Мемлекет басшысы Арысқа барды
Мемлекет басшысы Арысқа барды
381
оқылды

«Апат айтып келмейді». Арыстағы бүгінгі алапат жарылыс ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Бүкіл қазақстандықтар Арыс жұртымен бірге қамықты. Мемлекет басшысы да жағдайды өз көзімен көру үшін арнайы ұшып барды. Арыс қаласындағы эвакуациялық пунктке барып, Президент төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мемлекет басшысы қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз ету, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев азамат­тар­дың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мү­ліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажетін ес­керт­ті. Мемлекет бас­шысы Ішкі іс­тер министрлігіне, әсі­ресе, ба­лаларға ерекше көңіл бөлуді тап­сыр­ды.


– Осы тәртіппен жұмысты жал­ғас­ты­рыңыздар. Үкіметке қа­лаға және оның тұрғындарына кө­мектесу ту­ра­лы тапсырма беріл­ді. Қазір ең бі­­рін­­ші кезекте адам­дардың, қала тұр­ғын­­дарының қауіпсіздігін қам­­­­та­­­­масыз етуіміз керек. Екінші – көр­­сеті­летін кө­мек­тер. Арнайы қор құрылды. Арыс­қа бүкіл Қазақстан көмек­те­седі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшы­лы­ғына, ардагер­лерге ризашы­лы­ғымды біл­діремін. Жары­лыстың се­беп­терін анықтау қажет. Қылмыстық іс қоз­ғалды, тер­геу-тек­серу бас­тал­ды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрыл­ғы­­ның барлы­ғынан та­зар­тылуы тиіс, – деді Қазақстан Пре­зиденті.


Қасым-Жомарт Тоқаев өрт пен оқ-дәрілерден жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар бер­ді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Арыс қаласын аралап шықты. Қа­ланы аралау барысында Қасым-Жо­март Тоқаев оқ-дәрі қой­ма­сындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысан­дарын аралады. Қаланың қазіргі ахуалын ба­ғамдап көрді.


Қазақстан Президентіне эва­куа­­ция жұмыстарының барысы жә­не жарылыс ошақтарын тоқта­тып, өртті сөндіру жөнінде нақты мәліметтер берілді.


Мемлекет басшысы Ішкі істер ор­гандарының, Қорғаныс ми­нистр­­лігінің, жергілікті атқару ор­ган­дары­ның қызметкерлеріне ри­зашылық білдірді. Қасым-Жо­март Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс ат­қарылғанын айтты және жұмыс­тар­дың осы қар­қынын бәсеңдетпей, жалғас­тыра беруді тапсырды.

Сонымен бірге, Қазақстан Пре­зиденті облыстық клиника­лық ауруханаға барып, Арыс қа­ласындағы жарылыстан зардап шек­кендердің жағдайын біліп, көңі­лін сұрады.

Клиникалық ауруханада Мем­лекет басшысына жарақат алған­дар­дың жағдайы туралы баян­дал­ды.


Президент төтенше жағдай ай­мағында медициналық көмек көр­сету жұмыстарын ұйымдас­тыру үшін қосымша шаралар қа­был­дауды тапсырды. Қазақстан Пре­зиденті зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуына тілектестік біл­дірді.

Арыс 6.jpg