Заң алдында бәрі бірдей... емес
Заң алдында бәрі бірдей... емес
824
оқылды
Осы аптада Павлодар соты бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауовтың бостан­дығын 3,5 жылға шектеді. Сондай-ақ оның өмір бойы мем­лекеттік қызметпен ай­налысуына тыйым салып, наградаларынан айырды және 100 сағат қоғамдық жұ­мыс істеуге үкім кесті. Жал­пақ тілмен айтқанда, біздің «ізгі» сот экс-әкімді үйіне қоя берді. Жалпы, Қазақстанда жоғары лауазымды ше­неу­нік­тердің жеңіл-желпі жаза­мен сытылып кететіні қалай? Бұл халықтың билікке сені­міне селкеу түсірмей ме? Заң алдында бәрі бірдей деген қағида қайда? Бастапқыда Бақауов «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттi асыра пайдалану» бабымен ұсталған. Кейінірек іс «Лауазымын теріс пайдалану» бабына алмастырыл­ды. Негізі, бұл айып бойынша дүние-мүлкін тәркілеп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сөйтсек, Бақауов кінәсін мойындап, процессуалдық келісім жасаған екен. Тергеу материалына сенсек, Бақауовтың туысы басқаратын AksuTransLogistic компаниясы 2014-2018 жылдары мемлекетке 200 миллион теңгеден аса салық төлеуден жалтарған. Өз кезегінде экс-әкім Салық де­партаментінен тексеру қоры­тындысын өзгертіп, төленбеген салықты 5 миллион теңгеге дейін азайтуды талап етіпті. Биыл 16 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бақауовты кісендеп, 2 айға тұтқындады. Ең қызығы, әдетте құқық қорғау ор­гандары қандай ауыр айып тақса да, тергеу барысында жоғары лауа­зымды тұлғаларды темір торға қама­майтын. Оның үстіне, Бақауов «бар болғаны» қызметін пайдалану арқылы туысына көмектесуді көздеген. Ал ондай жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық Қазақстанда қалыпты құбылысқа айналғаны жасырын емес. Шым-шытырық хикая мұнымен бітпейді. Арада аз уақыт өткен соң Бақауов денсаулығы нашарлады деген желеумен үйқа­маққа ауысты­рыл­ды. Сот процесі кезінде прокурор Елена Белова экс-әкімнің  дүние-мүлкін тәркі­леу жазасын алып тастауды өтінді. Оның сөзінше, Болат Бақауовтың атында арам жолмен тапқан еш­теңе жоқ екен. Қыс­қасы, шенеунік үшін оқиға­ның басы қатты болға­нымен, аяғы тәтті болды. Әйтеуір, адамның ақы­лына сыймайтын түсініксіз нәрсе көп. Желідегі желауыздар «Бақауов – саяси ойындардың, яғни кла­нара­лық қақтығыстың құр­баны» деседі. Бірақ біз ұзынқұлаққа емес, ресми дерекке жүгінеміз. Ресми дерек былай дейді: осы уақытқа дейін ел қаржысын талан-таражға салған 30 мыңнан астам шенеунік ішкен-жегенін кері қайтарып, жазадан босатылған. Болат Бақауов та мемлекетке 165 мил­лион теңге төлепті. Қара­пайым қазақтың түсіне кірмейтін орасан соманы экс-әкімнің қайдан алғаны, әрине бізге беймәлім. Былтырдың өзінде жемқорлар мемлекетке 24,6 миллиард теңге көлемінде шығын шектіріп, 22,7 миллиард теңгенің орнын тол­тырған. Өйткені қазір Қазақстанда коррупционерлерге қатысты заң біршама жұмсарған. Сот қылмыс­кердің жеке басын, қаржылық мүмкіндігін, өзге де мән-жайын ескеріп, еселенген айыппұл та­ғайын­дай алады. Қылмыстық заң оған рұқсат береді.    width= Мойындау керек, кейбір шен­ділер мұндай айыппұлды инду­льген­ция (кешірім) ретінде қа­былдай бастаған секілді. Сондық­тан да заңнан қатты қаймықпайды. Заңның өзі солқылдақ. Мысал мыңдап саналады. Жалған тұл­ғаның атынан мамандандырылған экономикалық мектеп құрып, кәсіпкерлерді кедей отбасы­лар­дың балаларына «Айпад» сатып әперуге мәжбүрлеген Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбер­диева небәрі 6 миллион 312 мың 500 теңге (2 500 АЕК) айыппұлмен құтылды. Керісінше, Шымкентте мектеп асханасын жалдаған бизнесменнен 1,5 мил­лион теңге пара алған қалалық Білім беру басқармасы бастығы­ның орын­басары Ғабит Нысанов 45 миллион теңге айыппұлмен жазаланды. Назар аударыңыз, екеуінің айып­пұл айырмашылы­ғы – 7 есе. Әділет­сіздік пе? Әл­бетте, әділетсіз­дік. Сонда дейміз-ау, біз­дің сот шенділерге үкім шы­­ғарарда қандай негізге сүйе­неді? Қылмыс­тың сал­мағын тара­зы­лай ма, әлде биліктегі биік мәр­тебесіне қарай ма? Әрине, сыбайлас жемқор­лық­пен күрес аясында министрлер де, әкімдер де қапасқа қамалады. Бір қарағанда, бұл заң алдында бәрі тең деген алтын қағида сақта­латынына айқын дәлел сияқты. Алайда әңгіме әріде жатыр. Осы орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тө­рағасы Алик Шпекбаевтың бас­тамасы көңілге қонады. А.Шпек­баев бұдан былай жемқорлықпен сотталған мемлекеттік қызмет­керлер айыппұлдың арқасында жауапкершіліктен жалтармасын, жазасын кәдімгі қатаң режимдегі түрмеде өтесін және шартты түрде мерзімінен ерте босатылмасын деген ұсыныс жасады. Өте дұрыс дер едік. Әйтпесе, ондаған жылға кесіліп, 1-2 жылдан кейін рақым­шылыққа ілінген талайды көрдік: 10 жылға сотталып, 1 жылға же­тер-жетпес отырған Қуандық Бишімбаев пен Серік Ахметов, 5 жылға сотталып, 1 жыл 7 ай отыр­­­ған Бауыржан Әбдішев, 13 жыл­ға сотталып, 3 жыл отырған Ахметбек Ахметжанов, 10 жылға сотталып, қазынаға 2 миллиард теңге құйып, 2 айдан кейін еркін­дік­ке шыққан Қанат Сұлтанбеков, 3 жылдың орнына 1,5 жыл отыр­ған Жақ­сыбек Күлекеев... Бәрін жіпке тізсек, таңды-таңға ұрамыз. Тіпті, Ғалымжан Жақияновтан басқа жазасын толық өтеген ірі шенеунік еске түспей тұр. Демек, заң ал­дында бәрі бірдей емес. Себебі кейбір судья­лар заңмен емес, жоғарының бұй­рығымен немесе айыпталу­шының лауазымына байланысты шешім қабылдайтын секілді. Бұл пікірді тәуелсіз сарапшылар мен  қоғам белсенділері де айтып жүр. Қазақстан сот жүйесінің тәуел­сіздігі жөнінен әлемде 71-орын­­да тұр екен. Құқық үстем­дігі индексінде 65-орындамыз. Жақсы көрсеткіш деуге ұяласың, жаман көрсеткіш деуге на­мыс­танасың. Үкім шығарудағы жаңа­ғыдай ала-құлалық халықтың сот­қа деген өкпе-ренішін одан сайын өршітіп, заңды сыйла­мауына әкеп соғуы мүмкін.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ