлеуге мәж­бүр. Ең өкі­ніштісі, жаңағы са­лықтан түс­кен миллиардтаған ақ­шаның басым бөлігі Ресейдің қазынасына құйылады. Беларусь пен Ресей арасында сауда жөніндегі дау-дамай, Қазақстан мен Ресей ара­сында кеден мен саудаға қа­тыс­ты түйткілдер, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы ара­­сында шекарадағы бөгет мәселелері де үнемі қайталанады. Саясаттанушы Досым Сәтпаевша саптасақ, «Еура­зия­­лық экономикалық одақ әр аспаз өз тамағын әзірлеп жүріп, ошақ ба­сында қырқысып қалатын ас­үй­г­е ұқсайды». Сондықтан шы­ғар, кей сарапшылар бұл ұйым­ды күні батуға таяу уақытша құрылым деп топ­шы­лай­ды. Байқағанымыз, қазақ билі­гі Ресейдің интеграциялық бас­та­ма­­ларын біресе қолдаған сы­ңай та­­нытып, біресе кейінге ше­­­геру­мен келеді. Сырттай сы­па­йы­­лық сақ­тағанымен, енді еш­қа­шан бо­дандық ноқтасын ки­мейтінін ас­тар­лап жеткізеді. Сонау бір жылы Елбасы Ұлытау бау­райында берген сұх­батында тәуелсіздікке қауіп төн­діретін кез келген одақтан шы­ғып кететі­ні­міз­ді қадап айтқан. Еркін елдің тіз­гінін қолына берік ұста­ған Қасым-Жомарт Тоқаев та осы ба­ғыт­­та алған бетінен айнымас деп сенеміз.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ