Имидждік шарадан неге бас тартпады?
Имидждік шарадан неге бас тартпады?
326
оқылды
Әр саясаткер тарихтағы төл орнын ойлайды. Бұл – заң­дылық. Осы мақсатта бедел-ажарын көтерудің бар­лық тетігін, әсіресе ақпарат­тық-коммуникация құрал­дарын кең пай­далануы мүм­кін. Дегенмен саясат сахна­сындағы ірілі-ұсақты тұл­ғалардың бәрінің имидж арт­тыру шаралары тікелей мем­лекет мүддесімен тығыз қабысып жатса, орынды. Әйтпесе, ол мемлекетке зиян келтіреді, бюджетке салмақ түсіреді, қоғамның әділ сынына ұшырайды.  

Президент айтпай іс ілгерілемей ме?

Aiqyn және Egemen Qazaqstan газеттеріне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдықтан арылуға, сән-салтанатты шараларға бюджет ақшасын босқа шашуды тоқтатуға шақырды. Ізінше, Мемлекет бас­шысына ел Үкіметі «имидждік іс-шараларға бөлінген шығыс­тардың 30 миллиард теңгеге қыс­қартылғаны» жөнінде есеп берді. Қ.Тоқаев бұл істі құптады, әйткен­мен одан да зор нәтиже күтетінін аңғартты: «Бұл тек бірінші қадам ғана» деп нықтады ол.  Содан соң бұл мәселені бірнеше рет ескерт­кені бар. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов­тың айтуынша, имидждік шаралар бойынша сатып алулардың ең көп сомасы жергілікті бюджеттерде көзделді. Олар негізінен, қысқар­тылды. Жалпы сомасы 128,6 млрд теңге тұратын шығыстар жойыл­ды. Соның ішінде министр­лік­терден – 23 миллиард теңге, өңір­лерден – 26,6 миллиард теңге, ал квазисектор компанияларынан 79 миллиард теңге үнемделді.  

Аноним пікір де аса құнды

«Время» және басқа да басы­лымдар таяуда елорда әкімдігінің имидждік жобаға 125 миллион теңге бағыттағанын жария етті. Ресми тілде бұл «әлеуметтік желілерде және басқа интернет-платформа­ларда оң имиджді және беделді тиімді ілгерілету» деп аталыпты. Жұртшылыққа мәлім болған дерек­ке сәйкес елорда әкімдігінің Dasco DataCom ЖШС-мен бекіткен бірінші шарты «Астана әкімдігінің және құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне қатысты ЭВМ арқылы ақпараттық кеңістікте мониторинг жүргізу» деп аталыпты. Келісімде көрсетілгендей, Dasco DataCom басшысы шахматшы, қарапайым шенеунік болған, бүгінде өз ком­паниясын құрып, бюджетті игеріп жүрген Дәрмен Сәдуақасов. Бір қарағанда, компанияға тек әкім мен оның қызметкерлері тура­лы ғаламторда не жазылаты­нына шолу жасап отыру ғана жүктелгендей көрінуі мүмкін. Әкімдіктің өз жұ­мы­сын халық қалай бағалайтынын білгісі келгенінде ешқандай қылмыс жоқ. Бұл, тіпті «халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымда­масына сәйкес келетіндей. Егер олқылық уақытында әшкереленіп жойылып отырса, бұдан елге тек пайда келеді. Бірақ ақпарат құрал­дары анықтағандай, жергілікті билік туралы интернет материал­дарына мониторинг жасау – мәміленің тек бір бөлігі ғана екен. Техникалық сипаттамада жа­зыл­ғандай, «Тапсырыс берушінің имиджін ілгерілету» бөлімінде тіке­лей нұсқау беріледі: орындаушы компания қазақстандық және шетелдік ақпараттық-талдау алаң­дарында, форум, блог, жаңалықтар таспасында, әлеуметтік желіде ор­наластырылған теріс жарияланым­дарға үн қатып, пікір-комментарий жазады. Ол пікірлер тек оң немесе бейтарап ауанда болуы тиіс. Осы арқылы пікірталас қажетті арнаға түсірілмек. Мұндайды әрине, «бото­ферма» деп атайды. «Время» газеті қол жеткізген құ­жатқа сәйкес, пікір Facebook, VK, Одноклассники, Instagram алаң­дарында қалдырылуы тиіс. Олардың саны ай сайын мыңнан кем бол­май­ды. Бұдан бөлек, Dasco DataCom ай сайын осы желілерде оң не бейтарап сипатта мыңнан аса жарияланым орналастырады. 2019 жылғы тамыз­дан желтоқсан аралығында «әкім­дік­тің имиджін ілгерілету» ел қазы­насы үшін 36 миллион теңгеге түсіпті. 2020 жылдың басында қала әкім­дігі Д.Сәдуақасов компания­сына тағы 100 миллион теңгеге жаңа тап­сырыс береді. Рас, біраз уақыт өт­кен­де наурызда қосымша келісім бекі­тіп, тапсырыс сомасын 89 мил­лионға де­йін кеміткен. Алайда мем­лекеттің бұдан ештеңе үнемдемегені әшке­ре­ленді: аталған ЖШС он миллион тең­геден астам қосылған құн салы­ғын төлеуден босатылыпты, яғни он­сыз да пайдаға шықты. Басылым­ның хабарлауынша, Нұр-Сұлтан әкім­дігі Dasco DataCom ком­па­ния­сы­мен еш конкурс өткіз­бей, бір көз­ден сатып алу жолымен контракт бекітіпті.  

Әкімдік не дейді?

БАҚ-та таратылған осы дерек­тер­ге елорда әкімдігі түсініктеме берді: «2020 жылғы 13 ақпанда қалалық Қоғамдық даму істері басқармасы Dasco DataCom ЖШС-мен арада әкімдіктің және құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне қатысты ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізу қызметін көрсету жөнінде шарт бекітті. Аталған қызмет аясын­да мемлекеттік органның имиджін ілгерілету ісі жүргізілмейді. Ол тек БАҚ-қа мониторинг жүргізуді қарастырады, бұл қоғамдық-саяси ахуалды және халықтың әлеуметтік көңіл күйін ары қарай зерттеу үшін қажет. Соның қорытындысы бо­йынша қаланың әлеуметтік проб­лемаларын шешуге байланысты ұсы­нымдар мен жедел шаралар қа­был­данады», – делінген хабарламада.    width= Әкімдік отандық және шетелдік медиа кеңістіктегі барлық БАҚ тал­данатынын айтады. Өз кезегінде сарапшы­лар бұл үшін ел бюджетінен ондаған миллион аста-төк қаражат жұмсау­дың қажеті жоғына, Google, Yahoo, Bing, AltaVista, Yandex секіл­ді кең танымал, тегін іздеу жүйе­лерінен іздесе, солар бәрін тауып беретініне екпін түсіреді. Қоғамдық даму істері басқар­масы өз жауабында ғаламтордан сүзіп алынған арыз-шағымдар не­гізінде «елорда тұрғындарының тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылыққа, жолға, ПӘК-терге және басқасына қатысты өтініштері құрылымданатынын» жеткізді. «Мониторинг нәтижелері бойынша қорытындылар шығарылып, шара қолданылады», – дейді әкімдік.  

Сарапшылар неге таңғалды?

Белгілі блогер Ғалым Байтүк Нұр-Сұлтан әкім­дігі­нің пиарына жүздеген миллион ел қаржысы кетіп жатқанына наза­ланды. «1997 жылы туған Әзиза Әбілбек есімді бойжеткен басқаратын New Vision LTD ЖШС керемет олжаға кенелді: ол «сайттарға ақпараттық қолдау көрсету қызметі» атты лотты ұтып алыпты. Лот сомасы – 267,8 миллион теңге! Бұл Дәрмен Сәдуа­қасовтың фирмасы жеңіп алғаннан екі еседей көп. Егер Дәрмен шахмат гроссмейстері болса, онда мына бойжеткен – нағыз кемеңгер» деп жазды Facebook парақшасында Ғ.Байтүк. Оның мәліметінше, тендердің техникалық міндетінің бірі – «Нұр-Сұлтан әкімдігінің медиа орта­лы­ғының жұмысын ұйымдастыру және ақпараттық-коммуникация­лық қызмет көрсету. Қала әкімді­гінің қызметін жергілікті және рес­публикалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы жариялау» аталған. «Яғни, әкімдіктің жаңа пиар­шысы анықталды. Масқара, ақпа­раттық және имидждік қызметке қаншама ел қаржысы шығындалуда десеңізші? Ел бойынша жинаса, жүздеген миллиард шығады. Ол ақшаны адамдардың 4-5 тобы ғана қалтаға басуда. Олардың атына әр­түрлі фирма тіркелген, қағаз жүзін­де басшы тағайындалған. Бұл фир­ма­лар бір көзден сатып алу тә­сілімен барлық тендер-конкурсқа қа­тысып жатыр. Бүгінде хат қоржы­ныма күмәнді конкурстар және «блатной­лардың» компа­ния­ларына қатысты ақпарат тасқындап түсуде. Бұлар қаптаған имидждік және ақпараттық бағытты астына басты. Техникалық тапсырма да солардың ыңғайына қарай жа­зылады. Қара­пайым бизнесмен мұндай көп мил­лион­дық тендерді жеңіп ала алмай­ды» деген пікірде Ғалым Байтүк. Белгілі экономист Александр Юрин мемлекеттің игі имидждік шараларын шенеуніктердің өз мақсатына жұмсауынан сақтану керек деген ойда. «Мемлекет болғасын, имидждік іс-шаралар, форумдар, халықаралық спорт жарыстарын, көрмелерді өткізбей тұра алмайды. Шетелде Қа­зақстанды дәріптейтін жарияла­ным­дардың орындылығы бар. Ха­лықты ақпараттандыруды мем­лекеттік БАҚ жүргізе алады. Ал ел ішіндегі басқа имидждік шараларға сақ болған жөн. Орталық және жергілікті билік өкілдері халықтың мұң-мұқтажына құлақ қойса, мәсе­лесін сергелдеңге салмай дер кезінде шешсе, жұрттың өзі оның беделін көкке көтеріп әке­теді. Тіпті, шетел­ден келген қо­на­ғы­на мақтайды. Алайда бізде мил­лиардтар босқа шашылуда, ондай жобалардың мердігері болу бақытын иеленетін бизнес құрылымдар артында шенеуніктер мен квази­сек­тор ком­панияларының топ-ме­нед­жерлері тұруы ықтимал», – дейді сарапшы. Бұл жайт анықталса, дау-жанжалға соқтырып, билік имиджін тіптен бүлдіруі мүмкін. Жалғыз әкімдер ғана емес, ми­нистрлер де имидждік шаралардан аяқ тартпай отыр. Мысалы, дәрі­гер­лерді сақтандыру төлемақысымен және үстемеақымен толыққанды қамтуға ақша таппаған Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 жай­лаған шақта әлеуметтік желілерге арналған 5 қысқа «вирустық ролик» түсіру үшін агенттікке 21 миллион төлемекші болды. Қоғам сынына ұшырағаннан кейін ол райынан қайтқан сыңай танытты: мемсатып алу порталындағы жанжалды кон­курс туралы хабарламасын жойды. Әйткенмен, бейнероликтер түсі­ріліп жатыр.  

 width=Айхан ШӘРІП