9 миллион теңге шығын келтірген форель балығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
9 миллион теңге шығын келтірген форель балығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Фото: Интернеттен алынды
195
оқылды
Алматы облысының полицейлері 8500 форель балығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. 24 мамырда Талғар аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне форель шаруашылығының директоры жасанды су айдынында су беруді тоқтату салдарынан 8,5 мың қолда өсірілетін тұщы су форель балығының қырылғаны туралы арызданған. Директордың айтуы бойынша, жалпы шығын мөлшері шамамен тоғыз миллион теңге. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 204-бабы 1-бөлігі (бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. – Іс бойынша шығынның нақты сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды. Форель-лосось тұқымдас балық. Оның табиғи тіршілік ортасы-тау өзендері, сондықтан да ол таза ағынды суды қажет етеді. Оны өсіру үшін оңтайлы температура – 16-19 градус. Температура жиырма градустан асса өсім баяулайды, ал одан жоғары болса, балық өле бастайды. Форельдің жылуға сезімталдығы соншалықты, оны ерекше қолғапсыз қолға алуға болмайды, қалыпты дене температурасы балықты күйікке әкелуі мүмкін. Сондықтан да олар үшін таза судың тұрақты ағыны өте маңызды. Аталған жағдайдайда, шлюзді абайсызда жабу салдарынан балықтар қырылып қалған,– дейді Талғар аудандық Полиция басқармасының басшысы Ерлан Қасым. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде су беру шлюзін жапқан Талғар қаласының 37 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ұсталған адам мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылғанын Polisia.kz хабарлады.